Тарих

Қажымұқанның ерлігін қайталаған Қажытай

Қажымұқанның ерлігін қайталаған Қажытай


Қажымұқанның музейінде Қажытай Шалабаевтың суреті бар. Онда жерлес ұшқыш сыйлыққа алған су жаңа ұшақтың экипажымен бірге бейнеленген. Сурет не дейді? Оның артында қандай сыр жатыр? Әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовтың бейбіт өмірдегі ерлігін соғыс жылдары Шалабаев қалай жалғастырды? Мақаламызда осы сұрақтарға мүмкіндігімізше жауап беруге тырыстық.

Семей жұрты үшін есімі ерекше қастерлі

Семейде тұңғыш цирк ашылғанда оның тұсаукесеріне даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың өзі келіпті. Қала жастарына күрес өнерінің қыр-сырын үйретіп, цирк манежінде ұйымдастырылған турнирлерге қатысқан қазақтың күш атасы соғыс жылдары да Қарт Ертіс жағасындағы қалаға бірнеше рет ат басын тіреген екен. Өз басым оның күресін тамашалаған, арнайы бөлінген ат-шанамен қонақ үйіне, тамақтандыруға апарып, алып қайтып жүрген кісілердің Қажымұқан туралы таңдайларын қағып айтып отырғандарын талай мәрте естіп едім.

Сол кездері қалада ұйымдастырылатын балуандар айқасының жеңімпаздарын Қажымұқанның өзімен белдестіру дәстүрі бар еді. Дәл сондай кезекті турнирдің бірінен кейін цирк аренасына жарыс жеңімпазы, сол кездегі Семей облысы, Шар ауданындағы Қызылшілік ауылының тумасы, Шығыс өңіріне атағы жайылған балуан Мүслімқан Қосаев шақырылады. Алайда аренаға шыққан Мүслімқан Қажымұқанның алдында басын иіп, Әлем чемпионына жолын беріп, оның батасын алыпты. Осы оқиғаны Мүслімқан атаның келіні Ғазизаның да аузынан естіп едік.

Иә, сол себепті болар, Семей жұрты үшін әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімі ерекше қастерлі. Ал батыр бабаның даңқты семейлік ұшқыш Қажытай Шалабаевпен таныс болғанын білгенімізде оған деген құрметіміз еселене түсті.

Осыдан біраз бұрын Түркістан облысына жол түсіп, сапар барысында Қажымұқан атамыздың рухына тәу ету мақсатында Ордабасы ауданындағы Темірлан елді мекенінде орналасқан музейіне әдейлеп соққан болатынмын. Мекеме «Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі» деп аталады екен. Бір ерекшелігі, нысан демеушілердің қаражатына салыныпты. Еңселі ғимараттың сырт пішіні әдемі-ақ, алыстан менмұндалап, елді мекенге көрік беріп тұр. Музейдің іші де керемет, бейне бір цирк аренасына кіргендей болады екенсің.

Музейдегі экспозицияға даңқты балуанның өмірі мен спорттық мансабы жайында баяндайтын фотосуреттер мен бейнетаспалар, жеке тұрмыстық заттары мен киген киімдері, әлемдік сайыстарда жеңіп алған 48 алтын-күміс орден-медальдары қойылыпты. Бізді әсіресе оның дене бітімінің ерекшеліктері туралы мәліметтер қызықтырды. Қажекеңнің қартайған шағындағы бойының өзі 195 сантиметрге, ал салмағы 174 келіге тең болыпты (ал күресіп жүрген кезіндегі салмағы 215 келіні құраса, бойы 200 сантиметрден асады екен). «Шалбарының белдігі – 220 см, жауырынының жалпақтығы – 60 см, саусақтарының ұзындығы – 14, жуандығы – 10 см» сияқты Қажымұқан туралы деректерді өз көзіңмен көргенде, «Осындай да дене бітімі болады екен-ау?!» деп еріксіз таңдай қағасың.

Ал күш атасы 75 жасында көтерген салмағы 480 келіні құрайтын тасты айтсаңызшы. Оған да жәдігер ретінде музей төрінен орын табылыпты.

