«Ақжолтайдан» құттықтау күткен жұрттың жадында қалды
Тоқсаныншы жылдары облыстық телевидениенің «Ақжолтай» құттықтау-сазды бағдарламасы танымал болып тұрды. Сол бағдарламаның жүргізушісі, көрікті де сұлу, жағымды дауысты Салиха Қайсақызы көпшіліктің көзайымы еді. Хабарды көрермендер күтіп тамашалайтын, туған-туысқандарын осы бағдарлама арқылы құттықтау – ерекше мәртебелі сый болатын. Көгілдір экраннан естілетін «Күршім ауданы, Теректі ауылының тумасы Күлсағира Кәменқызын туған-туысқандары мерейлі елу жасымен құттықтап, төмендегі ақ тілектерді арнайды…» деген сыңайдағы сөз тіркестерінен басталатын әдемі үн балалық шағымыздың бір белгісі болып санамызда жатталып қалыпты. Сонымен, сол хабардың жүргізушісі, диктор Салиха Қанаева қазір қайда жүр? Біз әріптесімізді Алматыдан таптық. Интернет желісі арқылы хабарласып, сұхбат алдық.
Ол кезде мәтінді қағаздан оқитынбыз
– Салиха Қайсақызы, Сіз қандай бала болдыңыз? Балалық арманыңыз қандай еді?
– Қандай бала болғанымды өзім білмейді екенмін. Балалардың үлкені болғандықтан төрт-бес жасымнан бастап сіңлі-бауырларымды бағып, анамызға үй шаруасын тындыруына септігімді тигіздім. Ауыл балаларымен ойын ойнауға да уақыт бола бермейтін, көбінде сол сіңлі-бауырларымды ойнататынмын. Балалық арман деген ол кезде болды ма, болмады ма, есімде жоқ. Тек оқушы кезімде, 5-6 сыныптарға келгеннен бастап суретші болсам ғой деп армандайтын болдым. Мектеп бітіргеннен ол ойымды іске асыруға талпыныстар жасадым, бірақ жолым болмады.
– Телевизияға қалай келдіңіз? Не себепші болды?
– Телевизияға келу жағдайым өзінен-өзі туындады. Институт бітіргеннен кейін Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы облыстық мектеп-интернатта жұмыс істеп жүргенімде интернатқа облыстық телестудияның түсіру тобы келген еді. Сол топпен келген режиссер мені жүргізушілер байқауына шақырды, бір-екі ай сынақ болды, одан ойдағыдай өткен соң негізгі жұмысыммен қатар телестудияға штаттан тыс жүргізуші болып кірдім. Сол жылы «Сіздер үшін достар», кейіннен атауы «Ақжолтай» болып өзгерген құттықтау-сазды бағдарламасының алғашқы көрнсетілімін тікелей эфирде жүргізіп, эфирге шықтым. Сөйтіп ол бағдарламаны 10 жыл жүргізген екенмін.
– Алғашқы толқынысыңызды айтсаңыз. Тікелей эфир болды ма?
