Тылсым дүние

Ажалдан арашалаған аян

            Ажалдан арашалаған аян

Әлима түсті жорымақ түгіл, оларды ертеңгісін ұмытып қалатын. Алайда, кейбір түстердің босқа кірмейтіндігіне, оларда үлкен мән жатқандығына көзі жетті. Әлима Семейдегі жоғары оқу орындарының бірінде білім алып жатқан. Үлгерімі өте жақсы болғандықтан, қысқы сессия уақытында біраз сабақтан «автомат» алып, Жаңа жылды ауылдағы ата-анасымен қарсы алмақ. Оларға азын-аулақ сыйлықтарын алып,кездесер сәтті тағатсыздана күтеді. Ертеңгісін ерте тұрып, бірден автобекетке бармақ. Содан айналдырған екі-үш сағатта ата-анасының құшағына «күмп» етпек. Тәтті қиялдың жетегімен кірпіктері айқасып кетеді. Түсіне біраз жыл бұрын көз жұмған нағашы әжесі кірді сонда. Әлима құрбыларымен саябақта қыдырып жүр екен. Сол саябақ ортасынан қақ бөлінген. Бір бетінде бала-шағаларымен қыдырып жүрген адамдар, шат-шадыман жастар. Екінші бөлігі орманға ұласып жатады. Саябақтың сол бетіне өту үшін автобусқа мінуің керек. Әлима саябақтың арғы бетінде не қызық бар екен, көрсе ғой деген оймен автобусқа жақындайды. Қараса, оның жүргізушісі өзінің әжесі. Қыз жүрегі қуаныштан жарылардай. Әжесін бас салып, уақыт іздері аямай шимайлаған бетінен сүйді. Бірақ қарт ана немересін сағынбапты. Суық қарап, зекіп тастады. «Үйге қайт, осы уақытта неге жүрсің, қаңғып», -деп дүрсе коя берді.
– Құрбыларыммен серуендеп жүрмін, әже. Бізді арғы бетке өткізші, орманды тамашалайық. Көп ұзамай қайтамыз,- деді Әлима әжесінің алдында әрі ақтала, әрі еркелей сөйлеп.
– Қайт деген соң қайт, қазіргінің балалары тіл алмайды-ей. Кеш болды, анаң сирағыңды шағады. Одан да сіңлілерімнің бірін жібер, көріспегелі көп болды,-деп әжесі автобусты от алдырып арғы жаққа бет алды. Әлимаға әжесінің көлік жүргізгені күлкілі көрінді. Жараспайтындай ма, қалай… Мырс етті.
Құлағына құлынның шырқыраған дауысы келетіндей. Жан-жағына қарап, дауыстың қайдан шығып жатқанын түсіне алмады. Шыр-шыр етеді. Көзін зорға ашты. Шырқыраған құлын емес, сағат қоңырауы екен. Сонда жаңағының бәрі түс болғаны ма…
Ол түсін жанындағы құрбыларына айтып берді. «Әжең аян беріп тұр. Бүгін жолға шықпа», – деді құрбысының бірі.
– Қойшы «түс түлкінің боғы» емес пе, қайта күлкілі түс,- деп Әлима ішек – сілесі қатты.
Автобекетке барса, билеттердің бәрі сатылып кетіпті, қас қылғандай таныс жүргізуші ағайлардың бірі де кезікпеді. Әлима амалсыз теміржол бекетіне бет алды. Сол күні олардың ауылдарына жол тартақан автобус апатқа ұшырады. Жарақат алғандар көп еді. Әлима түсін анасына айтып берді: «Әжеңнің аруағы сені қолдап-қорғап жүреді екен, бірақ сіңлілері несі, кімді меңзеді екен»,- деп екі ойлы болып жүрді. Көп ұзамай нағашы әпкесі жүрек талмасынан көз жұмды. Әлима сонда ғана әжесі түсіне тегін кірмегенін түсінді. Әлі күнге дейін оны түсінде көрсе, өмірінде өзгерістер болатынын іштей сезеді.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button