Тарих

Қазақтың арғы атасы араб емес

Қазақтың арғы атасы араб емес

Қазақ тарихынан ойып тұрып орын алатын үлкен бір тайпа бар. Ол – найман тайпасы. Бірақ сол найман елінің шығу тарихы, қалыптасуы жайында әртүрлі айтып жататындар да бар. Тіпті қазақтың арғы атасын арабтармен шатыстырып жіберетіндер де жоқ емес. Біз сондай атүсті пікір айтушыларға ой салар деген ниетпен ел тарихын ерінбей зерттеп жүрген жазушы, зерттеуші, жерлесіміз Сағди Қапасұлының Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай жазған «Наймандар» атты көлемді зерттеу мақаласынан үзінді беріп отырмыз.
Редакция.

Қазақтың арғы атасы араб емес

Наймандар – қазақ руларының ішінде әлі күнге дейін ерте замандарда қолданылған атпен жасап келе жатқан аса кесек рулардың бірі екендігі дау тудырмайтын құбылыс.
Олар бұрын да, қазір де жан саны жағынан өте көп, қазақ атты киіз туырлықты халықтың әр кездерде қабырғасын жапқан ірі ұлыс екендігіне ешкімнің таласы жоқ.
Тарихи деректерде Наймандар мен Керейлердің несториан дінін (христиан дініндегі бір ағым) ұстанғаны айтылады. Найманның Күшлік ханы Қарақытай мемлекетінің билігін өз қолына алып, осы елдің гөрханы (Ұлы ханы) Жилугудің қызы Күнкеге үйленгеннен кейін несториан дінінен шығып, будда дініне (пүтқа табынушылық) кіреді. Ол кезде Қарақытай мемлекетіндегі жұрттың дені мұсылман дінін ұстанатын болғандықтан, Күшлік хан тарапынан олар «не несториан, не будда дініне кірсін» деген зомбылық талаптар қойылып тұрған көрінеді. Өзіне мұсылмандарды қарсы қойып алған Күшлікті Қарақытай еліне жетісімен баршаға дін, сенім бостандығын жариялаған Шыңғыс ханның атақты қолбасшысы Жебе ноян асқан қиындықсыз-ақ жеңеді.
Алайда, Найман мемлекеті күйрегенімен халқы түгелімен қырылып қалмаған. Кейінгі жылдарда олар әр тұста тарих сахнасынан көрініс тауып отырғанын ғалымдар кеңінен жазады. Мысалы, Шыңғыстан ығысып Орта Азия өңіріне қоныстанған Наймандар XV ғасырдың соңында Мұхаммед Шайбани ханның ықпалында болды. XVI ғасырда Марыға Найманнан шыққан Қобыз би, Жолым билер әмір жүргізді. Найман Назар би Балхты биледі. Нұраталық көшпелілерді Найман Ахмет Әлі басқарды. Шайбани тұқымы Бабаханның бір әскербасы Найман Жан-Мұхаммед би болған. Шежіреші Әбілғазы Найман Сопымырзаның 1604 жылы оның әкесі Араб Мұхаммед ханды өлтіру үшін қастандық ұйымдастырушылардың бірі болғанын тілге тиек етеді. Осы мысалдардан-ақ Наймандардың Орта Азия аймағында қабырғалы күштердің бірі ретінде әрекет еткенін байқау қиын емес. Бұл Наймандар бірте-бірте жергілікті халыққа сіңісіп, өзбек, қарақалпақ қауымдастығының бір тармағы болып кетті. Өзбектерде Қазақ Найман, Қарақалпақта Бағаналы, Терістаңбалы, Қырғыздарда Бүйе Найман, Мырза Найман, Жуанбұт Найман руларының кездесуі сол араласудың бір белгісі болса керек.

