Қазандықтар қалпына келтірілді
Бородулиха ауданында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Қазіргі уақытта аудандағы көпқабатты тұрғын үйлер мен мемлекеттік мекемелерге жылу беретін қазандықтар ағымдағы жөндеуден өтіп, сақадай-сай қалыпқа келтірілген.
Бүгінгі таңда өңірде аудан әкімінің өкімімен жылыту маусымына деген дайындықты пысықтайтын арнайы штаб құрылған. Осыған дейін аталмыш штабтың бес отырысы өткізіліп, онда тұрғындарға берілетін көмір бағасын реттеу, оның негізсіз өсуіне жол бермеу, сондай-ақ аудан аумағындағы жылыту қазандықтарын жөндеу туралы мәселелер қаралды.
– Биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Бородулиха ауылындағы қазандықтарда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бағдарлама аясында 4 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, бес адам жұмыспен қамтылды. Мысал келтірсек, «Балдәурен» балабақшасы мен екі төрт пәтерлі тұрғын үйді жылытатын №4 жылыту қазандығында жүргізілген жөндеу жұмыстары барысында бір қазандық толықтай ауыстырылып, екіншісі орташа жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар, екі бес қабатты және екі үш қабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етіп отырған №7 қазандық та жөндеуден өткізіліп, жылыту маусымына әзірлік қалпына келтірілді. Енді аталмыш қазандықтарда су қысымын тексеріп, іске қосатын жұмыстары ғана қалды, – дейді «Коммуналдық шаруашылық» КММ директоры Мұрат Байзақов.
Бүгінгі таңда 280 тонна көмір қорын жинақтаған аудан басшылығы алдағы қысты қысылмай өткіземіз дейді. Сонымен қатар биыл Жезкент кентіндегі тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ететін «Востокэнерго» ЖШС-не қарасты қазандық та толық жөндеуден өткізілген. Қуаттылығы сағатына 132 гигакалорияны құрайтын қазандық бір қыста 50 тонна көмір мен 1400 тонна мазут жағады.
Бүгінгі таңда аудан орталығы Бородулиха ауылындағы 6 тұрғын үй мен бірнеше әлеуметтік мекеме «Коммуналдық шаруашылық» КММ-на қарасты 6 автономды қазандықтар арқылы жылытылса, Жезкент кентіндегі 41 тұрғын үй «Востокэнерго» ЖШС-нің өндірістік қазандығы арқылы жылытылады.
Азамат Темірбеков
Мақала Бородулиха аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді