Бағдан Момынова профессор: Адамды алға жетелейтін нәрсе-жақсылық
«Атам құранды шидің арасына тығылып оқитын…»
– «Бағдан апай туған жерге қош келдіңіз! Әркімнің туған жері-мысыр шаһары». Кіндік кескен жерде өткен шақтарыңыз бүгінгіден басқа болды, қазіргі ауыл тұрмысына көңіліңіз тола ма?
– Мен Топтерек селосында дүниеге келіппін. Атам Момын Ысқақұлы діни сауатты, құранды бастан-аяқ аударып оқыған қари атанған кісі екен. Сонан соң ауылдағы жұрттың Момын ақсақал, Момын молда, молда ағаның баласы дейтіндерін әлі күнге дейін естимін. Момын атам туған-туыстарым мен әке-шешемнің айтуына қарағанда, өте таза, адал адам болыпты. Жан тазалығын айтып отырмын. Біздің елде атақты өнер адамдары туып-өскен Ақсуат дейтін ауыл бар, Зайсанды біздің ел Жайсаң деп те айтады, сол көлдің жағасында орналасқан. Сол жерден балық аулайды екен. Колхоз еңбеккүнді балықпен есептесіп, ел несібесін балықпен айырған кездерде, кейбір адамдар артық балық алып кететін көрінеді. Сол кезде атам, «Анау найсап күнә жасады» деп ренжитін көрінеді. Біреудің ала жібін аттамаған. Атеизмнің өршіп тұрған заманында ауыл адамдары қайтқан кісінің жаназасын ұрланып келіп атама шығартып алатын көрінеді. Біздің үйдің маңында қалың ши өсетін. Тұтаса өскен сол шилердің арасында жел өтпейтін үйдің ауқымындай ашық алаңдар көп. Сол алаңда құран оқылып, жаназа шығарылған. Бірақ сол жаназа қаншама ұрланып істелсе де, атамды екі-үш күнге ауданға тергеуге алып кетіп отырған. Кейіннен атамның қыздары: «Милиция көрсек, бойымызды үрей билейді. Атамды алып-кетіп, кейде апталап ұстайтыны, ол кісінің күйзеліп жүретіні әсер еткен болу керек»,-деп отыратын. Ол кісі Топтеректің жанындағы ауыл зиратында жерленген. 2008 жылы бауырларым Төлеген, Нұрлан, Нұржан граниттен жаңалап, құлпытас қойды.
Құрт пен сүзбені айыра алмайтын ұрпақ өсіп келеді
Мен балалардың алды болғасын кемпір-шалдың қасында жаттым, кейін апамнан бір елі ажырамайтын апасының, атасының баласы атандым. Апам 82-ге келіп өмірден озды. Ақсуаттағы бақуатты саудагер Сәрсенбайдың қызы болған. Ол кісі шашыма тіс пастасының ішкі сары жағын сыртына қайырып, «шолпы» тағып беретін. Әкем Қатай (азан шақырып қойған аты Мұқаметхан) зерек болғанмен, ауыл мектебінен әрі қарай оқи алмай қалған. Бірақ ауыл кітапханасының тұрақты оқырманы болғаны есімде.
Шешем Бәтен (Нұрбәти) бес ұлдың ішіндегі жалғыз қыз болып өскен, өте келісті, бұл дүниеден өткенше өңін бермеген адам болды. Алғашқы мұғалімім Ерхан Сыдықбаев әкем жағынан жезде болып келетін. Қолы алтын, өте шебер, ұста кісі еді. Топтеректегі, тіпті аудандағы ең алғашқы мұғалімдердің бірі. Ол кісі соққан сандық әлі күнге дейін қара шаңырақта тұр. Ең қызығы ол кісі, «4» қойған күні апам жездем мен Қалман апайдың үйіне барып, өкпесін айтып кететін. Кейіннен 2-сыныптың ортасында бұрынғы Зеленое, қазіргі Алғабас ауылына қоныс аудардық. Ол жердегі ұстазым Тастамбеков Қалиолла деген кісі болды. Осы мектепте сабақ берген Нұрсовет ағайды, Нұрғызар апайды, Ғалия апайды, Тоқан ағайды құрметпен еске алып жүремін. №3-мектептегі ұстаздарым Мариям Баксикова, Жамал апай, Есімхан аға Жүнісов, Сания апай Жүнісова сынды аяулы да құрметті ұстаздарымның еңбегіне баға жетпейді. Түрлі олимпиадаларға қатысып, математикадан жақсы нәтиже көрсеткен маған сол кездегі СДИ-ға (қазіргі Д.Серікбаев атындағы техникалық университет) жолдама берілді. Бірақ мен жанымның қалауымен КазГУ-ге келіп түстім.