Есімін ел білетін батыр қыздар

Қазақ Наймандары 1720 жылдардағы Жоңғар шапқыншылығынан кейін Орталық Қазақстандағы Тоқырауын алқабынан Алтай мен Жоңғар тауларына дейінгі аралыққа орналасты. Ғұлама ғалым Мұхамеджан Тынышпайұлының айтуынша, Наймандардың 1810 жылы Қарқаралы мен Шыңғыстауды тастап, оңтүстікке қарай сырғуы олардың соңғы қоныс аударуы болған еді. Осы тарихшы Наймандардың саны 1917 жылдың қарсаңында Бұқара мен Қытайдағы руластарын қоспағанда 830 мың адам төңірегінде деп көрсетеді.
Басын аша кететін бір мәселе, ол ел арасында кең тараған Найман жұрты бір діңгектен – Найман есімді түп бабадан тарқатылып жататыны. Өзін Найманбыз дейтін бар руды (олардың арасында баяғы аумалы-төкпелі аласапыран замандарда басқа елдерден келіп сіңіскен жат жұрттар бар болса да) сол «Шалдан» ғана тарқатып қояды. Ал тарихи деректерге сүйенсек, Найман – қазақ шежірелерінде айтылатындай, жеке адамның аты емес, ол «Сегіз оғүз» деген ел атының моңғол тіліне аудару арқылы сіңіскен атауы.
Наймандардың көсемі Таян хан Алтай тауында оққа ұшып шәйіт болғаннан кейін де, оның жаужүрек кенже ұлы Күшілік Шыңғыс ханмен берілместен 18 жыл ұрыс жүргізген екен. Сонда түркі тектес рулар мен ұлыстар ішінде (бұл тұста қазақ жұрты әлі жеке хандық болып қалыптаспаған – С.Қ.) қаһарлы да айлалы Шыңғыс хағанмен, бүкіл түркі иісті халықтардың төл жұрты, алтын бесік атамекені болған Алтын Алтай үшін табаны күректей жиырма жыл жаралы арыстандай жанталаса арпалысқан – жаужүрек Найман ұлысы болыпты.
Хақназар, Шығай, Тәуекел, Есім, Жәнібек, Салқам Жәңгір хандар тұсында қазақтың тұңғыш хандығын жаудан қорғауда ерен ерліктерімен бүкіл қазақ жұртына әйгілі болған Найман батырлары: Көкжарлы Ақымбет, Қобыз, Жанмұхаммед, Жолым, Ақпан, Қамбар, Көксүңгілі Көксерек, Түкі, Төртуыл Бердіке, Бура Назар, Терістаңбалы Найман Ахметәлі, Қаракерей Сопы-мырза, Баба-мырза.
Осындай хас батырлармен жауға қатар шапқан темір сауыт киген, тепсе темір үзетін, ер көңілді Найман қыздары да болғандығына тарих куә. Дарабоз, Хан Батыр атанған, барша
Орта жүз әскеріне Бас қолбасшы болған Қаракерей Қабанбайдың жан жары, атақты Бәсентиін Малайсары батырдың қарындасы – Гауһар, алғашқыда ағасының жасағында, кейін Найман қосынында, соңынан бүкіл Орта жүз әскерінде барлау жүйесінде қалтқысыз қызмет атқарып, ерге тән ерліктің үлгісін танытып, Қыз батыр атанғандығы кезінде қазақтың үш жүзіне әйгілі болған.
2002 жылы Аягөзде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының 1500 жылдық тойы өтті. Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ұлы мерекеге орай Баян сұлуға ғана емес, тіпті бүкіл қазақ қыздарына арнап, облыстық «Дидар» газетіне жариялаған мақаласынан үзінді келтіре кетейін.
«Бала күнімізден санамызға сіңген Сенің қазақ қызы екеніңді білетінбіз. Сөйтсек, Сен қазақ ішінде найман елінің қызы екенсің ғой, ардақты апа. Сағағынан үзіліп түскен қызыл алма өзі өскен ағаштың түбіне құлайды. Сен де сол қызыл алмадай болып өз жеріңде найман елінің Сыбан руы ту тіккен Аягөз алқабында жатырсың. Сондықтан да дүние жүзіндегі ең ұлы той – махаббат мейрамы Аягөз өлкесінде өтіп жатыр!
Сұлу қыз, көркем әйелдер көп қой қазақта. Көп! Солардың ішінде ең сұлу, ең сымбатты, ең сүйкімді, ең әдемі, ең әдепті, ең ақылды қыздар Найманнан шыққан. Жүрегінде оттай лаулаған махаббатымен артқы ұрпаққа тарихи жыр болып қалған асыл аруларымыздың көбі найман сұлулары. Осы қасиеттеріне қарап, үш жүздің жақсы жігіттерінің бәрі Найман қыздарына құмартқан, ғашық болған. Ұлы Абайдың өзі Найман елінің бір тарауы Сыбан жұртынан шыққан әрі ақын, әрі шешен, әрі әдемі, әрі ақылды Қуандық сұлуға ғашық болғаны айдай әлемге аян.
Есімі бүкіл бір тайпа елдің атына айналып кеткен Мұрын анамыз – найман қызы.
Қазақ халқының маңдайына біткен ұлы данамыз, алып Абайдың әжесі Зере анамыз – найман қызы.
«Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы Тоқтамыс Жуан таяқ деген кісінің» аяулы інісі, кемеңгер Кебек батыр кұлай сүйіп, құшақтасып өлген ару Еңлік – найман қызы.
Ал қазақ әйелдерінен шыққан ең атақты ақын, ұлы Біржанмен айтысы ұлтымыздың мәңгілік мұрасы болып операға айналған Сара да – найман қызы».

