COVID-19 Денсаулық сақтау

Бөлінген қаражаттың  жартысы дәрігерлерге төленген

 Облысқа коронавирус індетімен күрес шараларына 2020 жылға бөлінген қаражаттың тең жартысы алдыңғы шепте болған медицина қызметкерлеріне төленді.

Облысқа індетпен күреске биыл барлығы 10,6 млрд. теңге бөлінді. Оның 5,1 млрд. теңгесі медиктерді ынталандыруға жұмсалды. 2,8 млрд. теңге ковидтен стационарда жатып емделгендердің ем-домына жұмсалса, 1,3 млрд. теңгеге шығысқазақстандықтар ПТР зерттеулерінен өтті. Ал 404 миллион теңге мобильді топтардың қызметі үшін төленді, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының директоры Ғалымжан Әбілов тоғыз айдың жұмыс қорытындысына арналған брифингте.

Филиал директорының берген мәліметтеріне сүйенсек, медициналық сақтандыру қорына  біздің облыстан тоғыз айда 13,4 млрд. теңге түсіпті. Қазір емханаларға тіркелу науқаны жүріп жатыр. 2021жылға қаржыландыру көлемі  осы науқанның қорытындысы бойынша  жоспарланатын болады. Әрбір тіркелген тұрғын үшін ай сайын медициналық ұйымдарға жан басына шаққандағы қаржыландыру төленеді.

Спикер облыстың қаңтар – қыркүйек аралығында медицина саласына кеткен шығындарын жіктеп берді. Шығындардың басым бөлігін стационарлық медициналық көмек төлемі құрайды. Бұл – 15,3 млрд. теңгеден астам және ауылдағы стационарлар қызметі үшін 4,9 млрд. теңге төленген. Тоғыз айда 91 мыңнан астам  адам жоспарлы түрде еліміздің стационарларында емделген, оның ішінде 47 мыңнан астам науқас күндізгі стационардың қызметін пайдаланыпты. Консультациялық-диагностикалық көмек көрсеткені үшін медициналық ұйымдарға тағы 5,3 млрд. теңге төленген.

– КТ және МРТ қызметтері азаматтар үшін бұрынғысынша өзекті болып қалуда,  тоғыз  айда пациенттерге 6 428 қызмет көрсетілді. Қор халыққа жоғары технологиялық қызмет көрсеткені үшін 721,3 млн. теңгеден астам қаражат төледі, мұндай қызметтерді 192 адам алды, тағы 2,1 млрд. теңге стационарды алмастыратын көмекті төлеуге бағытталды. Сонымен қатар инфаркт, инсульт алған және операциялық араласулардан кейін шамамен 3,5 мың адам медициналық оңалту алды, – деген мәліметтер келтірді Ғалымжан Нұржаубайұлы.

Ғалымжан Әбілов соңғы уақытта пациенттердің медициналық қызметтерге қол жеткізе алмайтындарына шағымдардың көбейіп кеткеніне тоқталды.  Тоғыз айда 351 өтініш тіркеліпті, негізгі бөлігі қызмет сапасына көңіл толмаушылық екен.

– Қор өзін ТМККК және МӘМС шеңберінде қолжетімді және сапалы медициналық көмек алу үшін пациенттің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету бойынша омбудсмен ретінде көрсетеді. Сондықтан халықпен кері байланыс орнату біздің алға қойған міндеттердің бірі болып табылады, – деп атап өткен Ғалымжан Нұржаубайұлы  азаматтарға ыңғайлы  кері байланыс түрлеріне тоқталды.

Біріншіден, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасының көмегімен пациенттердің кеңес алуға, шағым беруге, сақтандыруға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ тұтынушылар Қордың облыстық  филиалында (Сәтпаев даңғылы, 62)  ұйымдастырылған азаматтарды қабылдау кабинетіне жүгіне алады. Қордың тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 колл-орталығына қоңырау шалуға болады екен. Түскен қоңыраулар үш деңгейде сұрыпталып, қаралады: алдымен,  орталық аппаратта сұрыптау, содан кейін – филиалда қарау және соңында – пациент мәлімдеген медициналық ұйымда тікелей талдау.

Сөзінің соңында Ғалымжан Әбілов өңірдің әрбір бесінші тұрғыны әлі сақтандарылмағанына алаңдаушылық білдірді.  Соңғы екі айда сақтандырылғандар саны артқанымен, әлі 292 мыңнан астам шығызқазақстандық  сақтандыру қорынан тыс қалып отыр.

– Қордың негізгі миссиясын атап өткім келеді, бұл – еліміздің әрбір азаматына сапалы  медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету, сол арқылы оларды күтпеген жоғары қаржылық шығындардан қорғау болып табылады, – деді Ғалымжан Әбілов.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button