Азаматтық қоғам қалыптастыру – бастапқы бағыт
11-13 қарашада облысымызда үкіметтік емес ұйымдардың форумы өтеді. Осы форумда облыстың үкіметтік емес ұйымдары қандай мәселелерді талқылайтынын біз Шығыс Қазқстан облысы Азаматтық альянсының төрағасы Олег Чернышовтан білдік.
– Олег Владимирович, Азаматтық форум дегеніміз не? Ол не мақсатта және кімдер үшін өткізіледі?
– Іс-шараның атауы-ақ оның ел азаматтарының өміріне тікелей қатысы бар екенін көрсетеді.
Форум жүйелі түрде – екі жылда бір рет өткізіледі, оның негізгі мақсаты – мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылы мәселелері бойынша диалогты дамыту үшін алаң құру.
– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында өңірдегі қоғамдық ұйымдар алдында қандай міндеттер тұр?
– Ел Президенті өз Жолдауында азаматтық қоғамды қолдауға және нығайтуға, оның өкілдерін жалпымемлекеттік міндеттерді талқылауға тартуға ерекше көңіл бөлді.
Мемлекеттік саясаттың басты басымдығы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру болып табылады.
Бұл – халықпен тұрақты диалог, есептік кездесулер, азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру және өзекті мәселелерді бірлесіп шешу.
Қызметі халықтың мәселелерін анықтауға, алдын алуға және шешуге бағытталған қоғамдық кеңестердің, қоғамдық келісім кеңестерінің және басқа да диалог алаңдарының қызметіне үлкен мән беріледі.
Өңірлік қоғамдық кеңестерге қоғам өмірінің маңызды салаларында қоғамдық бақылауды қамтамасыз ететін азаматтық қоғам институттары өкілдерінің 47%-дан астамы, оның ішінде кәсіподақтар, саяси партиялар, ҮЕҰ, қоғамдық белсенділер енеді.
Мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарлардың іске асырылуына қоғамдық мониторинг жүргізу мақсатында сараптамалық топтар жұмыс істейді, мониторингтік іс-шаралар жүргізіледі.
Жыл басынан барлық деңгейдегі Қоғамдық кеңестер 141 қоғамдық тыңдау, 43 мемлекеттік органдар басшыларының есептерін тыңдау, 30-дан астам қоғамдық рейд өткізді. 103 нормативтік-құқықтық акт қаралды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» коммуникацияларының инфрақұрылымы дамуда. Қоғамдық ұйымдармен бірлесіп мемлекет пен халық арасындағы байланыс арналары – «Қоғамдық қабылдау бөлмесі», «Қауырт желі», ресурстық орталықтар жұмыс істеуде.
Ағымдағы жылы осы алаңдардың қызметі шеңберінде консультациялар мен проблемалық мәселелерді шешу үшін 207 адам өтініш білдіріп, 185 өтініш оң шешілді.
– Шығыс Қазақстан әрқашан еліміздегі қоғамдық бастамалардың алдыңғы қатарында тұрады. Ал нақты қандай істер атқарылды?
– Қазақстанда үшінші сектордың даму тарихы 20 жылдан асады. Шығыс Қазақстан осы жылдар ішінде республикада алдыңғы қатарда келеді. Айталық, алғашқы «Невада-Семей» қоғамдық ұйымы біздің облыста 1989 жылы Семей қаласында тіркелген, бізде алғаш рет инновациялық әлеуметтік технологиялар: қызмет көрсету сапасына айтарлықтай әсер еткен қоғамдық сараптамалар қолданылды, алғаш рет жергілікті өзін-өзі басқару мәселесі көтерілді, 2006 жылдан бастап мемлекеттік сектордың күш-жігерін халықпен біріктіруге, ең өзекті проблемаларды шешуге көмектесуге арналған пәрменді тетік – Қоғамдық кеңес жұмыс істейді.
Біздің облыста қоғамдық кеңес «төменнен» бастама ретінде пайда болғанын түсіну маңызды – ұсыныс жұртшылықтан келіп түсті, ал облыс басшылығы оны қолдады. Бұл ымыраға келудің емес, өзара тиімділіктің мысалы. Яғни, екі тарап та мүдделерінен ішінара бас тартпай, жеңіске жетті. Қоғам ықпал ету құралына, ал билік сенімді кері байланыс арнасына ие болды.
