Баға

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҚЫЛАУДА

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тежеу, тұрақтандыру мақсатында бүгінгі күні облыстың тоғыз ауданы мен қаласында 1046 сауда орнымен сауда үстемесін 7-10 пайыздан асырмау туралы меморандумдар жасалған.

Индустриялық-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасының ақпараты бойынша Өскеменде – 160, Риддерде – 11, Алтай ауданында – 62, Катонқарағайда – 30, Глубокоеде – 38, Самарда – 92, Тарбағатайда – 8, Ұланда – 68, Шемонайхада екі сауда орнында арзан бағадағы азық-түліктер сатылып жатыр.

Облыстағы 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы туралы күнделікті ақпаратты stat. gov. kz. сайтынан көруге болады. Ол азық-түліктердің қатарында күріш, бірінші сұрыпты бидай ұны, бірінші сұрыпты бидай наны, рожки, қарақұмық жармасы, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, майлылығы 2,5 пайыздық айран, сүт, жұмыртқа, ас тұзы, сүзбе бар.

14 ақпанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасының индексі 102,9 пайызды құраған. Былтыр «Ертіс» ӘКК арқылы «Агрофирма Приречное» ЖШС, «Мусин» ШҚ мен келісімшарттар жасалып, тұрақтандыру қорына алынатын картоп, сәбіз, қырыққабат өнімдерінің бағасын тежеуге орай оларға қаржылай қарыздар берілген.

Арзан бағадағы бұл көкөністер өткен жылдың қараша айынан бастап Өскемендегі 23 сауда нүктесінде және кейбір аудан орталықтарында сатылып жатыр. Тұрақтандыру қорының өнімдері мамыр айына дейін саудаланбақ. Облыстық индустриялық-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Елдар Байрахметов журналистермен өткен баспасөз мәслихатында ақпан айынан бастап тұрақтандыру қорының көкөністерін сататын бұл сауда нүктелерінің саны 68-ге жеткенін айтты. Тұрақтандыру қорындағы төмендетілген бағамен сатылып жатқан азық-түліктер мен көкөністердің мекенжайлары, бағалары туралы ақпаратты «Ертіс» СПК.кз сайтынан көруге болады.

Облыстағы 1046 сауда орнымен, шаруашылықтармен, толайым сауа нүктелерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік  өнімдеріне 7-10 пайыздан артық сауда үстемесін қоспау туралы меморандумдар жасалған, сондай-ақ облыста 17 әлеуметтік дүкен, 227 әлеуметтік сауда бұрышы жұмыс істеп тұр. Жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге өз өнімдерін үстемесіз сатуға тұрақты түрде 279 сауда орны беріліп келеді.

Баспасөз мәслихатында «Ертіс» ӘКК» мемлекеттік бағдарламалар департаментінің директоры Артем Демидов айтқандай, бағаны тұрақтандыруға қатысты Үкімет тапсырмасына орай ақпан айынан бастап тұрақтандыру қорының сауда нүктелерінде күнделікті сатылып жатқан көкөністердің көлемі 30 пайызға арттырылған. Келісі 110 теңгеден сатылып жатқан сәбіз мамырға дейін, картоп 15 мамырға дейін, қырыққабат сәуірге дейін саудаланатын болады.

 

 

Back to top button