Тегін білу – тектілік

Енді, найман шежіресінің бұрмаланып, қате айтылатын тұстары жайында біраз түсінік бере кеткенді парыз санадым. Ақиқатын айтар болсақ, түп баба найман жайында асырып айтылатын, қасынып айтылатын жағымсыз сөздер баршылық. Бұл – сонау ықылым заманнан өкшебасты болып келе жатқан дерт. Ал осы жасанды дертті әлсін-әлсін қоздырып қоятынын қайтерсің?!
«Қазақ батырлары» газетінің 2003-ші жылы желтоқсан айындағы 12-ші санында Жантөре Мұзапбар «Үш жүзге сіңген қожалар» атты мақаласында: «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресінде» Жанарыстың бәйбішесінен туған төрт қожаның бірі – Қарақожа. Одан Арғын дедік. Енді бірі – Аққожа, бұдан Найман тарайды. Найманнан жалғыз бала – Шұбартай. Шұбартайды да зарығып жүріп әзер көрсе керек. Шұбартай жастай өліп, келіншегі жастай қалса керек. Сонда Арғынның көп балалары «мен аламын, мен аламын» деп таласқан көрінеді. Сонда қатын: – мен атамның көзі тірісінде ешқайсыңа тимеймін, мына атамның бір атары бар шығар, – деп кұрбы-құрдастарына жалынды дейді. Содан әлгілер малды аямай беріп, бір кедейдің қызын алып береді. Жұмыс үстінде Найман шал өкіріп өліп кетіпті дейді. Қыз шалдан екіқабат болып, ұл туады. Оның атын Төлегатай қойыпты», – дей келе, алты арыс Орта жүзді келіп қонған алты қожаның аттарымен атай салады! VІІ-VІІІ ғасырларда жеке ұлыс болып қалыптасып, өзінің жеке мемлекетін құрған, Монғол үстіртіндегі нестроиан дінін ұстанған Наймандарға, ислам дінін бекем ұстанатын қожалардың Жанарыстың үйіне келіп қона салуының өзі шексіз қиялдан туған, күлкі келтіретін аңыз емес пе?!
Қазақты арабпен туысқан етіп шығарған бұл жалған сарынның түп төркіні кезінде ислам дінінің Ұлы Даладағы түрік тайпаларын өз ыңғайына икемдемек ниетімен тығыз байланысып жатыр. Ал шын мәнінде араб пен түрік тайпалары – бір-бірімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын аралары алшақ, тілі, рухани тіршілігі де бүтіндей басқа, екі түрлі нәсіл.
Араб халифаты VІІ ғасырдан бастап Евразияда мекендеген түрк тайпаларын өзіне бағындырып, дініне кіргізбек болғанымен, ол жолда талай кескілескен шайқастар, сұрапыл соғыстар өткен. Тарихшылар арабтардың ислам дініне бағынғысы келмеген түркі халықтарын «кәпір», «дінсіз» деп айыптап, оларды аяусыз жаныштауға бағытталған қанды жорықтарының үш жүз жылға дейін созылғанын айтады. Ақыр соңында қылыштың жүзі, найзаның ұшы ержүрек түрік тайпаларына да ислам дінін қабылдатып, олар арада бірнеше ғасыр өтпей-ақ өздерінің ата-бабаларын қырған басқыншылардың дініне, олардың пайғамбарларына табынатын халге жетті. Тіпті, өздерін солардың ұрпағымыз деп санайтын болды. Бұл насихаттың салқыны біздің шежірешілерімізге де сыналап кіріп, қиялдан шығарылған ататек туралы әңгімелер желісі ылғи бір пайғамбарларға, сиықтарға (әулиелерге), қожалар мен сопыларға, Қыдырқожа, Сәдірқожа, Қарақожа, Ақсопы, Сарысопыларға келіп тіреліп жатты.
Ал ғылыми деректерге сүйенер болсақ, қазақ арабтар мен пайғамбарлардан тараған жоқ. Ол тым көне замандардан байтақ даламызда, алып аймағымызда қоныстанған этникалык тарихы аса күрделі, байырғы тайпалық бірлестіктер қауымдасуының: сонау Сақ, Ғұн, Найман, Үйсін мемлекеттері, Түрік, Түркеш, Қарлық дәулеттерінің, Қыпшақ ұлысы, кейінгі Алтын Орда, Көк Орда, Ноғай ордаларының құрамына кірген түркі тілдес елдер мен жұрттардың топтасқан одағының ортақ атауы.
Бізге жетіп отырған шежірелер сол байырғы жеке-жеке рулардың, дәлірек айтқанда, бүгінгі Қазақстан территориясын мекендеген елдердің қазақ халқы боп ұйысқан қауымдастығы аясына бірігер алдында, не біріккеннен кейін ғұмыр кешкен аталарының бергі тарихы. Бізде бар рулардың көпшілігі көршілес өзбек, башқұрт, ноғай, қарақалпақ, түрікмен жұрттарының да кұрамына арыс-арыс боп еніп, сол елдердің халқын құрауға қатынасқандығы тарихи шындық.
Сөзімізді қорыта келе айтарымыз, шежіре тарқату – кейбіреулер айтып жүргендей рушылдықты, жікшілдікті қоздыратын құрал емес, жұртымызды бауырмалдыққа, туысқандыққа, ағайын-жегжат арасындағы сыйластыққа баулитын асыл тәлімдеріміздің бірі.

Сағди Қапасұлы

Осы айдарда

Back to top button