Тылсым дүние

Ажалды күні бұрын болжай білген әулие

Ажалды күні бұрын болжай білген әулие

Тарбағатай тауының батыс теріскейіне созылып жатқан Құсмұрын, Қандығатай, Алжан биігі алқабын Найман Сыбан атамыздан тарайтын Түкі, Жанкісі батыр ұрпақтары ғасырлар бойы мекендеп келеді. Бұл өлкеден аймағына әйгілі батырлар, ақын-жыраулар, қолөнер шеберлері, айыркөмей әншілер, көріпкел әулие, бақсылар шыққаны көпке мәлім. Солардың бірі – Сыбан Байкөбектен шыққан Түкі батырдың 12 ұлының бірі Бораншыдан тарайтын әулие көріпкел Бектұрған еді. Әулиенің атамекені бүгінгі Қапанбұлақ ауылдық округіне қарайтын Қандығатай биігінің солтүстік батыс жағындағы Қаратұмсық деген тау бөктері. Әулиенің туған, қайтыс болған жылдары белгісіз. Үлкендердің шамалауынша, ХІХ ғасырдың ортасы болса керек.
–Атамның зираты қыстауының қасында. Қысы-жазы әулиеге тәу етіп, сиынып, басында болып, құран бағыштап, ақтық байлайтын кісілер көп,- дейді әулиенің 7-нші ұрпағы, 70-ті алқымдап қалған қария Сайлау Нұрғазыұлы бір әңгімесінде. – Үлкендердің айтуынша, Түкі атамыздың тұқымы атақоныстан аумай тұрақтап қалуына бабам Бектұрғанның көріпкелдік бір сөзі ықпал еткен сияқты. Бірде ауылдастарын жинап алып: «ағайын, түнде түсімде солтүстіктен оңтүстікке қарай ұшы қиыры жоқ қос арқан тартылып бара жатты. Осы өңірдегі адамдар қаптап соның төңірегінде жүр. Көңілдері көтеріңкі көрінді. Болжауымша, осы аймақта ғажап бір іс басталады. Соның қызығын кейінгі ұрпағымыз көрер деген үміттемін» депті. Сөйтсек, бабамыздың болжағаны осы іргеден өткен 20-ғасырдың басында іске қосылған мына теміржол екен. Бірде Бектұрған әулие жайлау үстінде бие бау басында тұрғанда анадайдан суыт жүрісті екі жолаушы келіп, әулиеге сәлем береді. Біреуі – жастау келіншек те, екінші серігі – бозбала жігіт. Жөн сұрасады. Жас келіншек қысылаңқырап: «ата, құдай қаласа, бір перзент көрсем деп едім. Үлкендердің айтуынша, сізден бір жәрдем…» дей бергенде, әулие сөзінің аяғын айтқызбай: «балам, қалай келдің, ауылыңа солай тез қайт, жауабын кейін аласың» деп жолаушыларды тез қайтарыпты. Түкке түсінбеген олар күн бата ауылдарына жетеді. Құдық басындағы жылқы суарып жатқан отағасына келіншегі болған жайды баяндап бола бергенде, бірге барған қасындағы бозбола жігіт атынан құлап түсіп, сол орнында қаза тауыпты. Арада аз уақыт өткен соң, жас келіншек әулие атасына қайта келеді ғой. Бұл жолы Бекең атасы келіншекті дұрыс қабылдап, емін жасап: «Алла жар болса, перзентті боласың» деп ықыласын білдіреді. Осы ыңғайлы сәтті пайдаланған жас келіншек рақметін айтып, «ата, жауабын кейін айтам» деп тез қайтардыңыз. Ол не сөз еді?» деп сұрайды. «Әй, балам-ай, онда қасыңдағы жас жігітті қан басып, бойы қанға малшынып тұрды. Сол себепті сендерді тез қайтардым. Олай етпесем, мен сөзге қалатын едім» депті.

Мәуітқазы Зүкенов

Осы айдарда

Back to top button