Сұхбат

Бағдат Қайыржанов, Семейдегі Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры: – Оқушыны жеке тұлға ретінде тәрбиелейміз.

Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі  халықаралық мектептер кеңесіне мүше мәртебесі бар оқу орны болғандықтан, бұл мектепке ата-аналар мен жергілікті қоғамдастықтың артып отырған сенім жүгі ауыр. Себебі, бұл мектепке оқуға қабілеті жоғары оқушылар қабылданатындықтан олардың мүмкіндіктерін одан ары дамытып, рейтингі биік әлемдік жоғары оқу орындары мен еліміздің жоғары оқу орындарына түсуге ықпал етеді. «Мектеп ұжымы  жауапкершілікті терең сезінеді және әрқашан нәтижелі жұмыс істеуге ұмтылады», деді бізбен әңгімелескен мектеп директоры Бағдан Қайыржанов.

Зерттеушілік дағды дамытылады

Бағдан Тоқтамысұлы, биылғы  басты жетістіктеріңіз қандай?

– Барлық Назарбаев зияткерлік мектептері қоғам сенімін ақтап, нәтижелі жұмыс істеп, жетістіктерін жылдан-жылға еселеп келеді. Биылғы  ең басты нәтижеміз – осы оқу жылында шетел университеттері қабылдап жатқан түлектердің бірі «Лига плющаның» (шырмауықтар лигасының)  дүниежүзілік рейтингте 13 орында тұрған Пенсильвания университетіне қабылданып отыр. Бұл – өте  үлкен жетістік. Жалпы алғанда әр оқу жылы сайын мектеп бітірушілердің 10-14% рейтингі жоғары шетел университеттеріне, 35–40% Назарбаев университетіне қабылданады. Ал қалған оқушылар еліміздің айтулы университеттерінің студенттері атанады. Түлектеріміздің алды жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін еңбек етіп немесе білімдерін магистратура мен докторантурада жалғастырып жүр. Олардың дені  елімізде еңбек етуде, сол сияқты шетелдің трансұлттық компанияларында да жұмыс атқарып, шетел университеттерінде де ұстаздық етіп, тәжірибе жинақтауда. Кейін олар елімізге инновациялық технологиялар, ерекше жұмыс істеу мәдениетін әкелетініне сеніміміз зор.  Түлектеріміз әлемдік білім беру кеңістігінде және басқа да салаларында Қазақстанның имиджін арттырып, еліміз артқан сенімін үдесінен шығып отыр. Бұл біздің еліміздің болашағы үшін өте маңызды мәселе.

Осы ретте енді Назарбаев зияткерлік мектептерінің ерекшеліктері туралы айтсаңыз.