Жастық шағым атақты «Досмұқасанның» жастық шағымен тұстас болды. Ал сол кездегі ауылдың өмірі қайнап жататын, әр үйден кешке қарай «Досмұқасанның» әндері шалықтайтын. Ауыл жастарының қолында гитара, клубта кино болады, маңы ығы-жығы, өте көңілді еді. Жазда екі ай еңбек етіп, киім-кешектік ақшаны тауып алуға болатын. Оқу бітірген маманның қол-аяғы жерге тимей жұмыс тауып алып жататын.
Қазіргі ауылға мен сол кездің және қала тірлігіне үйреніскен адамның көзімен қараймын ғой. Бірақ қазіргі оқу бітірген жастардың ауылға қайтуға деген құлшынысы аз. Қайтсе де үлкен шаһарда қалғысы келеді. Оларды кіналауға да болмайды, осылай істеуге ертеңгі өмірді, болашақты урбандалумен байланыстыруға өмірдің өзі мәжбүрлеп отыр ғой. Ауыл адамдарының тұрмысы жаман емес, бірақ тамақ тоқ, киім бүтіндікпен қалып қоюды жөн көрмейді де, балаларының қалада қалып, орын тебуіне өздері де қарсы болмайды. Бұрынғыдан бағыты бөлек заман ғой.
– Қазіргідей рухани жаңғыру кезеңінде сізді толғандыратын басты жәйт не?
-Президенттің рухани жаңғыруға байланысты мақаласында көп келелі мәселелер айтылған. Соған орай ұлттық-мәдени код туралы «Бақ.кз» сайтында мақалам шықты. Жалпы Президент тілін талдау, саяси көшбасшылар тіліне сараптама жасау менің тақырыбыма сай, көтеріп жүрген мәселелерімнің бірі. Кез келген ұлттың тілі арқылы салатын әлемінің суретінде рухани және материалдық код болады. Ол кодтарды жеткізетін тілдік бірліктер материалдық және рухани лексика деп аталады. Естеріңізде болса, Оралханның «Апамның астауы» деп аталатын әңгімесі бар. Сонда Оралхан шығыстағы салт-дәстүрге, қолөнерге байланысты біраз нәрсенің басын шалған. Ұмытылып бара жатқан мәселелерге бұрыннан-ақ көңіл аудартқысы келгені байқалады. Осы шығыс өңірінде туған жазушы К.Сегізбаевтың «Беласқанын» қараңыз, қаншама әлеуметтік мәселелер, салт-дәстүр, жол-жоралғы туралы ауыз толтырып айтарға тұратын фактілерді жинастыруға болады. Елде жырақта жүрген соң бізге анығырақ байқалады, шығыстың құрты мен сүзбесінің өзі неге тұрады?! Тұзға аунатып алатын басқа жақтың сүзбесі шешеміз жасаған майы сыртына шығып, сартап болып кебетін сүзбеге жете ме? Құрт пен сүзбені айыра алмайтын ұрпақ өсіп келе жатқанын байқаймын. Балаларыма айтып, түсіндіріп отырамын. Апаларымыздың кілегейін айтсаңшы, дәмі ауыздан кете ме? Сол кілегейге шылап жейтін қатырма нан мен тары, талқанды әлі күнге тамсана еске аламын. Қазақтың дәмі бөлек, ұлттық тағамдарының әр аймақта жасалу ерекшелігі бар, шығыста құрт жасау технологиясы ерекше болған, бұзылмаған. Ыдыс-аяғы да бөлек болады. Апаларымыз қазының, жылқының ішмайын қосып көтерген ірі-ірі бауырсақтар мөшек-мөшек (біздің елде қап емес, мөшек дейді) болып тойға дайындалатын. Сол бауырсақ кеппей, дәмі бұзылмай көпке дейін сақталатын еді.
