Бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлінді
Биыл өңірде барлығы 172 спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізіліп, оларға он бес мыңнан астам адам қатысқан. Жарыстардың 18-і онлайн режимде өткізілген. Сондай-ақ екі спортшымыз – Ольга Рыпакова жеңіл атлетикадан, ал Данияр Қайсанов еркін күрестен 2021 жылы Жапонияның Токио қаласында өтетін ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарына жолдамалар жеңіп алған.
Бұл жөнінде селекторлық режимде өткен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаков мәлім етті. Оның айтуынша, өткізілген спорттық іс-шаралардың дені бұқаралық ақпарат құралдарында уақтылы жарияланған.
Сессияда өңірде денешынықтыру мен спортты дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру туралы ақпарат берген басқарма басшысы бұл бағыттағы жұмыстар бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүргізіліп жатқанын атады.
– 2016-2020 жылдарға арналған өңірлік даму бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік саясатты іске асыру үшін 2019 жылы халықтың спорттық инфрақұрылыммен нақты қамтылуы 1000 адамға шаққанда 38,2 пайызды құрап, жоспар толығымен орындалды. Биылғы жоспар – 39,2 пайыз. Аймақтағы спорт ғимараттарының жалпы саны 3231 бірлік. Бұған қоса тағы сегіз спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Олар бес денешынықтыру-сауықтыру кешені, екі жүзу бассейні және бір спорт модулі, – деді Денис Рыпаков.
Сала басшысының ақпаратында айтылғандай, қазіргі уақытта облыста 173 спортшы спорттың 29 түрі бойынша ай сайынғы ақшалай ақы – облыс әкімінің стипендиясын алады. Сондай-ақ басқарма арқылы төрт мемлекеттік қызмет көрсетілсе, 2019 жылы 2018-2019 жылдар кезеңіндегі спорт түрлеріне саралау жүргізіліп, басымдық берілген спорт түрлерінің тізбесі бекітілген.
Сонымен қатар облыста жеңіл атлетика, волейбол, гандбол, футбол және шайбалы хоккейден бес кәсіби клуб жұмыс істейді. Қазір «Менің ауламдағы спорт» бағдарламасы әзірленуде. Басқарма бүгінгі таңда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында екі жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның бірі облыс орталығында, екіншісі Семей қаласында қолға алынған.
– Облыстың атақты спортшылары жаттығуларын күн сайын онлайн режимде өткізуде. Коронавируске байланысты шектеу және карантин шаралары толық алынған соң спорттық-бұқаралық іс-шаралар қайта басталады. Облыстың спортшылары есепті кезеңде барлығы 1504 медаль жеңіп алды, оның 594-і алтын, 463-і күміс және 447-сі қола медальдар. Жаңа екі спортшымыз Токиоға жолдама алғанын айттым, тағы 15 спортшымыз жолдама алудан үмітті. Қазіргі жағдайға байланысты өңірдегі жетекші спортшылар жергілікті жерлерде және жаттықтырушы-оқытушылардың басшылығымен оқу-жаттығу үрдісін үздіксіз тұрақты жалғастыруда. Ағымдағы жылы облыстың елуден астам маманы біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Басқарма арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, балалар мен жасөспірімдерді және жастарды денешынықтыру мен спортқа тарту тұрақты жүргізіліп келеді, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар осы жолғы сессия барысында даңқты спортшы қызымыз, облыстық мәслихаттың депутаты Ольга Рыпакова өзінің депутаттық қызметін мерзімінен бұрын тоқтататындығын мәлім етті. Басты себеп – алдағы Токио Олимпиадасына тыңғылықты дайындыққа кірісу.
– Бұл қызметте сіздермен қоян-қолтық жұмыс істеп, халыққа барынша жақын болуға тырыстым. Өңірдің спорт саласын дамытуға біраз болса да үлес қосқаныма қуанамын. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, Токио – менің соңғы Олимпиадам болмақ. Сондықтан бар уақытым мен күш-жігерімді дайындыққа арнамақпын. Бірге жұмыс істеген баршаңызға алғысымды айтамын, – деді Ольга Рыпакова.
Депутаттар мен облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев та Ольгаға осыған дейінгі депутаттық қызметі үшін алғыс білдіріп, алдағы дүбірлі додада сәттілік тіледі.
Дәурен Аллабергенұлы