– Назарбаев зияткерлік мектептері негізінен жаһандану үрдісі ескеріліп, еліміздегі және әлемдік білім беру кеңістігіндегі озық тәжірибелерді кіріктіре отырып еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған. Сондықтан Назарбаев зияткерлік мектептері еліміздегі жалпы білім беруді дамытатын маңызды институт болып саналады. Қазіргі уақытта бұл мектептердің әлемдік білім кеңістігіне кіріккен халықаралық мектеп мәртебесі бар. Назарбаев зияткерлік мектептері Халықаралық мектептер ұжымының(CIS) аккредитациясынан өтіп отырады. Мектептің NIS-Programm білім беру бағдарламасы бірқатар дамыған елдердің білім беру жүйесімен мойындалған. Біздің мектеп миссиясы – қазіргі заманда жастардың жаһандық ойлау дағдыларының дамуы маңызды екені ескеріліп қабылданған, яғни, үштілді орта қалыптастыра отырып, оқушыларға сапалы білім беру және болашақ көшбасшыларды дайындау. Әлемнің жаһандануы әсерінен қоғамның, ата-аналардың, оқушылардың қажеттілігінен туындап отырғандықтан үштілді орта тез қалыптасты. Оқушыларымыз ағылшын тілі деңгейін анықтайтын IELTS сынағынан 8,5 балға дейін алып жатыр. Ал бұл сынақтың максималды балы 9 балл екенін ескерсек, оқушыларымыздың қандай деңгейге жеткенін байқауға болады. Осы жерде кейбір азаматтар тарапынан «мемлекеттік тіл қазақ тіліміздің жағдайы қандай?» деген сұрақтар туындап жатады. Қазақ тілін дамытуға білім беру бағдарламаларында басты назар аударылған. Оқу тіліне қарамастан Қазақстан тарихы, география, заң негіздері, қазіргі замандағы Қазақстан пәндері тек қазақ тілінде оқытылады. Тілді пән арқылы оқыту өз жемісін беріп жатыр, біздің түлектеріміз мектеп курсын аяқтағанда қазақ тілінен жақсы дағдылармен шығады. Оқу бағдарламаларында оқушының өздігімен жұмыс істеу, зерттеу дағдысын дамыту қарастырылған, ал бұл дағдылар оқушылардың сапалы кәсіптік білім алуының кепілі екені сөзсіз. Сапалы білімнің көрсеткіші ағымдағы оқу үлгерімімен және сырттай бағалау сынақтарының нәтижелерімен ғана емес, түлектердің жетістігімен, халықаралық білім тексеру өлшеуіштерімен және пәндік олимпиада, ғылыми жоба жарыстарындағы жетістіктермен қатар, тәрбие деңгейімен де анықталады. Кейінгі жылдары оқушылардың пәндік олимпиадалары мен зерттеу дағдыларын дамытуда да нақты жетістіктер бар. Республикалық, әлемдік деңгейде жеңімпаздарымыз бар. Олардың қатары жылдан-жылға артуда. Мысалы, биыл 11 оқушымыз пәндік олимпиаданың республикалық деңгейінде өз күштерін сынап, олардың ішінен 7 оқушымыз жүлдегер атанып отыр. Егер алдыңғы жылдары республикалық деңгейдегі жеңімпаздар саны 1-2 аралығында болса, бұл бағытта да дарынды оқушылардың өз мүмкіндігін іске асыруға жағдай жасау өз нәтижесін беруде. Халықаралық деңгейде де пәндік олимпиада жеңімпаздарымыз бар. Сол сияқты балалардың мектеп қабырғасында ғылыми жобалар арқылы өздерінің зерттеушілік дағдыларын дамытуға да көп көңіл бөлінеді, бұл бағытта да жүлдегерлеріміздің саны артып келеді.

Мектепте тәрбие жүйесі қандай жолға қойылған?

– Мектепте оқушыларды тәрбиелеудің өзіндік жүйесі бар және ол жүйе үнемі дамытылып отырылады. Әрбір параллельде жас ерекшеліктеріне және қажеттіліктеріне қарай оларды дамытуға арналған әртүрлі бағдарламалар іске асырылады: 7 сынып  – «Шығармашылық сенбісі»; 8 сынып – «Мәдениет»; 9 сынып – «Мамандықтар әлемі»; 10 сынып – «Дамыт. Өзгерт. Жетілдір»; 11 сынып – «Менің таңдауым»; 12 сынып – «Stress resistance».

Тәрбие жүйесі жан-жақты қалыптасқан жеке тұлғаны дамытуға бағытталған, оқу процесі мен тәрбие процесі біртұтас жүргізіледі. Педагогикалық процестің әдістемелік негіздерінің бірі ретінде аксиологиялық бағыт, яғни құндылық алынған. Жалпы мектеп қауымдастығына ортақ құндылықтар мен жеке бас құндылықтарын дамыту қатар жүргізіледі. Бұл құндылықтар ағымдағы тәрбие жұмысымен қатар, барлық Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі «Туған елге  –  тағзым», «100 кітап», «100 ән»,  «100 күй»,  «Екі апта ауылда»  сияқты дәстүрлі жобалар арқылы қалыптасады және дамытылады. Мектеп қауымдастығының ынтымақтастығын арттыруда «Шаңырақ» жүйесінің маңызы зор, мұнда бір шаңырақ астында өткізілетін әртүрлі іс-шаралар барысында үлкендердің кішілерге қамқоршылығы да  ескерілген. Сонымен қатар балаларымыз әлеуметтік жауапкершілікті де түсінеді. «Аялы алақан», «Жан жылуы», «Жүректен жүрекке», «Бақытты балалық шақ», «Біз біргеміз», «Жарқын болашақ», «Қарттарды аялайық», «Репетитор» сияқты  әлеуметтік жобалар арқылы балалар үйі мен қарттарға арнап ізгілікті іс-шаралар атқарады.

Кәсіби бағыт беру бағытында мамандық иелерімен кездесулер, кәсіпорындарға экскурсиялар өткізіледі. Ал балаларды өнерге, әдебиетке баулу үшін ақын-жазушылармен, өнер адамдарымен кездесу болып отырады.