Әліпбиді қалай қолайлы ете аламыз?
– Латын әліпбиіне көшу қоғамда қызу талқылануда. Латын әліпбиіне көшудің маңызы түсінікті. Ал әліпбиді жылдам меңгерудің, оқудың, үйретудің қарапайым да тиімді жолдары қайсы? Бұл ретте өздеріңіз қандай нұсқа ұсынасыздар, қандай қағиданы, ойды ұстанасыздар?
– Латын қаріпті қазақ жазуына көшуге қоғам дайын. Қай жобаны таңдау керектігі басты мәселе болып тұр. Қазірдің өзінде Елбасының алдына екі нұсқа барып түсті. Елбасы нұсқаның талқыланып, пікірталастардың еркін айтылуы керектігіне ерекше назар аудартып отыр. Алғашқы нұсқаның кемшіліктері көп айтылды. Бұл нұсқаның басты кемшілігі қазақтың төл дыбыстарының диграфтармен берілуінде еді. Ае, Ое, Uе сияқты диграфтық таңбалар дау-дамайдың нысанына айналды. Оның себебі де жоқ емес. Қазақ тілі агглютинативті тіл, яғни жалғамалы тіл. Бір сөздің ішінде бірнеше диграф келсе сөздің тұрқы ұзарып, жазуда да, оқуда да қолайсыздық тудыратыны анық еді. Егер түбірге қосымша жалғанса, сөз одан сайын ұзарып кетеді. Ал әліпбидің қолайлы болуы көзбен сөз тұрқының тез қармалуы, ал бір дыбысқа бір әріп бөлінсе, бұған қол жеткізуге болады. Бұл принцип ежелгі замандардан (б.ж.с.д. 4-3 ғғ. финикий, санскрит, арамей жазулары дүниеге келгенде ұстанған қағида) ұстанып келе жатқан оңтайлы принципке жатады. Дүниежүзі көптеген елдерінің әліпбиіне негіз болған бұл жазулардың осы принципінің дұрыстығын адамзат тани білген ғой. Екіншіден, жазу жылдамдығына да нұқсан келер еді. Өйткені, бір әріпті таңбалау үшін екі түймені басуға тура келеді. Егер сөздің түбірі дауыссыз дыбысқа бітсе, оған диграфтан басталатын қосымша жалғанса, ондайда дауыссыз дыбыстың саны үшке яки төртке көбейер еді. Кірме сөздерді жазуда көптеген қиындық туындайтыны да байқалды. Тілде гибрид сөздер бар, мысалы агроөнеркәсіп деген сияқты. Осы сынды сөздерді алғашқы нұсқамен жазып көргенде де кемшіліктер байқалды:
Geobotanika paeni XVIII-XIX hasyr bastarynda shet elderde ceke hylym retynde ósimdikter geografiasy caene ekologiasy retinde paida bola bastady. A.Gwmboldt birinshi ret keibir оusimdikterdyng cer betinde cylwlyq aeserinde taralwy twraly tuesinik bergen. Bul hylymda ousimdikter geografiasy dep atagan.
Algashqy zerttewshilerding qataryna shвeiцarifda Gliarws (1835 cyl) cumystarynda aertưrli ósimdikter qawymdastyqtaryn sipattap cazdy.
