Бағаны еркімен жібергендерге ескерту жасалды
Өскемендегі осы жолғы жәрмеңкеге Глубокое ауданының ауылшаруашылық өнімдері келді.
Аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Нұрлыбек Құмарғажиннің айтуы бойынша, жәрмеңкеге ауданның барлық он жеті ауылдық округі азық-түлік өнімдерін әкелген. Бір құптарлығы, жәрмеңкеге келуші жұртқа ыстық шай мен буы бұрқыраған дәмді палау тегін үлестірілді. Өскемендіктер сенбі сайын Металлургтер мәдениет үйінің маңынан оңтайлы бағаға ауылдың дәмін сатып алуға үйреніп қалғандары көрініп-ақ тұр. Қарақұрым халық ет пен көкөністі әп-сәтте сатып алып, кетіп жатты.
«Берерменге бесеу көп, аларманға алтау аз» демекші, сатушылардың арасында бағаны өз еріктерімен көтеріп жібергісі келгендерге аудандық әкімдік өкілдері тарапынан ескертулер жасалды. Келісі 45 теңгеден сатылу қажет картоп бағасы кей жерлерде 50 теңгеден сатылған. Бес теңгеде тұрған ештеңе жоқ сияқты, дегенмен облыс Әкімінің бастамасымен жалғасып келе жатқан бұл жәрмеңкелер бағаны көтеріп сату үшін емес, халық қалтасына сеп болу үшін ұйымдастырылып келе жатқаны белгілі ғой.