Бұқаралық спортқа басымдық беріледі
Мемлекет бұқаралық спортқа ерекше назар аударып, оны дамытуға айтарлықтай көңіл бөлуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында да осы салаға арнайы тоқталып: «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет», – деген болатын.
Осы орайда, халық ағарту ісінің озық қызметкері, Қазақстанның спорт қайраткері, грек-рим күресінен еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ақжолтай Етекбаевқа жолығып, аудан спортының бүгіні мен ертеңі жайында пікірін білдік.
Аудан спортшылары республикаға танымал. Біздің грек-рим күресінің шеберлері – республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары. Лондон Олимпиадасына ел құрамасының сапында үш палуанымыз – Алмат Кебіспаев, Дархан Баяхметов, Еркебұлан Қосаев қатысқан.
– 1956 жылы ауданымыздағы Абай атындағы мектепке Алматы денешынықтыру және тәрбиелеу институтын (қазіргі Қазақ туризм және спорт академиясы) тәмамдап келген Болат Тұрлыханов мұғалім болып орналасты. Ол кезде Бөкең өңірдегі жоғары білімді жалғыз спорт маманы еді. Өңірімізде тұңғыш күрес үйірмесін ашып, жастардың спортқа деген құлшынысын арттырды. Сол кісінің тәрбиесін алған мен 6 сыныптан күреспен айналыстым. 1967 жылы Үржарда алғаш спорт мектебі ашылып, мен осы мектепке жаттықтырушы болып орналастым, – дейді ол.
1300-ге жуық оқушы үйірмелерге қатысады
Ақжолтай Айтберікұлы айтқандай, ол кезде спортпен айналысам деушілерге бүгінгідей мүмкіндік жоқ. Мектептерде спортзалдар жеткіліксіз.
– Жаттығуларымызды Абай орта мектебінің дәлізінде, еденге кілем төсеп өткізетінбіз, – дейді ол.
Сол жылдары ауданда алғаш рет грек-рим күресінен үйірме ашылып, ол жерден Мұрат Ыдырышев, Рысбек Нұрғазин, Марат Сүлейменов, Боранбек Қоңыратов, Леонид Снеговский, Александр Куликов, Қаден Толықбаев, Мәукен Жыңғылбаев, Жұмаш Иманбаев, Болат Ахметов секілді саңлақтар түлеп ұшты.
1995 жылы аудан орталығындағы спорт мектебіне «олимпиадалық резерв» мәртебесі берілді.
Бірнеше жыл бұрын Үржарда жаңа спорт модулі пайдалануға берілді. Қазір мұндай модуль Мақаншы ауылында да салынып, бітуге жақын. Спорт мектебінде шаңғы, бокс, футбол, грек-рим және қазақ күресі, еркін күрес, дзюдо, волейбол секциялары жұмыс істеп тұр. Оларға 1300-ге жуық оқушы қатысады.
– Аудандық спорт бөлімінің жетекшісі Сәрсенхан Қабдолдановтың еңбегін атап өткім келеді. 2018-2019 жылдары ауданда 250-ге таяу жарыс ұйымдастырылған. Аудан бойынша жүйелі түрде денешынықтыру және спортпен 20 мыңнан аса адам айналысады, – деген Ақжолтай Айтберікұлы ауданда екі Кеңес Одағы Батырын, 18 Социалистік Еңбек Ерін еске алуға арналған жарыстар өтіп тұратынын жеткізді. Мерекелер де спорттық шарасыз өтпейді.
Бірнеше жыл қатарынан ауданда «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына сәйкес, «Денсаулық фестивалі» өтіп, оған өңірдегі 20-ға жуық мекеме мен ұйымның қызметкерлері, 27 ауылдық округтің өкілдері, 51 мектептің оқушылары қатысты.
Шаңғышыларға артылған үміт зор
– Ауданның мемлекеттік қызметшілер құрамасы облыстық спартакиадада әлденеше рет бірінші орын алды. Осы игілікті шараның бәрін аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастыруда. Қазір аудан елді мекендерінде 434 спорт үйірмесі жұмыс істейді. Мектептердегі спортпен шұғылданушы жастардың саны алты мыңнан асады. Сондай-ақ ауданда қысқы спорт түрлеріне, оның ішінде шаңғы спортына жағдай жасалған. Төрт Олимпиадада ел құрамасында өнер көрсеткен шаңғышы, жерлесіміз Оксана Яцкаяны мақтан тұтамыз, – дейді спорт ардагері.
О.Яцкаяның жолын аудандық спорт мектебінің түлектері Виктория Ланчакова, Руслан Очилов, Рүстем Қабдолданов, Елдос Ахмадиев, Татьяна Апарина секілді спортшылар жалғап жүр. Биатлоншы Диас Кеңешовтің де өңір үшін орны бөлек.
– 2014 жылы Сочи қаласында өткен қысқы Олимпиадаға ауданнан бірнеше спортшы қатысқан. Сол дүбірлі доданың ашылу салтанатында еліміздің көк байрағын көтеріп шығу құрметіне біздің Е.Ахмадиев ие болғанын мақтана айтып жүремін, – деген Ақжолтай Айтберікұлы алдағы Олимпиадаларға аудан, облыс спортшылары көптеп қатысып, жеңіс тұғырынан көрінетініне сенім білдірді.
Үржар ауданы.