1849 cyly shвeцar botanigi Twrman (Thurmann 1849) flora caene ósimdikter arasyndahy aiyrmashylyqty anyqtap kórsetip olardy zerttew obektilerin botanika caene botanikalyq geografia dep bóldi. Осы келтірілген мысалдағы және – 4 таңба, caene – 5 таңба, әсерінде (8 таңба) – aeserinde (9 таңба) адамзат тәжірибесі қалыптастырған таңбаларды азайту принципіне қайшы. Қазақ тілінде объект сөзі орыс тілінің әсерімен жазылып келді, айтылғанда жуандық белгісінің орнына и естіледі, енді бұл сөзді қалай жазып, айту керек, ағылшын тіліндегі жазылуы мен дыбысталуы өзгеше екені де белгілі (обжект, собжект). Гумбольдт – Gumboldt (ағылшын, неміс тілдерінде) – жаңа нұсқада – Gwmboldt), ал жастардың, ағылшын тілін білетіндердің қабылдауы қиын, өйткені w жастардың тілдік ассоциациясында в-мен сәйкес, дүниежүзі осылай оқып-жазады, ол жағы ескерусіз қалған. Латынша x-ның икс (tarixy) деп оқылатыны қай нұсқада болмасын ескерілуі керек.
Латын графикасына көшу ұлт тілінің төл табиғатын, болмысын дұрыс беруге мүмкіндік беріп, онда әріптердің тілдегі дыбыстармен тең болуы ескеріледі деп тілші мамандар күтуде. Бірақ ұсынылып отырған нұсқаларда мағына айыратын қызметтерімен қалыптасып кеткен қ,х,һ дыбыстары бір ғана қ-ға ауысуына келісу қиын. Егер SHalhyndy (Шалғынды жер – сөйлем басында) мәнерімен жазатын бұл нұсқа қабылданып кеткенде, бас әріпті алу керек пе, жоқ па деген өткен ғасырлардағы проблема тағы да алдан шығар еді. Сондықтан ел Парламентіне ұсынылған алғашқы нұсқа туралы пікірлер қайшылыққа толы болды. Қоғам қабылдай алмады. Ал екінші нұсқаның да кемшіліктері жоқ емес. Ол апострофқа байланысты. Егер дәйекші тұтас сөзге қойылса, апостроф әріпке ғана қойылады. Қаламмен жазғанда апострофтар немесе диакритика қолды ұстайды, жазу жылдамдығы төмендейді, артық қимыл жасалады. Апострофпен келген дыбысты екінші дыбысқа біріктіру де қиын, жазғанда сөз үзіліп қалғандай әсер етеді. Бірақ бұл арада «бір дыбысқа – бір таңба принципі» сақталады. Меніңше, осындай кемшіліктер түзеле келе, көңілге қонымды, жазуға да, оқуға да, балаларға оқытуға, оларға түсіндіруге де қолайлы әліпби таңдалады. Әліпбидің бір нұсқасы қабылданып жатса, халыққа үйрету де аса қиын шаруа емес. Одан кейінгі шаруа тіл мамандарына тиесілі. Өйткені, сөз түрлерінің жазылуына байланысты ережелерді енгізу керек, оны ғылыми негіздеп, дәлелдеп, бекіту керек, бұдан да абыроймен өтеміз деп ойлаймын.
«Жас ақындар жырына тілдік талдау жүргізсем деймін…»
– Сіз өзіңіздің көптеген зерттеу, еңбектеріңіздің ішінде \”Қазақ\” газетіндегі қоғамдық-саяси лексика\”, \”Қазақ газеттерінің лексикасы-құрылымы мен жүйесі\” жайында да жазыпсыз. Осы тақырыпты әрі қарай жалғастыру ойыңызда бар ма? Уақыттың аздығынан қолға алынбай қалған немесе алдағы уақытта зерттеуге бел буып жүрген дүниелер бар ма?