– Қобалжу – тікелей эфирде міндетті түрде болатын құбылыс. Өйткені, тікелей эфир үлкен жауапкершілікті талап етеді, ал сол жауапкершілікті сезіну қобалжу тудырады. Алғашқы кездерде қобалжудан аяқ-қолым икемге келмей ауырлап, қатып қалатын немесе өзінен-өзі селкілдеп кететін, кей кездері тілім күрмеліп, бетімнің бұлшық еттері жыбырлайтын. Оның барлығы көрерменге байқалмағанымен эфирді жүргізуге қиындық келтіретін, қиналсаң да күлімсіреп отырасың. Біраз тәжірибе жинақтаған соң қобалжуды, әйтеуір, жеңдім. Студия ішінде қойылатын жарықтардан көз бұлдырап, қате оқыған кездерім де болды. Себебі, ол кезде мәтінді қағаздан оқитынбыз, қазіргідей камера алдында жүріп тұрмайтын, бір сөзді қағаздан оқып одан кейінгі үш-төрт сөзді ойда сақтап айтуымыз керек, сөйтіп, басты бір көтеріп, бір түсіріп отырғанда жарық көзді шағылыстырып, сөйлем жолын қайта таба алмай қиналатынмын. Бағдарламаның алғашқы сандарында редакторлар тікелей эфир кезінде құттықтауды телефон арқылы қабылдап, мәтінді қолмен жазып, ән жүріп жатқан кезде әкеліп беретін, оны көзбен шолып шыққанша ән аяқталып қалады, кімді-кім құттықтап жатқанын түсініп үлгермей жатқанда режиссер сені эфирге шығарып жібереді, көзің камерада, ойың мәтінде болып есеңгіреп отырсаң да, көрерменге сыр бермей оқып шығасың. Сол бағдарламаның тікелей эфирде жүруі мен үшін өте әсерлі еді, өйткені, сол мезетте құттықтау иесімен көзбе-көз жүздесіп отырғандай сезінетінмін. Бағдарлама алдын ала жазылғанда жүргізуің әсерлі болмай, құттықтаулар иесіне емес, айдалаға кетіп жатқандай көрінуші еді маған.
– Танымалдылық қалай келді?
– Танымал болайын деген ойым болған жоқ, ойлаған да емеспін, алдымен бағдарлама танымал болды, ол арқылы мен танылдым. Көшеде таныған жұрт ризашылықтарын білдіріп, қошемет көрсетіп жататын, кейде қайдан көргендерін естеріне түсіре алмай «сізді бір жерден көргенмін», «қайдан көрдім сізді?», «сізбен бір жерде сөйлескен сияқтымын», «жүзіңіз таныс», «сізбен қалай таныспыз?» деп сұрай жақындайтын. Ауыл-аймақтағы көрермендерден өлең арнаған немесе жылы лебіздерін білдірген хаттар да келіп жататын. Көрерменнің осындай ризашылықтары маған да эфирді жүргізуіме шабыт беретін. Кейде артыңнан қарап, көзбен шығарып салып, саусақпен көрсететін кездер де болып қалатын, ол да адамды танудағы әрекеттің бір түрі, ыңғайсыздау болса да көңілге жағымды.
Облыс тұрғындарын он жыл құттықтадым
– «Ақжолтай» бағдарламасының ұзақ уақыт танымал болуы неліктен? Сол хабарды өзім (ол кезде оқушымын) де жақсы көретінмін. Құттықтау мәтіндерін өзгертуші ме едіңіздер?
– Бағдарламаның ұзаққа дейін танымал болуы – ең бастысы, көрермендердің сұранысына ие болуы. Ақылы болса да тапсырыс көп болды. Ол кезде қазіргідей әп-сәтте құттықтау жолдай салатын ұялы телефон, әлеуметтік желі дегендер жоқ, сондықтан тапсырыс берушілерге жақын туған-туыстарын құттықтап, қуаныш сыйлау мүмкіндігі тек телевизия арқылы ыңғайлы, әрі тілек иесіне де абырой еді. Газеттерге де беріп жататын, бірақ газеттен гөрі теледидар жылдам ғой, сондықтан тапсырыс берушілер легі жыл өткен сайын көбейе берді. Кей күндері эфирде белгіленген тиеселі уақытына сыймайтын, сондықтан негізгі хабарлардың уақыттарынан алынып, қосылатын. Ал хабарларды қысқарту телевизияның хабар тарату кестесіне нұқсан келтіреді. Келетін құттықтау сөздерінің көлемі де әртүрлі болатын, қысқа-нұқса жазылғандар, көлемі екі беттен тұратын өлең-жырлар, кейде тек тілек иесінің аты-жөні және құттықтаушылар тізімі, сондықтан эфирге сыйдыру үшін редакторлар қысқартатынын қысқартып, азына қосып, жоғына тілек жазып уақытқа сәйкестіріп эфирге дайындайтын. Кейде сыйдыра аламай екі-үш құттықтауды біріктіретінбіз, оған тапсырыс берушілер «неге біріктірдіңдер?» немесе «неге қысқарттыңдар?» деп ренжитін. Сондай қиындықтар туындағанда бағдарламадан тыс күндері де беріп жүрдік. Сол 10 жыл ішінде облыс тұрғындарының көпшілігін құттықтап шыққан шығармын. Бағдарлама өз болмысын молымен ақтап, абыроймен жабылды. Мен сол бағдарламаның арқасында 2001 жылы «Шығыс маржандары» қалалық байқауының «Кадрда – әйел» номинациясы бойынша жеңімпазы атандым. Одан әрі «Жаңалықтар» бағдарламасына шығып, диктор болдым, кейіннен бірнеше жыл режиссер, аға режиссер қызметін атқардым, соңғы бір-екі жыл бейнеинженер болып еңбек демалысына шықтым. 2011 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталдым.