Жалпы балалардың қажеттілігін қанағаттандыру мен оларды жан-жақты дамыту үшін әртүрлі үйірмелер жұмыс істейді. Қазір мектепте балалардың зияткерлік, шығармашылық-эстетикалық, спорттық, әскери-патриоттық 40-тан астам үйірмелер мен қызығушылықтарына байланысты 15 клуб жұмыс істейді.

         Әлеуметтік жауапкершілікті жете сезінеді

         – Педагог кадрларыңыз туралы да оқырмандарымыз білгісі келеді.

– Талабы жоғары халықаралық мәртебесі бар мектепте өз тәжірибесін үнемі дамытып отыратын мұғалімдер жұмыс істеуі керек. Жұмыс барысында сол талапқа сай мұғалімдер ұжымы қалыптасты. Мұғалімдерде осы жылдар арасында балаларды дамытудың өзіндік жүйесі қалыптасты. Көптеген мұғалімдеріміз өз пәні мен әдістемесі бойынша білім  беру саласының сарапшысы дәрежесіндегі деңгейге жетті. Бұл деңгейге жетуді мұғалімдер кәсіби шеберлігін төмендегі бағыттарда үзбей дамытып отыру арқылы іске асырды: атап айтқанда, Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымы ұйымдастырған курстарда, семинарларда,  жұмыс барысында әкімшілік қажет деп тапқан және өз сұранымы бойынша анықталған мектепішілік курстар мен семинарларда, дүниежүзілік білім беру кеңістігіндегі халықаралық білім беру ұйымдарының белгілі бір бағыттағы тренерлік сертификаттарын алуға оқу және тағы басқаларды айтып өтуге болады. Ұстаздар құрамында бір ғылым кандидаты, 48 магистр, екі докторант еңбек етеді. «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының алғашқы Топ-50 ұстаздардың қатарына елімізден тұңғыш рет біздің мектептің ұстазы еніп отыр.

Мұғалімдер ұжымы оқу-тәрбие жұмысымен қатар әлеуметтік жауапкершілікті де ешқашан естен шығарған емес. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған екі балаға банктен есеп ашып, еңбекақыларынан қаражат бөліп отырды. Ол балалардың біреуіне кәмелет жасына толғаннан кейін бір бөлмелі пәтер алып бердік, екінші балаға қор жиналып жатыр, ол бала да кәмелеттік жасқа толғаннан кейін қоныс тойын тойлайтын болады. Сонымен қатар біздің мектеп мұғалімдерінің бастамасымен Семей, Ақтөбе, Алматы, Тараз, Шымкент, Актау қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептері ұстаздарының патриотизм, азаматтық және экологиялық жауапкершілікті дамытатын «NIS Teachers Volunteers» клубы құрылып, жақсы жұмыс істеп  келеді.

Шетелдік мектептермен байланыстарыңыз бар ма

– Біздің мектеп Индияның Мумбай қаласындағы JBSN халықаралық бакалавриат мектебімен, АҚШ-тың Гавайи штатының Пунаху мектебімен және Болгарияның София техникалық университетімен қарым-қатынас орнатылған.  Бұл мектептермен ұлттық мәдениетпен таныстыру күндері, ашық сабақтар, балалардың өзара хат алысуы сияқты шаралар өтіп тұрады.

Назарбаев зияткерлік мектебі оқулықтарын қайдан алады?

– Назарбаев зияткерлік мектептерінде пәндік оқулықтардың авторлары  – арнайы дайындықтан өткен және осы мектептерде бірнеше жыл тәжірибе жинаған мамандар. Ол мамандардың ресурс таңдауда да тәжірибелері үлкен, сарапшы деңгейіне жеткен. Оқулықтар алдымен сынамадан өтіп, өңделіп барып, оқыту процесінде қолданылып отыр. Биылғы оқу жылында 10 сыныптың оқулығы сынамадан өтіп жатыр. Бұл оқулықтарға ұстаздарымыз сапасына жақсы баға беріп отыр. Мұғалімдер сонымен қатар әртүрлі ресурстарды да пайдаланады. Әрине кез келген оқу бағдарламасы мен оқулықтар белгілі бір уақыт аралығында қайта қаралып, жетілдіріліп отырылады.

 Сұхбаттасқан Раушан Нұғманбекова

Семей

 

Осы айдарда

Back to top button