Ауыл шаруашылығы

Бірлесе атқарған істің берекесі бар

 Қолда бар өнімін өзге өңірге экспорттау мейлі кәсіпкердің, мейлі қарапайым шаруаның болмасын басын ауыртып, балтырын сыздататын мәселе екені белгілі. Бүгінде бұл тығырықтан шығатын  бір ғана жол – істің басын жұдырықша жұмыла қайыру,  яғни кооперациялану. Тоқырау жылдарынан бері айтылып, алайда, соңғы уақытта ғана қолға алынған бұл үрдістің қадірін бүгін ғана түсінгендейміз. Десек те ауыл-аймақ жұртшылығы   шаруашылықтарын кооперациялауға асығар емес. Себеп – бір-біріне деген сенімсіздік, біреуге бағынышты болудан қашқақтау, мамандардың жетіспеушілігі.

Өлместің күнін көруде

Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында. Міне, биылғы  Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына осындай баға берген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев вертикальды кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал екенін алға тартты.

Жеке шаруашылықтың миллиондаған ауыл тұрғынына табыс табуға мүмкіндік бере алатынын алға тартқан мемлекет  басшысы, оларды өңір­лік азық-түлік хабтарын құруға жұ­мыл­дыру керектігін баса айтты. Бұл бірінші кезекте ауыл шаруашылығының бірнеше саласы жақсы дамыған Шығыс Қазақстан үшін аса қажет үрдіс. Бүгінде агроөнеркәсіп кешенінің мал және өсімдік шаруашылығы салалары бойынша өзіндік бренд қалыптастырып отырған өңір елімізде өндірілетін өнімнің қомақты бөлігін беруде.

Вертикальды кооперациямен қатар горизонтальды кооперацияның әлеуетін де естен шығармау  қажеттігін айтқан Президент, онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайтынын  алға тартты.

– Кооперация кезінде жер және басқа да мүлікке қатысты барлық құқықтар сақталады. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа  Жолдауында.

Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Ал кооперация бұл салада шешімін таппай келе жат­қан өзекті мәселелерді, атап айтқанда, жерге, жеңілдетілген несиелерге, кәсіби маман тапшылығын жоюға қол жеткізеді. Сонымен қатар  кооперациялану өз кезегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету, миллиондаған ауыл тұрғынының табысын арттыру, еңбек өнімділігін арттыру, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын еселеу сияқты міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

Бәсекеге қабілетті өнім өндіруде

Қазіргі уақытта елімізде ауыл шаруашылығы құрылымдарын кооперациялау жұмыстары «Азаматтық» кодекспен және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ауылшаруашылық кооперативтері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сүйене отырып жүргізілуде. Облыстық Статистика департаментінің мәліметіне сенсек, бүгінгі күні өңірдегі ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жалпы саны 322. Ал оның 56 пайызы мал шаруашылығына негізделген кооперативтер. Жалпы, облыс аумағында мал шаруашылығына негізделген кооперативтерден бөлек, марал және омарта шаруашылықтары сияқты Шығыстың брендтерін біріктірген кооперативтер де баршылық.

– Қазіргі уақытта ауылшаруашылық құрылымдарын кооперативтерге біріктіруде туындайтын ең басты қиындық адамдардың бір-біріне деген сенімсіздігі, біреуге тәуелсіз болудан қашқақтау, есепші және тағы басқа мамандардың тапшылығы, дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Диляра Жылқайдарова. – Жалпы, бүгінгі күні өңірдегі шаруалардың басын ауылшаруашылық кооперативтеріне біріктіру бағытында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Атап айтсақ, аудан, қала әкімдіктеріне қарасты ауыл шаруашылығы бөлімдерінің мамандары құрылған ауылшаруашылық кооперативтері мүшелеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары туралы ақпараттық түсініктеме жұмыстарын жүргізеді. Мысалы, олар ауыл-аймақ тұрғындарын несиелік жеңілдіктер, мал шаруашылығымен айналысушы  ауылшаруашылық кооперативтеріндегі субсидиялауға қатысты басымдылықтар туралы хабардар етеді.

Жеке шаруашылық құрып, істі ары қарай  ілгерілету оңай шаруа емес екені белгілі. Сол себепті, бірлесіп, бір ұжымға бірігу арқылы мемлекет тарапынан берілетін көмекке қол жеткізу ең жеңіл жол. Атап айтқанда, шағын шаруашылықтың өндірген өнімі жылдам өтіп кететініне ешкім кепілдік бермейді. Бұл жерде «жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деген мақалдың дұрыстығына иланасыз. Жеке шаруа үшін алынған өнімді жеткізу мен нарыққа шығару, шығынын ақтау, техникалық жабдықтардың жетіспеушілігі сияқты түйткілдері көп. Бұл ретте ауылшаруашылық кооперативтеріне бірігу осы мәселелерді оңай шешеді. Өнімді өткізу, бірлесе ұйымдастыру, құжат рәсімдеу, субсидия алу, мемлекеттік қолдауға қол жеткізу сияқты шараларды ұйымдастыруда пайдасы зор.