-Өз қаламымнан туған 20-астам кітабым бар. Оның оншақтысы оқу үрдісінде қолданыста жүр, актімен енгізілген. Олар: «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (оқулық, Білім және Ғылым министрлігінің грифімен шыққан), «Қазақ тілінің морфологиясы» (Республикалық әдістемелік кеңес ұсынған оқу құралы), «Тілдегі жаңа бағыттар мен типтік қатынастар», «Газет лексикасы: жүйесі мен құрылымы» т.б. еңбектер. Еңбектерімнің ішіндегі өзім қатты бағалайтын, жақсы көретін кітаптарым бар. Соның бірі «Шәкәрім поэзиясының тілі: лексика-функционалды ракурс» деп аталады. Шәкәрім тілін Дулат, Абай тілімен салыстыра отырып, шығыс аймақты «интеллектуалды ақындар отаны ретінде» бағалап, ой қорыттым. Бұл аталған ақындардың бәрі де адамзаттық құндылықтар туралы айта алған, күнделікті тұрмыс тауқыметінен гөрі қоғам қажетін көбірек қозғап, бос сөзден гөрі философияны өлең тіліне көшірген. Абай мен Шәкәрім, Дулат – Абай – Шәкәрім арасына параллель желі тарттым. Ең бастысы, осы еңбегімді жосықсыз репрессия құрбаны болған ойшыл ақынның идиостилін, тілдік тұлғасын ашуға арнадым. Оның дүниетанымын білдіретін тілдік бірліктер, атап айтқанда, сөзден бастап сөйлем, фразеологизмдер, мәтін және оның құрылымындағы ерекшеліктерді, мәтіндегі ойды ұстап тұрған тірек сөздердің мәнін ашып, айта алдым деп ойлаймын. Поэзияда көркем, образды қолданыстар басым болатыны белгілі, бірақ Шәкәрім поэзияда терминдерді көркемдік құралы ете алған. Бұл кітапта Шәкәрімнің діни философиясы да сөз болды, Шәкәрімнің діни лексикасына сараптама жасадым.
Репрессия салдарына ұшыраған қазақ зиялыларының, оның ішінде ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы шығарған «Қазақ» газетінің тілдік талдауы репрессия шымылдығы түрілген кездегі алғашқы еңбектердің бірі болды. Бұл тақырыпты әлі де жалғастыру, тереңдету ойымда жүр.
Алдағы уақытқа байланысты, ойластырып жүрген біраз шаруалар бар. Соның бірі қазіргі жас ақындардың тіліне, қазіргі қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің мәтіндеріне тілдік талдау жүргізу ойымда бар.
Алғабас ауылындағы орта мектепте «Профессор Б.Момынова сыйлаған кітаптар» атты бұрыш бар. аудандық кітапхана қорына да біраз кітаптар табыстадым. Екі-үш рет толықтырдым да. Сол сияқты Д.Серікбаев атындағы техникалық университет пен С.Аманжолов атындағы мемлекеттік университетке біраз кітапты биыл қыркүйек айында сыйға тарттым. Бұл сый жасауға өмірлік серігім белгілі баспагер, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес көмектескенін айта кету керек. Бір кездері С.Аманжолов есімін беретін комиссия құрамында болып, алғаш рет жақын танысқан туған жердегі ірі университет ұжымы «С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті докторы» атағын берді.
– Кітаптарды сыйға тарттым деп жатырсыз. Бүгінде кітап оқитындардың қатары азайып кетті. Өзіңіз жақсы көріп, оқыған, жұртқа «оқыңыз» деп ұсынатын еліміздің немесе шетелдік ақын, жазушылардың туындылары қайсы?
-Кітап оқу – жанның рақаты. Сөздің бісмілләсын, әрине, ұлы Абайдың өлеңдерін, М.Әуезовтің «Абай жолын» оқыса деген тілекпен бастар едім, сонда қазақ халқының өмірін, тұрмысын, өткенін түсінетін ұрпақ жойылмас еді. Жастарға бір кездерде 200 том болып шыққан, дүниежүзі классик жазушылары мен ақындарының сериясымен танысуға кеңес берер едім. Ежелгі тарихты қозғайтын өзбек жазушысы Я.Ильясовтың «Согдиана» романын, Б.Жиенқұловтың «Томирис» романын айтар едім. Омар Хайямның әр жылдардағы әртүрлі аудармашылар тәржімалаған рубаяттарын оқыса, Шығыс классиктері неге классик атанғанын түсінер еді деп ойлаймын.