Бүгінде біздің облыста 700-ден астам қоғамдық ұйымдар жұмыс істейді, олардың 200-ден астамы – жұмыс істеп тұрған үкіметтік емес ұйымдар.
Мемлекеттік органдардың күнделікті тәжірибесі ҮЕҰ-ны бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға, әлеуметтік маңызды проблемалар бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізуге кеңінен тарту болды. Қазір үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттің тең серіктесі ретінде қарайды.
– Біз соңғы жылдары қаншама нормативтік-құқықтық актілердің қабылданып жатқанын көріп отырмыз. Бұл процеске аймақтық үкіметтік емес ұйымдар қатыса ма?
– Соңғы жылдары үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметін реттеу саласында қабылданған нормативтік-құқықтық актілер саны арта түсті – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс стандарттары, оның іске асырылу мониторингін қалыптастыру және нәтижелерді бағалау қағидалары бекітілді, Ұлттық жоспарға өзгерістер енгізілді, қоғамдық кеңестердің қызметі туралы жаңа ереже бекітілді. Қоғамдық кеңестердің қызметі туралы заңнамаға өзгерістер енгізіледі.
Бұл жұмыстың артында еліміздің қоғамдық даму министрлігі тұр.
Азаматтық секторды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы кезекті кезең болды.
Бұл жұмыста өңірлік ҮЕҰ жетекші орынға ие екендігін, заң жобаларын, мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге қатысатынын атап өту маңызды.
Мысал ретінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс стандарттарын және мониторинг ережелерін әзірлеу бойынша жұмыс – «Зубр» әлеуметтік-корпоративтік қоры ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, бұл стандарттарды министрлікке тестілеу үшін ұсынылғанға және кейіннен бекітілген ережелердің негізін қалағанға дейін 5 жыл бойы өңдеді.
ШҚО Азаматтық альянсының волонтерлік жұмысқа, электоралдық бастамаларды ілгерілетуге белсенді қатысуы (атап айтқанда, сайлау процесін тәуелсіз бақылау мәселелерінде) еріктілікті және электоралдық сауаттылықты дамыту жөніндегі республикалық ауқымды ұзақмерзімді жобаларға қосқан үлесі болды.
«Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту орталығы» ҚҚ, Азаматтық альянс жергілікті өзін-өзі басқару, қоғамдық кеңестер қызметі саласындағы заң жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс топтарының тұрақты қатысушылары болып табылады. ШҚО Қоғамдық кеңесінің қызметі «Қоғамдық кеңестер туралы» заңның негізіне айналды.
Бүгінде қоғамдық бақылау туралы заң жобасын әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Көптеген ұсыныстар заң жобасының негізін қалады. Қазір оларды талқылау жұмыстары жүріп жатыр.
Бұл бірнеше мысалдар ғана. Әрине, олар әлдеқайда көп.
– Қоғамдық ұйымдардың басым бөлігі Семей, Өскемен қалаларында шоғырланған. Ал ауылдарда қоғамшылдар бар ма?
– Ауылдық жерлерде азаматтық секторды дамытуға жәрдемдесу және ҮЕҰ әлеуетін арттыру мақсатында 2018 жылы Азаматтық бастамаларды қолдаудың ресурстық орталығы ашылып, жұмыс істеуде.
Ресурстық орталықтың жұмысымен қатар «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылатын «Шығыс Қазақстан облысының Қазақстан азаматтық альянсы» ЗТБ әлеуеті пайдаланылады.
ШҚО Азаматтық альянсының белсенділері – бұл «далалық десант» – жасөспірімдер мен үй шаруасындағы әйелдерден бастап жұмысшылар мен зейнеткерлерге дейінгі халықтың түрлі топтарымен демократиялық интерактивті форматта жұмыс істейтін көшпелі жаттықтырушылар мен мамандар.
Мұндай көшпелі жұмыстың мақсаты – адамдармен барынша қарым-қатынас жасау, әлеуметтік бастамаларды тіркеу, «бетпе-бет» форматында кеңес беру, туындаған кезде проблемаларды анықтау және жергілікті қауымдастықтардың күштерімен шешім іздеу.
