Тарих

Бүкіл кеңес әскерін бұқтырылған етпен қамтыды

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл толып отыр. Осы сұрапыл соғыста Қазақстан одақтың ең негізгі тылы болды. Майданға вагон-вагон оқ-дәрімен қатар, азық-түлік, киім-кешек толассыз жөнелтіліп отырды. Осы ретте сарбаздарды әйгілі «тушенкамен», яғни қалбырдағы бұқтырылған етпен қамтыған Семейдегі ет комбинатының алар орны ерекше.

Мемлекеттік маңызға ие болды

Аты аңызға айналған Семей ет комбинаты 1931 жылы ашылған болатын. Ол әу бастан-ақ бүкілодақтық маңызға ие кәсіпорындар қатарынан саналды. Көп ұзамай-ақ өндіріс орны қуаттылығы жағынан Мәскеу мен Ленинград комбинаттарын артқа тастап, одақта бірінші орынға шықты. Дайын өнім кеңестер одағының барлық дерлік қалаларына жөнелтіліп отырды. Кәсіпорын негізінен қой мен сиыр етін өңдейтін.

Комбинаттың маңызы сол, мұнда соғыс немесе табиғат апаты жайына қажет мемлекеттік қор сақталды.Деректерге сүйенсек, ол қоймада 7 мың тонна мұздатылған ет, 2 миллион банка консерві және 5 тоннадан астам шұжық болды.

Атап өтерлігі, ет өнімдерінен бөлек, мұнда малдан алынатын альбумин, гематоген, инсулин, пепсин, панкреатин, пептон сияқты медициналық препараттар, ірі қара шегінен жасалатын хирургиялық жіп те шығарылған-ды.

Сойылатын мал сол кездегі Семей, Павлодар, Талдықорған, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Ресейден жеткізілді.

Майданға 100 миллион етконсервісін жіберген

Соғыс басталысымен-ақ комбинатқа зор салмақ түсті. Ең алдымен, жұмысшы еркектердің басым бөлігі майданға алынды. Олардың орнын әйелдер мен бозбалалар басты. Ал цехтар тоқтаған жоқ, керісінше өнім көлемін арттыра түсті. Азық-түліктің бәрі толығымен әскер қажетіне жіберіліп жатты. Сиыр мен қой еті, консервілер, шұжықтың сан түрі күні-түні тонналап «Жеңіс үшін»» ұранымен батысқа жөнелтілді, сондай-ақ осында шығарылатын медициналық препараттарға деген сұраныс та күрт көбейді.Ет аздығы сезілген соң, мыңдаған бас мал одақтас саналған Моңғол елінен айдалып әкелінді.

Мына сандарға назар аударайық: соғыс жылдарында Семей комбинаты майданға 100 миллион қалбыр бұқтырылған ет жіберген! Бұл – төрт жылда өндірілген өнім көлемі. Ол кезде қалбырлар 500 грамдық болған, кейін олардың салмағы 300 грамға кемітілді. Мұнымен қатар 20 тоннаға жуық дәрі-дәрмек жөнелтіліпті. Бұл цифрлардың артында қарапайым қазақ малшылары мен комбинат жұмыскерлерінің орасан зор еңбегі жатыр.

–Соғыс басталғанда комбинаттан екі мыңнан астам адам майданға алынды. Ал олардың орнын шалдар мен әйелдер, 12 жастан енді асқан балалар басты. Алғашқы кезде олар тіпті қатты қиналды, ешқайсысыөндірістің қыр-сырын білмейтін, жалпы, мал сою, ет бұзу секілді жұмыстың жеңіл емес екені де түсінікті ғой, – деп еске алыпты қырық жыл кәсіпорында еңбек еткен Галина Грабченко.

Өнімнен бөлек, ет комбинатының майданға деп 100 миллион сом қаржы аударғаны тағы бар. Сондай-ақ жұмысшылар аш-жалаңаш жүріп, әскери ұшақ пен танк жасауға да қаражат жинап берген екен.