Жерлестеріме осы елден шыққан О.Бөкей, Қ.Ысқақов, Т.Ахметжанның, Ә.Асқаровтың және өзім қатты бағалайтын, талантты жазушылардың бірі ретінде Асқар Алтайдың шығармаларын оқуға кеңес берер едім. Ақын қыздарын қай аймақ болсын қатты бағалайды, сондай шығыстан шыққан ақын қыздар Г.Салықбайдың терең ойлы өлеңдері мен Ж.Әскербекқызының өлеңдерін қызыға оқитынымды айтқым келеді.
Қазір Президент жолдауына сәйкес 100 жаңа оқулық бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама бойынша ұсынылатын еңбектер қалай сарапталады, әлемдік аренаға шығуға қаншалықты көмегі тиеді т.б. мәселелерді уақыт көрсетеді. Тек дұрыс сарапталса деген тілек қана бар.
– Отбасыңызда өздеріңіздің жолдарыңызды қуған, ілім-ғылым жолына түскен балаларыңыз бар ма?
-Үш қызымыздың үлкені Назгүл мен ортаншымыз Ақбота – экономистер. Отбасылы. Екеуі де финанс және экономика магистрлері, әрі қарай жалғастыру, докторантураға түсу ойларында бар. Ақбота экономистерге арнаған бір оқу құралының авторы. Біздің жолымызды қуған кіші қызымыз Үміт қана. Оның филология мамандығы бойынша PhD докторы атағын алғанына үш-төрт жылдай болды, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де оқытушы, кафедра меңгерушісінің орынбасары. Үш тілде еркін сөйлейді. Үш қызымыздан Әбубәкір, Ален, Зере деген тәп-тәтті үш немере сүйіп отырмыз, шүкіршілік.
Дипломымды алып директордың үйіне барыппын
-Өміріңіздегі қиындығымен, қызығымен немесе тосын сыйымен ерекше есте қалған сәттер есіңізде ме?
-Өмірде ең бастысы отбасымның, айналамның амандығына тәубе етемін. Осындай қарбалас та болса, қызықты кезеңде өмір сүріп жатқан, өмір ағысынан қалмауға тырысып жатқан қазақ халқына кейде таңдана қараймын. Өмір өзгерген, ағысы жылдам. Тек «Халық қаласа, қара жерде кеме жүргізеді» демекші, қалаулары биік бола берсін, тамырын жоймаса екен деп ойлаймын.
Мен үшін амандық бірінші орында болса, екінші өзіме-өзім сый жасаған сәттерім – әрбір еңбегімнің жарық көрген кезі. Осы еңбектерімнің бәрінің кітап сипатын алуына техникалық жағынан көмектескен – сіңлім Әлия.
Бір өкінетінім, әп-әдемі дауысым бола тұра ән салуды да дамыта түспегеніме өкінемін. Үйде жалғыз отырып, ән салып, жанымды емдеймін, жанымды тазартамын.
Ерекше есте қалған сәттер бар, әрине. Университетті бітірген соң, ауылға қайттым. Қыркүйектің іші, оқу жылы басталып кеткен. Жұмыс мәселесі қиындап кеткен кез. Дегенмен мен ауданға емес, алдымен өзім оқыған мектепке бардым. Балалық қой, ауданға, әкімшілікке барып жұмыс іздеу ойға да кірмейді. Бірден дипломымды алып директордың үйіне бардым. Бар ойым – мектепке орналасу, сабақ беру. Ол кезде мектеп директоры Мұқанов Сламхан ағай еді. Таңертең сағат 7-лерде үйіне бардым. Тома апай шай берді, ал ағай мені машинасына отырғызып алып, аудан орталығына апарды, сол жерде мәселе оңынан шешіліп, Совет орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып шыға келдім. Үй-ішімізбен қуандық, әсіресе, үйдегі үлкендер қатты қуанды. Алдымнан алғашқы шәкірттерді өргіздім. Сөйтіп, жолымды ашқан осы кісілердің жақсылығы ерекше есімде қалды. Өмірде жақсы кісілер, азаматтығы, адамгершілігі жоғары кісілер көп кездесті. Олар өмір мектебінен өткізді, адамды тек қиындық пен ауыртпалық шыңдайды деген көзқараспен келісе бермеймін, адамды алға жетелейтін, талмауға үйрететін бір нәрсе болса, ол – жақсылық. «Жақсылыққа – жақсылық», міне, нағыз өмір мектебінің қағидасы осы деп білемін. Нағыз адамның принципі осылай құрылуы керек.