Қазіргі таңда осындай кооперациялардың арқасында бірқатар аудан, қаланың ауыл шаруашылығы жанданып келеді. Олардың базасында ашылған сүт қабылдау пункттері мен отбасылық бордақылау алаңдары бәсекеге қабілетті өнім өндіре бастады.

Экспортқа жол ашылады

Басқарма өкілінің айтуынша, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидасында ауылшаруашылық кооперативтеріне бірқатар артықшылықтар берілген көрінеді. Мысалы, сүтті және сүтті-етті мал шаруашылығы бағыты бойынша сүт өндіру құнын арзандату мақсатында әр бірлігіне /литр, кг/арналған субсидиялар нормативтері 20 теңге болса, ірі қара малын  қолдан ұрықтандыру бағытында көрсетілетін қызметтерді субсидиялауға  5 мың теңге қарастырылған. Сондай-ақ қойды қолдан ұрықтандыру бағытында көрсетілетін қызметтерді субсидиялауға 1500 теңгеден қарастырылуда.

– Өз мүшелерінің қызметін үйлестіруді және олардың ортақ мүліктік және өзге де мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін құрылған ауылшаруашылық кооперативтеріндегі шаруалар өз өнімдерін шетелге де экспорттай алады, деп қосты Диляра Жылқайдарова.

Ірі шаруашылықтар маңына топтастырған жөн

– Кооперациялау үрдісі жақсы қарқын алғаны рас, дейді облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев. – Жақында мен облыстағы балық шаруашылығына қатысты салада жұмыс істеп жатқан шаруашылықтарды аралап, жағдайларын көзбен көріп қайтқан болатынмын. Қазір біздегі мұндай шаруашылықтар өте жақсы жұмыс істеуде. Олар кооперативтерге біріккен. Оның артықшылығы балық өңдейтін кәсіпорын балық аулауға квота алып, кооператив құрамындағы балықшыларға оны бөліп береді. Осылайша, бизнес заңдастырылып, тауардың өзіндік құны шығады. Яғни, балық шикізат күйінде сыртқа кетпей, жергілікті жерде өңделеді.

Осындай әдісті ауыл шаруашылығының басқа да салаларында қолдану өте тиімді екенін алға тартқан ол, қазіргі уақытта облыста күнбағыс дәнін өңдейтін бірнеше ірі кәсіпорынның салынып жатқанын тілге тиек етті. Министрлік тарапынан егістік егу науқаны кезінде осындай кәсіпорындарға жеңілдетілген несиелер беру жөніндегі тапсырма да берілген. Ауыл шаруашылығы бағытында берілетін жеңілдетілген несиелерді алған олар, оны кооператив мүшелерін қаржыландыруға бағыттауы керек. Ал шаруалар болса, өз кезегінде қолдағы қаражатты шикізат дайындауға жұмсауы қажет.

– Осылайша, біз бір оқпен екі қоянды аламыз. Яғни, біріншіден май өңдейтін кәсіпорын ерте бастан өзін шикізатпен қамтамасыз етсе, екіншіден, ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші шаруашылық жеңілдетілген несие алып, өз тауарын кепілді түрде өткізетін орынды қамтамасыз етеді. Мал бордақылайтын ірі алаңдар салынса да, оны шикізатпен қамтамасыз ететін шаруашылықтардың басын кооперативке біріктіру керек. Ал бордақылау алаңы өз кезегінде шаруашылықтарды мал азығымен қамтамасыз етіп, олардағы мал басын асылдандыруға күш салады, деп қосты Ержан Нұрбаев.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйсек, бүгінде жүргізіліп жатқан кооперациялау үрдісі агроөнеркәсіп кешенінің қай қатысушысының болмасын жағдайын жақсартып, тасын өрге домалатары сөзсіз. Тек, ол әу бастан дұрыс құрылып, өзінің мақсаттары мен міндеттерін айқындап алуы тиіс. Әр қатысушысының құқығы тапталып, шаруасы шатқаяқтамауы қажет. Бұл өз кезегінде қалаға үдере көшкен халықтың біраз бөлігін тұрғылықты жерінде ұстап қалуға септігін тигізіп, болашаққа деген сенімін нықтайды. Әзірге ауыл тұрғындарын кооперативтерге біріктірген үрдіс аяқталған жоқ. Құзырлы мекемелердің хабарлауынша, әлі де жалғасын табатын игі іс ауылдағы халықты түгел қамтығанша тоқтамайды.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button