Соғысжылдарында комбинат алдындажылдық жоспарды жартыжылда орындау міндетітұрды. Ұжымнан өндірістің жаңа түрлерін игеру міндететілді. 1941жылдың күзінен бастап көже-пюре концентратын, ота жібін, консервілік көже, сарымсақ ұнынөндіретін цехтар ашылды.

Бес минутқа кешіккені үшін – бес жыл еңбек лагері

Атап өтерлік жайт, соғыс кезінде барлық кәсіпорындарда еңбек тәртібі күшейтіле түскен. Мәселен, комбинат еңбеккері жұмысқа 5 минутқа кешіккені үшін ғана бес жылға еңбек лагеріне айдалатын. Сот ісі кәсіпорын ішінде едел-жедел өткізілетін. Ал ет ұрлағандар тіпті қатты жазаланатын. Кәсіпорын өз жұмысшыларына тек құр сүйек алуға рұқсат берген екен.Өндіріс орны қаланың шетінде болғандықтан, жұмыстан кешігуге қорыққан көптеген адамдар цех ішінде қонып жүріпті.

Сол кезде еңбек еткен ардагерлердің естеліктерін оқи отырып, білгеніміз, жұмыс ауысымы таңертеңгі 7-ден басталып, жоспар атқарылғанша жалғасқан, жоспар дегеніміз – тәулігіне 1 мың бас ірі қара, 7 мың бас қой және мың бас шошқа.

Комбинаттан соғысқа кеткен екі мың адамның 500-і ғана оралды. Әрине, қазір олардың ешқайсысы бұл өмірде жоқ…

Елге деген сағыныш сезімін туғызатын

«Аш сарбаз – жаман сарбаз» демекші, соғыста әскерді тамақтандыру – ерекше маңызды іс. Ұлы Отан соғысы кезінде кеңес солдаттары тойып тамақ ішті деп айта алмаймыз. Жауынгерлік тапсырмаға жіберілген сарбазға құрғақ тағам ретінде бірнеше қалбыр консервіленген ет, қара нан мен шұжық берілетін. Ыстықта бұзылмайтын әрі тойымды бұқтырылған ет жауынгерлерге әжептәуір күш беретін.

Айталық, ресейлік зерттеушілер Германия мұрағаттарынан мынадай қызықты құжат тапқан. Неміс әскери барлауының қызметкері Георг Хансен вермахт басшылығына «Орыс әскерінің азық-түлікпен және киіммен қамтылуы жақсарып барады. Қолға түскен совет солдаттарының дорбаларынан американдықазық-түлік түлерікөптеп табылуда, бұл – «ленд-лиздің» көмегі, сонымен қатар советтердің өздерінде жасалған ет және ботқа консервілері алынды, сапасы мен дәмдік қасиеттері өте жоғары»деп жазған екен.

Соғыстан кейін де комбинаттың жұмысы толастаған жоқ. Мұнда 5 мыңнан астам адам еңбек етіп, жыл сайын 70 миллион ет консервісі шығарылып тұрды. Бүкіл кеңес әскерін бұқтырылған етпен қамтыған – Семейдегі кәсіпорын. Кәсіпорын негізінен кеңес армиясын қамту мақсатында жұмыс істеді. Темір қалбырдың сыртындағы «Семейдің Калинин атындағы ет комбинаты» деген жазу қазақ жауынгерлерінде елге деген сағынышты туғызатын.

Жоғары сапалы қазақтың малынан өндірілген, халық орысшалап «тушенка» атайтын қалбырлар, негізінен, Польша, Шығыс Германия, Чехословакия, Мажарстан, Румыния секілді социалистік елдерге экспортталды, тіпті мұхиттың арғы бетіндегі бостандық аралының – Кубаның халқы да бұл өніммен жақсы таныс болатын. Десек те, аталмыш азық түрі одақта қат тауар саналды.

90-шы жылдардың тоқырауы аталмыш өндіріс орнын да айналып өтпеді. Десек те,2003 жылы Семей еткомбинаты серіктестік болыпқайтадан құрылып, кәсіпорынның жаңа тарихы басталды.

Әзірлеген – Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button