Адамдар – біздің алтын ресурсымыз: бұл идеялар, жобалар, науқандар және жетістіктер. Бірлік пен күш-жігер кез келген проблемалық жағдайды түбегейлі өзгерте алады!
Бүгінгі таңда әрбір ауылдық округтегі жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі аясында тұрғындар жергілікті қоғамдастық жиналысын таңдайды. Сол орган Қоғамдық кеңестің функциясын орындайды. Жергілікті қоғамдастық жиналысы маңызды мәселелерді шешеді, мысалы, ауылдық округ бюджетінің жобасын талқылайды.
Ауылдық округтердегі азаматтық белсенділікті одан әрі арттыру ҮЕҰ-ның өсуіне де ықпал етеді деп ойлаймын.
– Қоғамдық кеңес – шынымен шешім қабылдауға әсер ете алатын қоғамдық құрылым ба?
– Жоғарыда атап өткенімдей, өңірлік Қоғамдық кеңестер 222 адамнан тұрады, олардың жартысынан астамы азаматтық сектордың өкілдері болып табылады – бұл қоғам өмірінің маңызды салаларында қоғамдық бақылауды қамтамасыз ететін кәсіподақтар, саяси партиялар, ҮЕҰ, қоғамдық белсенділер.
Бүгінгі таңда кеңестер қоғамның әртүрлі топтарының мүдделерін білдіреді, шешімдерді әзірлеу мен қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, қоғамдық пікір қалыптастырады.
Қоғам мен билік органдарының тиімді өзара іс-қимылының тағы бір мысалы – біздің облыста әзірленген қоғамдық кеңестерге сараптамалық және әдістемелік қолдау көрсету тетігі.
Қоғамдық кеңестің мүшесі болуға ешкім үйретпейтіні жасырын емес. Кеңестердің барлық әлеуетті немесе әрекет етуші мүшелері заңды өз бетінше оқи бермейді, кейбірлерінің қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін қажет сараптамалық білімдері жоқ.
Біздің облыста ішкі саясат басқармасының қолдауымен 4 жыл бойы қоғамдық кеңестерді қолдау бойынша жоба жүзеге асуда. Оның аясында білім беру және әдістемелік компонент – семинарлар, оқу құралдары және тағы басқалар бар.
Сондай-ақ, Қоғамдық кеңес жанындағы сарапшы жұмыс топтарының қызметі жөніндегі ұсыныс қолдау тапты. Олардың тұрақты жұмысының арқасында көптеген проблемалар көтеріліп, шешіледі, оларды жүйелі зерттеу (қоғамдық бақылау) жүргізіледі және оларды шешу бойынша ұсыныстар енгізіледі.
Сарапшылар тобы біздің өңір үшін ең маңызды бағыттар бойынша тиімді жұмыс істейді, олар – ТҮКШ, экология, денсаулық сақтау, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың құқықтарын қорғау, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеген адамдарды оңалту, тұрақты даму және инновациялар, білім беру, жастар саясаты, рухани келісім.
Жұмыс-сараптама топтары өздерін азаматтық қоғамның барлық институттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысатын пәрменді диалог алаңдары ретінде көрсетті.
Сандар кеңес мүшелері орындайтын жұмыстардың үлкен көлемін көрсетеді. Бірқатар оң мысалдар бар. Міне, солардың кейбірі:
Мәселен, экология мәселелері жөніндегі жұмысшы-сарапшылар тобы экологиялық қауіпсіздікті сақтау, медициналық және басқа да қауіпті қалдықтарды жою, көшелерді көгалдандыру, ақаулы автокөлікті, заңсыз қоқыс орындарын анықтау және өзге де мәселелер бойынша кәсіпорындарға рейдтер жасап, «Экологиялық патруль» жобасын іске асыруда.
Қала тұрғындарының өтініштері бойынша топ мүшелері құзыретті органдармен бірлесіп 120-дан астам рұқсат етілмеген қоқыс орнын анықтап, жойды.
Прокуратура органдары облыстық туберкулезге қарсы диспансердің аумағында медициналық қалдықтарды заңсыз жоюды ұйымдастырған адамдарға әкімшілік жаза шараларын қолданды.
