«Бала қолымен» үлкендерге ой салды
Сіз полиэтилен пакеттердің қоршаған ортаға тигізіп жатқан зияны туралы не білесіз? Экосөмке ұстауға қалай қарайсыз? Табиғат-ананың болашағы сізді алаңдата ма? Осы орайда үржарлық оқушылар үлкен бір істі қолға алып, өңір халқын полиэтилен пакеттен бас тартуға үндеуде. Аудан орталығындағы «Гүлназ» сауда үйінің алдында ұйымдастырылған «Бала қолымен» атты экологиялық науқанға біз де куә болған едік.
Аудан орталығындағы І.Жансүгіров атындағы орта мектеп оқушыларының бұл істі қолға алғандарына біраз уақыт болыпты. Өйткені оларды туған жердің тағдыры қатты толғандырады. Қазір қазақ даласының демі тарылып тұр. Өйткені табиғат-ананы біз, адамдар, өз қолымызбен тұншықтырып жатырмыз. Қайда көз салсаңыз да, шашылып жатқан полиэтилен пакеттер мен дорбалар. Қалада болсын, далада болсын, бір көрініс. Енді бір он жылда не болатынын елестетудің өзі қорқынышты.
– Бүгінгі шараның мақсаты – «Бала қолымен» үлкендерге әсер ету. Өйткені полиэтилен пакетті үлкен кісілер күнделікті тұтынады. Біз полиэтилен пакеттің орнына экосөмке ұстаса дейміз. Бүгінгі акцияға оқушылар жиырма шақты экосөмке тігіп әкелді. Ол сөмкелердің сыртына балалар өздерінің қолымен «Жылулық сыйлаймын», «Анама», «Әжеме», «Бақыт ағашы» деп кестелеп жазды. Экоқозғалыс мүшелері акцияны «Гүлназ» сауда орталығында бекер өткізіп жатқан жоқ. Біз сауда орталығының қызметкерлеріне полиэтилен пакеттен бас тартсаңыздар деген өтінішімізді білдіріп жатырмыз. Осы акцияға кез келген адам қатысып, ойымызды тыңдаса, өзіне пайдалы дүниені түйіп алса, мақсатымыздың орындалғаны, – дейді І.Жансүгіров атындағы орта мектептің география пәнінің мұғалімі Гүлсім Тұмабаева. Айтуынша, полиэтилен пакет 1957 жылы алғаш рет АҚШ-та өндіріле бастаған екен. Жетпісінші жылдардың басында полиэтилен пакет өндірісі Еуропада да қарқын алады. Бірақ ол кезде ешкім мұның табиғатқа келтірер залалына бас қатырмаса керек. Небары 20 минут қана кәдеге жарайтын полиэтилен пакеттің ыдырау уақыты тым ұзақ. Тіпті 100-150 жылда шіритін көрінеді. 2002 жылы әлем бойынша шығарылған полиэтилен пакеттің саны 4-5 трлн. данаға жетіпті.
Бәрі бас тартып жатыр
– Жер-жердің барлығын қоқыс алып жатыр. Қазір әлемде 40-тан астам ел полиэтилен пакетті өндіруді және пайдалануды азайтуға көшкен. Мысалы, көрші Ресей 2008 жылдан бері биопакетке көшіп жатыр. Данияда 1994 жылдан сауда орындарында полиэтилен пакеттің саудасы 90 пайызға төмендеген. Ирландияда пакеттің бағасы қымбаттағандықтан, тұтынушылар қатары 94 пайызға азайған. Сингапур, Бангладеш, Тайвань 2003 жылдан полиэтилен пакеттерді пайдаланудан бас тартқан. Ендеше жері ұлан-ғайыр Қазақстан да полиэтилен пакетті тұтынудан бас тартуы керек, – дейді Гүлназ Сәлімқызы.