Облыстық газеттің аймақты танытатын атауы болуы керек
-Оқырмандарымызға, жерлестеріңізге айтар тілегіңіз қандай?
-Көкірегімді елге деген, туған жерге деген сағыныш кернеп тұрады. Тіпті жас ұлғайған сайын ол да ұлғайып келеді-ау. Қазақстанның шығысы табиғаты әсем, тауы да бар, жазығы да көз жеткісіз ауқымды, өзен-суы мол керемет жер. Шөбі шипалы, адамдарының пейілі кең, аңқаулығы басым елміз ғой. Олай дейтінім, әнебір жылдары қатты жер сілкінісі болып, зардап шеккенде, ауыл-үйді аралап, көмек бермекші болып мәлімет жинаған комиссияға, үйдің жарылған қабырғалары көрініп тұрса да, ол бұрыннан бар жарық қой, не қыласыңдар дейтін адамдар болған.
Қазақ тарихында алғашқы мектептер ашылған, қазақтың жазба әдеби тілінің негізі қаланған, ақындары мен батырлары бар, қарсы беттегі қалың елдің жанында сан ғасыр бойы жүрегі дір етпей өмір сүріп жатқан, алты ай қаһарлы қыстың аязына шыдап, жазға жеткенде пейілі кеңіп сала беретін жерлестеріме өсіңдер, өніңдер деймін. Туған өлкенің, шығыстың тарихы тәуелсіз Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазыла берсін.
Ал «Дидар» газетінің ұжымына шығармашылық табыс тілеймін. Мен, шығыстағы бас басылымның, бір кездері «Коммунизм туы» аталған газеттің аймақты танытатын атауы болса дер едім. Оралда «Орал өңірі», Астанада «Астана ақшамы», Алматыда «Алматы ақшамы», «Огни Алатау», «Жетісу» т.б. газеттер бар. Атырауда «Атырау азаматы» деген аты айқайлап тұратын телебағдарлама бар. Атыраудан шыққан, танымал азаматтарды түгендеп, еліне таныстырып отырады. «Дидардың» да құралақан емесін көріп отырмыз, «Дидардың қонағы» болған жақсы, бірақ осы өңірмен байланысты атау керек шығар деп ойлаймын. Мен бұл тілегімді осы саланы зерттеген маман ретінде айтып отырмын. Ол дәстүр кеңес дәуіріне дейін болған. Қазақ даласында 1917 жылға дейін 80-нен астам газет-журнал шыққан екен. Олардың аттарынан қай жерден шыққаны байқалып тұрады, мысалы, «Омич», «Торғай газетасы», «Түркістан уәлаяты» т.б.
Ресейліктер «Русский Алтай» дегенді соңғы кезде өте жиі айтады. Газет атауында топонимикалық атаудың болуы саясат үшін де маңызды. Өр Алтайдың топонимикасын зерттеген жерлестеріңіз Б.Бияров деген ғалым бар, топонимикалық атаулардың саяси-тарихи маңызын өте жақсы біледі, түсінеді. Осындай адамдардың пікіріне ден қойып, ақылдасып, ғалым сөзіне құлақ асып қойған дұрыс па деп ойлаймын. Табысты болыңыздар, ел азаматымен, азаматы елімен қуана берсін, мақтана алсын.
Сұхбаттасқан -Жанаргүл Мұқатай