Денсаулық сақтау

Бөбектерді оңалту орталығы

  Облыстық ана мен бала орталығында « Жұлдызай» ерте оңалту кабинеті өз жұмысын бастады. Орталық ортопедиялық патологиясы, орталық жүйке жүйесі аурулары диагнозы бар үш айдан үш жасқа дейінгі бөбектерге арналған.

Мамандандырылған кабинет «Казцинк» және BI GROUP компанияларының демеушілік қолдауымен ашылды. «Казцинк» ЖШС кабинетті жабдықтап, орталықтың  ай сайынғы шығындарын өз мойнына алып отыр. Ал бөбектерге емдік денешынықтыру жаттығуларын көрсетіп, массаж жасайтын мамандары «ВІ Жұлдызай» қорының қолдауымен арнайы дайындықтан өткен.

-Бұл орталық денсаулығында кінараты бар сәбилер үшін өте пайдалы болады деп сенеміз, олардың тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз. Сондай-ақ денсаулық саласына үнемі қолдау білдіріп жүретін «Казцинк» компаниясына да рахмет айтқым келеді, – деді кабинеттің ашылу салтанатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Владимир Ли.

Бұған дейін дәл осындай екі кабинет Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында ашылған болатын. Арнайы кабинетте оңалту шараларының нәтижесінде сәбилердің 85 пайызының бұлшық еттері қатайып, қол моторикасы жақсарғаны байқалыпты.

-Біздің компания ана мен бала орталығына тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді, – деп атап өтті«Казцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев. – Білікті көмекке зәру бүлдіршіндердіаурудың ерте сатысында сауықтыру өте маңызды. Осындай мамандандырылған кабинеттердің пайдасы барын Нұр-Сұлтан қаласындағы тәжірибеден анық көреміз.

«Жұлдызай» оңалту кабинетіне бөбектер ана мен бала орталығының және қаладағы басқа емханалардың жолдамасымен қабылданады. Орталық қызметі  бала күнінен сал ауруына шалдыққан, орталық жүйке жүйесінің туа біткен ақаулары, бас қан айналымының бұзылуы, жарақаттардың  салдары, Даун синдромы, ортопедиялық патологиясы бар  бүлдіршіндерге көрсетіледі.

  • Бүгінгі таңда он төрт бала емдеу курсын аяқтады. Бір курс он күнге созылады. Кабинеттің ай сайын 20 балағадейін қабылдауға мүмкіндігі бар. Сәбилердің денсаулығында, жетілуінде ілгерілеушілік байқалады, – деп тарқатып айтып берді«ВІ Жұлдызай» қайырымдылық қорының маманы Жұлдыз Жұмақанова.

Орталық жұмыс күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін ашық. Онда екі масаж жасаушы мен екі емдік денешынықтыру маманы қабылдайды.Жуықта бұл жерде невропатолог пен реабилитолог мамандар тұрақты түрде қабылдайтын болады.

Орталық маманы Жанерке Жеңісбекованың түсіндіруінше,  бөбектердің әрқайсысына жеке бағдарлама әзірленеді. Сеанстың ұзақтығы әртүрлі, 20 минуттан жарты сағатқа дейін созылады.

Өскемендік жас ана Салтанат Сүлейменова тоғыз айлық Раяна есімді қызының еңбектей бастағанына қуанышын жасырмады.

-Бір аяғының ұшымен тұрып, табанымен жер баспайтын. Жеті күннің ішінде екі табаны да жерге тең тиді. Қазір еңбектей бастады,- дейді Салтанат.

Жамбас ұршығы дұрыс бітпеген үш айлық тағы бір сәбидің анасы да бөпесінің бұлшық еттері қатайып, жағдайы жақсарып қалғанына қуанып отыр.

Таяуда ғана облыстық ана мен бала орталығының жаңа ғимаратында он сегіз жасқа дейінгі балаларға арналған 50 орындық оңалту бөлімшесі ашылған-ды. Бұл – өңірде оңалту, сауықтыру шараларына баса көңіл бөлініп келе жатқанының көрінісі.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button