«Дидардың» қонағы

Бағдат ЕСДӘУЛЕТОВА, сазгер, мәдениет саласының үздігі: – Рүстемді Өскеменге шақырғаныма өкінемін

Бағдат ЕСДӘУЛЕТОВА, сазгер, мәдениет саласының үздігі: –	Рүстемді Өскеменге шақырғаныма өкінемін


Қазақ өнеріне әулетімен үлес қосқан киелі шаңырақтар қатарында Есдәулет ұрпақтарының орны ерекше. Қазақ поэзиясының қаракері Ұлықбек, құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Рүстем, алпысқа жуық ән жазған Бағдат… Оразбай ұстаздың ұлағатты тәрбиесін көрген балалардың барлығы дерлік ұлтқа қызмет етіп келеді. Бүгін білім саласына һәм әкімшілік салада ұзақ уақыт қызмет істеп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған сазгер Бағдат Оразбайқызымен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Алпысқа жуық әнім бар

– Бауырларыңыздың бәрі ақын. Сіз қалай музыка саласын таңдадыңыз?

– Әке-шешем мұғалім болды. Анам Роза қазақ тілі әдебиетінен, әкем Оразбай физика, химия пәндерінен сабақ берді. Анам мандолин мен домбырада жақсы ойнайтын, маған Абайдың, Ақанның әндерін жаттатты. Мен бес жасымнан ән айта бастадым. Анамның ықпалымен музыкаға жақын болып өстім. Үйіміз Зайсан ауданы Үлкен Қаратал ауылында тұрса да аптасына екі рет аудан орталығына автобуспен келіп музыка сабағынан дәріс тыңдайтынмын.

Өзім бірінші сыныпты қазақ мектебінде оқыдым да, келесі жылдан бастап көрші ауылдағы орыс мектебіне ауыстым. Әкем мектептегі кәсіподақ ұйымының төрағасы еді. Бір жылы жаңа жыл мерекесіне орай әкем бүкіл мектеп ұжымына сыйлыққа билет үлестірді. Оның бірнеше данасын отбасы мүшелеріне де әкеліп сыйлады. Осы сыйлықты билеттердің ішінен Ұлықбекке күйсандық шықты. «Сыйлықты Киев қаласындағы заводтан аласыздар» деген хат келді. Ақыры өздері Алматыға пойызбен жіберіп, оны әкем Жалғызтөбе станциясынан күтіп алып, үйге әкелді. Соның құрметіне үйде неше күн той болы. Бұл менің бесінші сынып оқып жүрген кезім болатын. Осы күйсандық менің музыкаға деген әуестігімді оята түсті. Бос уақытымызда соның тілшіктерімен алысатынбыз. Содан оныншы сыныпқа дейін аудан орталығына барып-келіп арнаулы музыкалық білім алдым. Неміс тілін сүйіп оқыдым. Бірақ мектеп бітірген соң, Өскемен қаласындағы педагогикалық институттың музыка факультетіне оқуға түстім.

– Қанша ән жаздыңыз?

– Қазірге дейін алпысқа жуық ән жаздым. Алғашқы әндерімді 5-6 сыныптарда жаза бастадым. Негізі, Ұлықбек те орысша оқуы керек болған, бірақ мінезінен алаңдаған ата-анам бауырымды қазақ мектебіне берді. Екеуіміз бірге отырып сабақ қараймыз. Ұлықбек көбінде өлең жазып отырады. Мектеп кезінде жазған өлеңдерінің көбінің алғашқы оқырманы мен болдым. Сол кезде кейбір өлеңдеріне ән жазып жүрдім. «Қараталым – ауылым», «Зайсаным» деген әндеріміз сол оқушы кездегі алғашқы еліктеуімізден туған еді. Бұл 6-7 сыныптарда оқып жүрген кезіміз.

– Танымал әндеріңізге тоқтала кетсеңіз.

– Тоқсаныншы жылдардың басында «Қазақстан» телеарнасында «Хит әндер» деген жоба бар болатын. Қай әншілердің әні көп орындалды, қай әндерге сұраныс көп деген мақсатпен ұйымдастырылған жобада Ақбота Керімбекованың орындауындағы «Қызғанамын» деген әнім үздік деп танылды. Қанбибі Есенқараеваның сөзіне жазылған ән болатын. Тағы біраз әндерімді Махмұт Тойкенов, Гүлия Қасенова сынды әншілер орындап жүр. Әндерімнің көбі Ұлықбектің өлеңдеріне жазылыпты.

