РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Бұл далада дамылдып билер жатыр

Қазақтың ұлан-ғайыр  даласының әрбір төбесі тарихтан сыр шертеді. Осы Ұлы даланың шағын ғана бөлшегі Аягөздің Сарыарқа ауылдық округіне қарасты жерлерді дала мұражайы десек артық айтқандық болмас. Тарихы терең, қилы-қилы замандарды бастан кешіп, небір сырларды ішіне бүгіп жатқан бұл өлкенің кез келген төбесі тарих, даласы – дастан, ғұмыр кешкен тұлғалары – тағылым.

Сарыарқа ауылының терістігінде ауылдан 12 шақырым жердегі Қайрақты тауларының баурайындағы Қайрақты өзенінің Балтақара өзеніне құйылысындағы бір жотада әкелі-балалы Байғара би мен Ақтайлақ бидің архитектуралық келбеті жарасқан, еңселі де сәулетті кесенесі алыстан  көз тартып көрінеді. Осы жердегі қорымда ел намысын, ер намысын ту етіп ұстаған Ботақара батырдың және басқа да Қу дауысты Құттыбай би ұрпақтарының мүрделері жатыр. Ал  батыс жақта ауылдан 14 шақырымдай жерде әділ билігімен ел есінде қалған  Сыбан руының Шақа тармағынан тарайтын Аққожа би Қалыбайұлының сәулетті кесенесі бар. Ауылдың  шығысында 12-13 шақырым жерде Бес Байыстың бір тармағы – Мұрын руының Кенже тармағынан тарайтын, заманында қарадан шығып дара болған, Көкпекті округінің аға сұлтаны болған Қисық Тезекұлының зираты бар. Балтақара өзенінің сол жағасындағы бір төбенің басында Әбілпейіз сұлтанның ұрпақтарының бірі Солтабай төренің мазары қарауытады.

?????????????????????????????????????????????????????????

Болашақты қадірлеу үшін өткенді бағалай білу керек екендігін әрқашанда еске ұстап, өнегелі өткенімізді жарқын болашақпен байланыстыру мақсатында көп жұмыстар атқарып жүрген Айбек  Каримов сонау 1997 жылы Ұлыларды ұлықтау ұрпақтың парызы екендігін шын жүрегімен түсініп, сайын даланың дана да дара билері Байғара би мен Ақтайлақ бидің кесенелерін қайта жаңғыртуға игі бастама көтеріп, бұл үлкен іске өзі тікелей басшылық етті. Бастаған істі діттеген жеріне жеткізді.

2001 жылы Ұлы бабалардың сәулетті кесенесі бой көтерді. 1997 жыл әлі де елдің еңсесі көтеріле қоймаған қиын кез еді ғой. Елдегі орта құрсақ бюджет рухани мұраларды түгендегенді қойып, еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақыға жетпей жатқан кез еді. Осындай қиын кезде кесене тұрғызады дегенге сенімсіздікпен қарағандар да болды. Бірақ та тындырымды, тиянақты істерімен елдің көңілінен шығып жүрген аудан басшысы өзінің іскерлік қасиетін руханият саласында да көрсете біліп атымтай жомарт азаматтардың басын қосып, аудан жұртшылығын  ұйыстыра біліп, кесенені тұрғызуға елді жұмылдырды.

Ақиық ақын Қадыр Мырза Әлі «Әкелі-балалы билер кесенесі қандай жарасымды тұрғызылған» десе, философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім «Қазақстанның шығыс өңірінде ғана емес, еліміздегі бой көтеріп жатқан сәулетті де келбеті жарасқан кесенелердің бірі екен. Көпшілік болып бірлесіп мұндай үлкен құрылысты салу да оңай емес, бірақ көпшілік көңілінен шығатындай салыныпты», – деген еді.

Ұрпағының ұраны болған, сыбандардың ақындар мектебінің атасы – Байғара би мен ақ сұңқардай саңқылдап, ақ қылыштай жарқылдап билік айтқан «қазақтың қара тілі қас биі» атанған Ақтайлақ бидің елді береке-бірлікке шақырған мағыналы да мәнді, өнегелі де өрнекті сөздері, әділ биліктері ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып бізге жетті. Ақтайлақ би жөнінде айтылып та, жазылып та жүр, кітаптар да шықты. Ал әкесі Байғара би жөнінде аз айтылады, деректер де аз.

Жақында Айбек Мүталапханұлы Сарыарқа ауылының тұрғындарымен кездесіп, баспаға дайындап жатқан Байғара би жөніндегі кітабының әр тарауына жеке тоқталып, ауыл тұрғындарымен пікір алмасты. Оның сөздерінен қасиетті бабаның аруағын пір тұтып, Байғара бидің сан қырларын зерттеп, зерделеп, халықтың жүрегіне жеткізуде көп ізденістер жүргізіп, ауқымды жұмыстар атқарғанын көрдік. Ол ұлылар өмір сүріп, мәңгілік із қалдырып, аманат етіп табыстап кеткен жеріміздің тарихын жазып, Байғара би Құттыбайұлының өшпес өсиеттері мен өлмес сөздерін жинақтап, есімін ұлықтап жатқанына алғысымызды білдіріп, еңбегіне табыс тілейміз.

 Бекболат Ахмешов

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button