Осы мақсатта І.Жансүгіров атындағы мектепте бірнеше жылдан бері «Ақ ниет» тобы жұмыс істеп келеді. Сол топтың үшінші буыны «Үржар – менің ең таза, ең әдемі ауылым» деп, жел соқса, ауыл сыртында, арықтарда шашылып жататын полиэтилен пакеттің санын азайту мақсатында былтырдан бері түрлі акция ұйымдастырып жүр. Осы «Ақ ниет» тобының оқушылары Үржардағы кішігірім маркеттерде бір күнде орта есеппен 2500 полиэтилен дорба, 100 шақты пакет сатылатынын анықтаған екен. Ал аудан бойынша қанша дүкен бар? Ол жағын санаған әзірге ешкім жоқ. Ал осы полиэтилен пакеттер мен дорбалар отқа жақса, улы газ бөлетін, қоқысқа тастаса, топырақ пен суды ластайтын көрінеді.
– Әр адам өзін ғана емес, болашақ ұрпақтың жайын ойлауы, қоршаған ортаға көзқарасын өзгертуі қажет. Австралияда Кенгуру деген арал бар екен. Сол жерде полиэтиленнен бас тартқанда, 24 жастағы жігіт «Мен болашақ ұрпаққа қоқыстан жасалған таудың қалғанын қаламаймын» деп қуанған екен. Неткен патриот десеңізші! Сондай патриоттық сезім біздің адамдардың бойында болса деймін, – дейді Гүлсім Тұмабаева.
Бір қуанарлығы, І.Жансүгіров атындағы мектеп оқушыларының бастамасын қолдап, қуаттап отырғандар да бар екен. Солардың бірі – 70 жастағы ақ жаулықты әжеміз Мензипа Шөмшекова.
– Мен бүгінгі шараға жеті сөмке тігіп әкелдім. Таза матадан тігіп, қазақтың оюын жапсырдым. Балалардың бұл бастамасы маған өте ұнады. Осы І.Жансүгіров атындағы мектепте немерем оқыған. Мектептің жиналысына, түрлі шараларға үнемі шақырып отырады. Өзім ойлап қарасам, біз кем дегенде айына 15 пакет сатып алады екенбіз. Әрбіреуінің өзі 70 теңгеден деп есептегенде, отбасы бюджеті үшін біраз шығын. Біз үнемшіл емеспіз. Ал мынадай сөмкені әрі ұзақ ұстайсың, әрі тиімді. Экологиялық тазалық үшін мен осындай дорба ұстағанды қалаймын. Мүмкіндігім болса, денсаулығым жараса, мен бұл сөмкенің әлі талайын тігіп беремін. Бүгін үлгі болсын деп тегін әкелдім, – дейді қария.
Қолдайтын кәсіпкерлер табылды
Сондай-ақ бүлдіршіндердің бастамасы Меруерт Өкен, Жамила Шамаш есімді жеке кәсіпкерлерге де ұнап қалыпты. Олар – акцияны қолдап бірнеше экосөмке тігіп әкелген алғашқы кәсіпкерлер. Бірінің Үржардағы «Береке» базарының ішінде, екіншісінің «Азия» сауда үйінің екінші қабатында шағын тігін цехы бар.
– Экосөмке тігуді жалғастыру керек болса, жалғастырамыз. Біз әрқашан жақсы бастаманы қолдауға әзірміз, – дейді олар.
Осы орайда үржарлық оқушылардың бастамасын басқа өңірлердегі мектеп оқушылары іліп әкетіп жалғастырса, нұр үстіне нұр болар еді-ау.
Поли¬этилен пакеттердің зияны туралы халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, үндеу парақтарын тарату қажет. Өткен жылы еліміздің Энергетика министрлігі де полиэтилен пакеттерді, дорбаларды тегін таратуға тыйым салу бойынша қолданыс¬тағы заңнамаға өзгертулер енгізілетінін айтқан болатын. Танымал бизнесмен Марғұлан Сейсембай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында халықты пластик қорап, ыдыс-аяқтан бас тартуға шақырған болатын.
– Осы пластик жөнінде жүрген жерімде үнемі айтып жүремін. Пластик қорап, ыдыс-аяқ және басқа түрлеріне тыйым салу керек.
Бұл арқылы біз еліміздің экологиясы мен туризміне үкімет бағдарламаларынан артық пайда келтіреміз. Егер шынайы патриот болсаң, пластик қолдануға жоқ де! – дейді ол.
Осы орайда үржарлық оқушыларды өз Отанының нағыз патриоты демеске амал жоқ!
Мейрамтай Иманғали