Бағдат ЕСДӘУЛЕТОВА, сазгер, мәдениет саласының үздігі: –	Рүстемді Өскеменге шақырғаныма өкінемін

Балаларға арнап бағдарлама жасадым

Бағдат ЕСДӘУЛЕТОВА, сазгер, мәдениет саласының үздігі: –	Рүстемді Өскеменге шақырғаныма өкінемін

– Сіз 20 жылға жуық уақыт білім саласында жемісті еңбек етіпсіз…

– Жоғары оқу орнын бітірген соң, Зайсан аудандық музыка мектебінде жұмыс істедім. Бұл наурыз мерекесі алғаш тойлана бастаған кез болатын. Үй тапсырмасына берген бір оқушымның аталмыш мерекеге орай жазған өлеңі ұнап, мен ән жаздым. Көп өтпей бұл ән «Қазақстан мектебі» деген журналға шығып, іле-шала ғылыми институтта зерттеліп, оқулыққа енді. Сөзін Меруерт Сарынова деген оқушым жазып еді, артынан естісек апасы көмектесіпті.
Зайсанда біраз жыл жұмыс істеген соң, отағасының жұмысына байланысты Өскеменге келіп №43 мектепте ұстаздық жолымды жалғастырдым. Сол кезде еліміз енді Тәуелсіздік алып жатқандықтан, балаларды оқытатын жөні түзу бағдарлама болмады. Ақыры директордың тапсырмасына орай бір жыл ішінде бағдарлама жасап шықтым. Оқушыларға арнап ән жаздым. Сол әндерімнің біразы қазір мұғалімдер арасында кең таралып кетті. Жасалған бағдарламаны кейін мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін пайдаландық.

– Ұзақ уақыт театрда басшылық қызметте болдыңыз. Өскеменге Рүстемді сіз шақырдыңыз ба?

– Ол кезде мәдениет басқармасының басшысы Түсіпхан Түсіпбеков ағамыз болатын. Облыс әкімінің сол кездегі орынбасарларының бірі театр саласындағы жұмыстарды қатал сынапты. Мен театр директорының орынбасарымын. Басқарма басшысы мені шақырып алып, жақсы режиссер тап деді. Еңбекақысы да мардымсыз жұмысқа қайдан білікті мамандар келе қойсын. Ұлықбекке шықтым. Ол «Рүстемге айтып көр» деді. Бірақ, «Қазақстан» арнасында жұмыс істеп, енді танылып келе жатқан бауырымды алғашқыда мұнда шақырғым келмеді. Содан бір қойылым қойып бер деп шақырдық. Келді, Ғалым Байбатыровтың комедиясын сахналады. Қазақ труппасының үшінші маусымашарын сол қойылыммен ашты. Халық көп жиналды. Қойылымды көрген басшылық «баспана береміз, барлық жағдайыңды жасаймыз, осында қал» деп ұсыныс айтты. Екі айдан кейін Өскеменге көшіп келді. Уәде берген басшылар ауысып кетіп, Рүстем көп уақыт баспанасыз жүрді. Қиналған кездерінде маған келіп «кетемін» деп қиғылық салатын. Бірақ өзі жасақтаған ортаны қимайтын.

Рүстемнің басшылыққа келуіне қарсы адамдар да болды

Бағдат ЕСДӘУЛЕТОВА, сазгер, мәдениет саласының үздігі: –	Рүстемді Өскеменге шақырғаныма өкінемін

– Театрдан неге кетіп қалдыңыз?

– Артынан театрдың директоры зейнет демалысына шықты. Екі труппаны бірдей ұстайтын адам керек болды. Жан-жақтан басшы іздеп шапқыладық. Ақыры ұжымдағы кейбір адамдардың ұсынысымен Рүстемді ұсындық. Дәл сол кезде өзі Петербор қаласына оқуға кетті, мен құжаттарын дайындап, байқауға салып жібердім. Жастығына қарап қарсы болғандар да болды. Орыс тілінің нашарлығын көлденең тартты біреулер. Ақыры Асанәлі Әшімовтің кеңесімен тағайындалды. Содан елдің ортасында «отбасылық театр» деген сөз шыға бастады. Ақыры мен Достық үйіне қызмет ауыстырып кеттім. Артынан сол жерден жұмыстан кеткеніме, тіпті Өскеменге шақырғаныма өкіндім… Сол жерден бес жыл жұмыс істеп зейнет демалысыма шықтым.

– Өнерге сіңірген еңбегіңізден әкімшілік салада істеген жұмыстарыңыз салмақтырақ па, қалай?

– Біздің өнер жолымыз заманның қиын күндеріне тура келді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өнер адамдарының жағдайы тіптен қиындай түсті. Кейбірі той қуып кетті, кейбірі тағдырдың тәлкегіне шыдамай, ішіп кетті. Жан бағу керек болып, әкімшілік салаға ат басын бұрдық.

Мен ғылыми атағымды қорғайтын кезде Алтыншаш Жағанова жетекшілік ететін «Руханият» деген партия болды. Сол партияның Астанадағы жиынына Шығыстан мені шақырды. Қорғайтын ғылыми жұмысымның өзі сол ұйымның ұстанымымен өзектес болатын. Сол партияның ықпалымен сөзім де осы өңірде өтімді болды.

– Қазір зейреткерсіз, бос уақытыңыз көп дегендей…

–Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анығында» ар-ұжданға байланысты арнайы бөлім бар. Тура осы бөлім қазақтар тұрғой орыс ғалымдарын да қатты таңғалдырыпты. Ғылыми тілмен жазылған осы кітапты халықтық деңгейде орыс тілінде жазып шықтым.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button