Жаңалықтар

Бұрын-соңды болмаған кітап

Байырғы бабаларымыз баласын «батырым» деп еркелетіп, арқасынан қағып, жігерлендіріп отырған. Өйткені әр жеткіншектің бала күнгі арманы бұл өмірдің басты тұлғасына айналып, болашағын баянды ету. Енді бұл дәстүрлі үрдісті жаңаша жалғаудың жолы табылған секілді. Алдағы уақытта әр бала өзі бас кейіпкер бола алатын дербес кітап жарық көрмек.

Қазақстандық авторлар ойлап тапқан кітапта әр бала өзі ертегінің кейіпкері бола алады. Өйткені кітап әрбір балаға арналып жеке жазылады. Ол үшін кітаптың алғы сөзі мен кіріспесін сіз жазуыңыз керек. Кітапты сатып алмас бұрын арнайы сайттан кітаптың тілін (қазақ, орыс) таңдап, қажетті беттерді өзіңіз толтырасыз. Ал кітап баланың есіміне байланысты жеке-жеке құрастырылады. Оны оқыған бала ойда-жоқта кітаптың кейіпкері болып шыға келеді. Бұл баланың болашаққа нық қадам басуына сенім мен серпін бермек.

–  «Менің атым кім?» –  әрбір балаға арналған жеке, дербес кітап. Яғни, кез келген бала ертегілер жинағының басты кейіпкері болады. Бастапқы идея балаларға арналған кітап еді. Жұмыс барысында идеялар толықтырылып, жетілдіріліп, осындай 8 жасқа дейінгі әр бала басты кейіпкер бола алатын дербес ертегілер кітабын шығаруға ден қойдық, – депті BAQ.KZ сайтына сұхбат берген жоба авторларының бірі Ерік Беріков.

Автордың айтуынша, мұндай кітаптағы ертегіні оқыған баланың креативті ойлау жүйесі дамып, мейірімділік, сүйіспеншілік, тапқырлық, батырлық сияқты құндылықтар бойында қалыптаспақ. Өйткені ертегінің желісі жеткіншекті жақсы қасиеттерге қарай жетелейді.

Әрбір баланың көңілін аулауға бағытталған кітаптың шығарушылары  – «Alem Publishing» командасы. Бұл олардың алғашқы жобасы екен. Кітап осы айдың соңына қарай сатылымға шықпақ.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button