Алыстағы елден жеткен сыйлық

Музейді аралап жүргенде көзіме Қажытай Шалабаевтың суреті оттай басылды. Жерлесіміз Қажымұқанның қазақ әскери ұшқышына сыйлаған ұшағының қасында звеносымен бірге түсіпті. Бұл қайдан келген сурет? Қазақтың күш атасы Қажытай Шалабаевты қайдан тануы мүмкін?
Осы ретте, жерлесіміз Қажытай Мұсаұлы туралы аз-кем мәлімет бере кетуді жөн көрдік.

Әке-шешесінен ерте айырылған Қажытай нағашысы Темірланның қолында өседі. Ол кезде матрос нағашысы кішкентай жиенін пароходта бірге алып жүреді екен. Сондай сапардың бірінде Қажытай пароходпен Павлодарға жол тартқан жауырыны жерге тимеген даңқты балуан Қажымұқанды көреді. Бұл оқиға баланың жадында мәңгі сақталып қалады.

Соғыс басталған соң ол әскери ұшқыш оқуын Ақтөбе, Армавир және Чебоксары қалаларында жалғастырады. Оқуын тәмамдаған бойда Эстонияда тұрған Ленинград майданына қарасты 43-ші запастағы авиациялық полкіне жіберіледі. Бұл 1944 жылдың жазы болатын. Кіші лейтенант Қ.Шалабаев 284-ші авиациялық дивизияға қарасты 70-ші авиациялық полкқа ауысып, түнгі барлау қызметіне кіріседі.

Бұл майданға Әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовтан ерекше сыйлықтың келіп жеткен кезі екен. Күш атасы жүз мың рубль жинап, Жоғары Бас қолбасшы Сталиннің атына осы сомаға ұшақ жасатқызып, оны майдандағы қазақ ұшқышына беруді өтініп хат жолдапты.

Көп ұзамай Қажекеңе Кремльден жеделхат келеді. Онда «… Примите мой привет благодарности от Красной Армии тов. Хаджи мукан, за вашу заботу о Воздушных Силах Красной Армии. Ваше желание будет исполнено. Сталин», – деп жазылған екен.

Қажымұқанның ерлігін қайталаған Қажытай

Қорғаныс министрілігі дереу әскери ұшқыш іздестіріп, таңдау кіші лейтенант Қажытай Шалабаевқа түседі. Көп ұзамай бұл хабар авиаполкке де жетеді. Осы сәтті Қажытай ағаның өзі былай еске алады:

– Өзімнің кезекті жауынгерлік тапсырмамды орындап, баянат бермек оймен штабқа бет алған кезім, ойымда ештеме жоқ. Кенет алдымнан кезекші офицер шығып, полк командирінің жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары, полковник Смирновтың шақырып жатқанын айтты. Полковник күлімдеп қарсы алып: «Алыс ауылдағы атаңнан саған сыйлық келді. Өзінің жинаған ақшасына ұшақ сатып алып, біздің армияға жіберіпті. Армияның Әскери кеңесінің шешімімен сол ұшақ саған тапсырылатын болды», – деді. Сол күні маған салтанатты түрде полк алдында По-2 ұшағының кілті тапсырылды. Кеудемді мақтаныш кернеген мен майдангер жолдастарымның алдында тұрып: «Жолдастар! Мен қазақтың қарт балуаны Қажымұқан батырдың сыйлығын – осы су жаңа ұшақты алғаныма шексіз қуаныштымын. Бұл ұшақтың көмегімен фашистерге бұрынғыдан да қатты соққылар жасап, оны соғыстың соңғы күніне дейін аман сақтап қалуға ант беремін», – дедім. Артынша экипажбен бірге ұшақтың жанына тұрып суретке түстік. Қажымұқанның музейінде сақтаулы тұрған фотосурет осы.

Қажытайға Батыр атағы неге берілмеді?

Осы бір ұшақпен кіші лейтенант Қажытай Шалабаев барлығы 120 жауынгерлік тапсырманы орындапты.

Қарт ұшқыштың «Алдыңғы тапсырмалар мен Қажымұқан атамның ұшағына мінгеннен кейінгі тапсырмаларым екі бөлек», – дегені бар.

Сондай тапсырмалардың бірі Латвияның Скрунда қаласындағы Батыс Двина өзені үстімен өтетін теміржол көпірін істен шығару болған-ды.

