Абай - 175

Бұл көліктер бұрынғылардан өзгерек

Ұлы Абайдың торқалы тойынан «Азия Авто» акционерлік қоғамы да шет қалмай, айтулы датаға орай тұтынушыларына ерекше тосынсый әзірлеп қойыпты. Еліміздегі көлік құрастыру ісінің көшбасшысы саналатын кәсіпорын басшылығы Өскемен қаласы әкімдігімен бірлесе келе тың бастама көтеріпті.

Дәлірек айтсақ, биыл зауыт конвейерінен шығатын «Лада Гранта» автокөліктерінің алғашқы партиясы мерейтой құрметіне «Абай-175» деген жазуы бар арнайы шильдиктермен жабдықталмақ. Бұған қоса аталған көліктердің иелеріне хакім қара сөздерінің жинағы тарту етіледі. Бұл туралы компанияның бас директоры Ерік Сағымбаев мәлім етті.

– Жаңа жылдан бастап біздің компания «Қолжетімді актокөлік» деп аталатын жаңа бағдарламаны жүзеге асыра бастады. Аталған бағдарлама аясында отандастарымыз зауытымызда құрастырылған автокөліктерді арзандатылған бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Мәселен, «Лада Гранта» көліктерінің базалық комплектациясының, яғни ең арзан үлгісінің бағасы едәуір төмендеп, 2 миллион 820 мың теңгені құрамақ. Бүгінге дейін жаңа бағдарламаның артықшылығын түсінген мың жарымға жуық тұтынушымыз алдын ала төлем жасап қойған. Ақпан айының соңына дейін алғашқы 500 көлікті конвейерден шығарамыз. Аталған машиналардың барлығы мерейтойлық шильдиктермен және ұлы ақынның қара сөздері топтастырылған кітаппен қамтылмақ, – дейді Е.Сағымбаев.

Оның айтуынша, биыл компания басшылығы дәл осындай үлгідегі автокөліктердің 10 мың данасын сатуды жоспарлап отыр. Ал, жалпы, 2020 жылдың соңына дейін «Азия Авто» зауытында 35 мыңға таяу көлік құрастырылмақ. Оның дені, яғни, 25 мыңы «Лада» маркалы автокөліктер болуы тиіс. Қалған 10 мыңы «Киа», «Шкода» мен «УАЗ-дар» екен.

– 2020 біз үшін ерекше жыл болайын деп тұр. Өйткені биыл 35 мың автокөлік шығаруды мақсат етудеміз. Бұл – бұрын-соңды болмаған нәтиже. Осы ретте рекордтық көрсеткішіміз осыдан бірер жыл бұрын тіркелгенін айтқым келеді. Ол кезде зауытымыздың конвейерінен 31 мың автокөлік шығарылған еді. Ал былтыр «Азия Автода» құрастырыған көліктер саны 20 мың шамасында болған, – деген басшы 35 мыңдық межені еңсеруге компанияның әлеуеті жететінін айтуда.

Белгілі болғандай, таяуда зауытқа 100 жаңа маман жұмысқа қабылданыпты. Қазір «Азия Авто» цехтарында 700 адам еңбек етеді. Олардың арасында жергілікті оқу орындарын тәмамдаған жас мамандар да аз емес.

Мұны мерейтойлық акцияға орай кәсіпорынға арнайы ат басын тіреген Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар да ерекше атап өтті.

– Атқарылып жатқан жұмысқа көңіл толады. Компания өкілдері алға қойған мақсаттарына жетеді деп үміттенеміз. Ал бүгінгі іс-шараға келер болсақ, осыдан біраз бұрын «Азия Авто» компаниясының басшылығына тиісті ұсыныспен шыққан болатынбыз. Олар біздің бастамамызға қолдау білдіріп, осындай ерекше акция ұйымдастырды. Жалпы, Өскемен қаласының әкімдігінде мерейтойға орай 48 пунктен тұратын жұмыс жоспары бекітілген. Онда түрлі концерттік бағдарламалар мен көрмелер, әдеби кештерден бөлек, осындай айрықша іс-шаралар да бар. Кәсіпорын басшылығына осы акция үшін тағы бір мәрте алғыс айтамын, – деді қала әкімі.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button