Қазығұмар бақсының екі жыны болған екен
Алтысары Ақнайманның Жансарысынан өмірге Қарабас (Қуансейіт) келеді. Қарабастан Әйтімбет, Жәдігер, Жабық, Жәнібек, Жәнібектен Шүйіншәлі, Көккөз, Шөгелтай, Жалпақ, ал Жалпақтан Күнтуар, Күнтуардан Бәйкен, Бәйкеннен Қазығұмар, Самылтыр, Самылтырдан Аманжол, Қанат, Қабыл дегендер тарайды.
Бірде аяқ астынан қара құйынды дауыл көтеріліп, Көккөз ұйықтап жатқан киіз үйді іліп әкетеді. Ел құйын басылғанда қараса, үй орнында тұр. Ал Көккөздің басы артына қарап, тілі желкесінен шығып, жансыз қалған көрінеді. Үлкендер жиналып: «бұл өте қуатты жын-перінің ісі болар, ол осы шаңырақтан өзі тиянақтайтын бір нәрсе іздеген сияқты. Ал Көккөз мұны түсінбегендіктен мерт болған. Не десек те, жын осы шаңырақты таңдаған, сондықтан ол мекендейтін алып қобыз қарастыру керек» деген тоқтамға келіпті. Сөйтіп, Көккөздің үлкен баласы Шөгелтай Моңғолиядағы қазақтар арасындағы бір шеберге сұрағанын беріп, қобыз жасатып әкелсе керек. Көп ұзамай бақсылық қасиет Шөгелтайдың немересі Күнтуарға дарыпты. Ал Күнтуардан кейін бақсылық Қазығұмарға қонады.
Кезінде Кеңес өкіметінің жергілікті жердегі шолақ белсенділерінің Қазы-ғұмар бақсыға кедергі-тосқауыл жасауға батылдары бармағанға ұқсай-ды. Сөйтіп, Күнтуардың қасиетті қара қобызы біздің заманымызға жеткен. Қазірде сол қобыз Қазығұмардың үлкен ұлы Батанның үйінде деседі. Қобыз туралы ел ішінде әлі күнге дейін небір әңгіме айтылып жүргені бар.
Қазығұмардың «Теміржаным», «Соқырым» деген екі жыны болған екен. Өзіне көбірек қызмет еткен жыны «Соқырым» екен.
Енді бақсының көріпкелдігінен бірер мысал келтірейік.
Ауылдың бір абзал азаматы ауылдық кеңесте қызмет етіп жүргенде жалған жала үстемдік алып, басы істі болады да, үш жылға бас бостандығынан айырылып, Сібірге айдалады. Алайда, еті тірі, сауатты азамат мерзімінен бұрын елге оралады. Ол ауылға келісімен Қазығұмарға сәлем беріп, «мені ұмыттыңыз ғой» деп, өкпе-назын айтады. Сонда бақсы ағасы: «Мұның бекер, «Соқырым» сенімен жолығып, үш айдан кейін қайтасың деп түсіңде аян берді емес пе?» – дейді. Сөйтсе, мұның түсіне бір көзі соқыр боп кірген Көжекбай ақсақал «Соқырым» екен.
Бірде мал қайырып жүрген Қазығұмар насыбай атпақ болып, Ошақбай ұстаның дүкеніне соғады. Ұста әлденені сылтауратып, насыбай бермейді. Сол кезде илеп жатқан темірдің бір ұшқыны оның етігінің қонышына түссе керек. Балтыры күйіп бара жатқан ұста жалма-жан етігін шешіп жібергенде қонышындағы насыбай шақшасы бақсының алдына ыршып түсіпті. Сонда бақсы:
– Ошеке, сұрағанда бермедің, шақшаға рақмет, алдыма өзі келді, – деп шығып жүре берген екен.
Тағы бірде Ағза деген отағасының әйелі босана алмай, ол түнделетіп Қазығұмарға келеді. Сонда бақсы: «Келін босанып, ұл тапты, бауы берік болсын! Кіндігін көршілеріңде қонақ болып жатқан орысқа кестір, атын «Ендіая» қой. Өзің де сары ала қазды атуды тоқтат, оның қарғысы қатты болады» – деп қайтарып жібереді.
Советхан Қалиғожин
Өскемен.