Бұл операцияда бомбалаушы ұшақтың міндеті барлық шамын жағып, менмұндалап, жаудың зенитшілерін өзіне қарату еді. Егер жаудың зенитшілері ұшақты атып түсірсе, онда операцияның іске аспағаны. Сондықтан бұл міндетті атқаруға шебер әрі батыл ұшқыш керек болатын. Қорғанысы аса күшті жау шебін бұзу Шалабаевтың звеносына сеніп тапсырылады. Олар бұл міндетті абыроймен орындап шығады.

Жаудың назары Қажытайдың ұшағына ауғанын пайдаланған шалабаевшылар (Шалабаевтың звеносын дәл осылай атапты) көпірге қырғидай тиіп, оның күлін көкке ұшырады.

Осы ерлігі үшін әскери ұшқыш, кіші лейтенант Шалабаев екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды.

Шалабаевтың ерліктері туралы қарулас жолдастары да көп жазыпты. Мәселен, аға лейтенант Антипенко Қажытайдың 1944 жылы 20 -желтоқсанда Березниеки елді мекені маңында жаудың қару-жарақ, жанар-жағармай тиелген автоколоннасын бомбалап, отқа орағанын растаған. Сол сияқты аға лейтенант Веничко мен лейтенант Нефедов жерлесіміздің Мосты станциясында жаудың әскери эшелонын талқандағанын дәлелдейтін мәлімдеме жасапты. Мұндай мысалдар аз емес.

Иә, бұл даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың ұшағына ие болған бірегей әскери ұшқыш Қажытай Шалабаев ерліктері туралы дастанның бір парағы ғана. Қарап отырсам, жерлесіміздің сол бір ерліктері менің де мақаламаларыма талай рет арқау болыпты. Сондай мақаланың бірі Қорғаныс күштерінің «Қазақстан Сарбазы» газетіне «Даңққа лайық» деген тақырыппен жариялаған-ды. Осы ретте, аталған мақаладан бір үзінде келтіре кетуді жөн санадым:

– Аға, сіз 300-ге жуық жауынгерлік тапсырманы орындаған жансыз. 600 рет жау шебінен аса алдыңыз. Мұның өзін де ерлікке балауға болады ғой. Жауға қанша нұқсан келтіргеніңізді жауынгер жолдастарыңыз жазбаша түрде дәлелдеп отырыпты. Сонда сізге неге «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілмеді? Тіпті, әскери шеніңізді де көтермепті. Не нәрсенің де уақытында бағаланғаны дұрыс қой. Мен сізге келер алдында осы атаққа ие болған ұшқыштардың көрсеткіштерін қарап шықтым. Сонда ең төменгі көрсеткіш – 95, ал ең жоғарғысы – 201 жауынгерлік тапсырмаға тең екенін аңғардым.

– Соғыс кезінде Батыр атағына лайық офицерлер мен солдаттар көп болды. Олардың бәрі ескерілді деп ойламаймын. Егер Мәлік Ғабдуллин мәселе көтермесе, Мәншүк Мәметова да Батыр атағын алмас еді. Бір сөзбен айтқанда, қасыңда ерліктеріңді растап, құзырлы органдарға тиісті ұсыныспен шығатын адам болуы керек екен. Бұған қоса соғыс кезінде По-2-ні толыққанды әскери ұшақ деп санамады. Ал негізі бізге әуедегі жеңісті Ил-2 мен По-2 ұшақтары әперіп еді…

* * *

Әлі есімде, 2003 жылдың 8 мамыры күні «Иртыш сегодня» газетінің 19-нөмірінде жарияланған «Летчик, унаследовавший славу великого батыра» атты мақалам жарық көрді. Сол күні ардагерге газетті апарып беріп, Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап қайтайын деген оймен Қажытай ағаның үйіне бет алдым. Алайда Шалабаевтардың үйіне жете бергенде алдымнан табыт көтерген бір топ адам шықты. Жүрегім зу ете қалды. Міне, қазақтың күш атасы атанған Қажымұқан бабамыздың ерлігін майданда жалғастырған әскери ұшқыш Қажытай Шалабаевпен мен дәл осылай қоштастым.

Шаймардан Қалиақпаров,
отставкадағы полковник,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Семей.

Осы айдарда

Back to top button