Денсаулық сақтау жөніндегі жұмысшы-сарапшылар тобы билік органдарымен және медициналық мекемелермен тығыз өзара іс-қимыл орнатты. Қалалық және аудандық Қоғамдық кеңестердің өкілдерімен бірлесіп, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәріханаларда медициналық құралдардың болуына мониторинг жүргізіледі.
Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі, медициналық-әлеуметтік сараптама, жоғары технологиялық медициналық көмекке және оңалтуға квота беру бойынша ұсынымдар қаралды және әзірленді.
Дербес жобаларды іске асыруға жастар белсенді түрде қатысады, ұйымдар мен бастамашыл топтардың құрамында да, жеке де.
Әлеуметтік идеяны іске асыруға арналған ресурстарды іздеу мәселелері гранттық бағдарламалар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, краудфандингтік науқандар призмасы арқылы қаралады. Жастар саясаты мәселелері жөніндегі жұмысшы-сараптама тобының мүшелері қолда бар мүмкіндіктер бойынша ақпаратты жинақтап қана қоймай, өтінімдерді жазу, жобалық нюанстар, бюджеттік жоспарлау мәселелері бойынша кеңес береді.
Бұл шаралар халықтың сенімін арттыруға, тұрғындарды толғандыратын проблемаларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
– Облыстық мәслихат депутаты ретінде қоғамдық қызмет тәжірибеңіз көмектесе ме?
– Облыстық мәслихат депутаты ретінде мен бүгін депутаттар халықтың мәселелерін шешуге белсенді қатысады деп сеніммен айта аламын, олар өз электоратының мүддесін білдіреді. Олардың міндеті – жанжалды жағдайларға жеткізбей, қайшылықтар мен түсінбеушіліктерді уақтылы анықтау, оларға ден қою.
Пандемия кезеңі депутаттар, партиялар, түрлі қоғамдық институттар үлкен тандем құрайтынын және халықтың проблемаларын шешу үшін нақты жұмыс істейтінін, билік органдарына жедел шешімдер қабылдауға көмектесетінін көрсетті.
Күн тәртібінде бірлескен іс-қимылдардың жеделдігі мен тиімділігін арттыру міндеті тұр. Біз мемлекеттік органдармен бірлесіп осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.
– Блогерлерді қоғамдық ұйымдармен пара-пар деп ойлайсыз ба? Олар ҮЕҰ функцияларын орындай ала ма?
– Қазір біздің қоғамдық өмірімізге «азаматтық белсенді» деген ұғым енді. Мұнда блогерлер «азаматтық белсенділердің» бір санаты.
Егер біз мәселеге назар аудару туралы айтатын болсақ, блог жүргізу – бұл керемет әдіс, блогерлердің қызметі өте тиімді.
Бірақ, өкінішке қарай, олар көтерген мәселелердің оң шешілуіне мысал көп емес, мәселені жарықтандыруға күш салу жеткіліксіз.
Біздің блогерлер кемшін тұсы сол, олар «лайк», «хайп» жинап, мәселеге деген қызығушылығын жоғалтады. Қоғамдық ұйымдардың қызметі тұрақты нәтижеге, жүйелі өзгерістерге қол жеткізуге бағытталған.
Мен белсенді блогерлерге халықтың проблемаларын шешу үшін күш-жігерді біріктіру мақсатында сарапшы жұмыс топтарының жұмысына қосылуды ұсынғым келеді.
Мысалы, облыстың қоғамдық кеңесі жанындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмысшы-сарапшылар тобы биыл қоғамдық маңызы бар жерлерде қолжетімді орта мәселелері бойынша заңнаманың сақталуын қоғамдық бақылау мақсатында аудандарға барды. Өйткені, бұл өте маңызды тақырып, мұндай адамдар көп. Мұндай тақырыпты жариялау бізге мәселені жақсы түсінуге ғана емес, сонымен қатар өз құқығымызды білуге мүмкіндік береді.
Сондықтан тек проблемаларды ғана емес, сондай-ақ мүмкіндіктерді де көре алу керек. Мен әрқашан мүмкіндіктерді көремін және ынтымақтастыққа дайынмын!
Әзірлеген – Ержан Әбіш