– Облыстық телевидениенің сол кезі мен қазіргі кезін салыстырсаңыз. Қай жағы озды, қай жағы кенжелеп қалды?
– Жалпы телевидениенің бұрынғысы мен қазіргісі деген оның техникалық мүмкіндіктеріне қарап айтылатын салыстырмалы анықтама. Әйтпесе, барлық кезеңге арналған телевизиялық қағида (канон) біреу-ақ, барлық кезеңге ортақ. Сол қағида сақталса, телевидениеде кемшін тұстардың болуы мүмкін емес. Маған облыстық студияны қазір көруге мүмкіндік жоқ, бірақ студия техникасы заманға сай, ұжымның басым көпшілігі жастар, сондықтан облыстық студия үнемі озықтар қатарында деп ойлаймын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, облыстық телестудия ұжымына шығармашылық табыстар, жетістіктер, әрқашан биіктерде болуларын тілеймін. Айдардың «Сіз неге көрінбей кеттіңіз?» деген атауы қатты ұнады, орынды аталған. Бұл атаудың да танымалдығы ұзағынан болсын!
Қазақша Уикипедияға материалдар енгізу – хоббиім
– Қазір немен шұғылданып жүрсіз? Отбасыңыз туралы айтыңызшы. Мереке қарсаңында Шығыс жұртына өз лебізіңізді білдірсеңіз.
– Мен қазір Алматы қаласындамын, еңбек демалысына шыққаннан кейін ұлымның қасына келдім. Зейнеткер болып, демалудың да рақатын көріп жатырмын қазір. Отағасы арамыздан кеткеніне 10 жылдан асты, жалғыз ұлым бар. Ол ұлымның үйленгеніне бір жылдай ғана болды, бұйыртса, немере көру алыс емес.
Күнделікті бірер сағат отырып қазақша Уикипедияға материалдар енгіземін, алты жылдай болып қалды бұл жұмысты қолға алғаныма, қазір әкімші дәрежесіне көтерілдім. Қоғамдық жұмыс, әрине, бірақ өзіме ұнайды, хобби десе де болады. Ол жерге сауатты түсірілген суреттер жүктеу үшін арнайы фотограф мектебін оқып бітірдім, қазір фото түсірумен де айналысып жүрмін. Әр нәрсені үйреніп, меңгеруге жас ерекшелігінің еш кедергісі болмайды екен, тек денсаулық пен ықылас болса болғаны. Сондықтан Шығыс жұртына ең бастысы денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Шуақты күнімен келіп жеткен Наурыз мерекесі отбасыларыңызға шаттық, береке, қуаныш әкелсін!
Сыртта жүрген жерлестерін іздеп, жұртшылықпен қауышуға мүмкіндік жасаған «Дидар» газетінің ұжымына алғысым шексіз, еңбектеріңіз жансын!
– Сізге де рақмет! Армандарыңыз орындала берсін!
Әзірлеген – Ержан Әбіш