Тарих

Қазақ тарихына алғаш қалам тартқан ғалым

Қазақ тарихына алғаш қалам тартқан ғалым

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы отандастарымыздың мемлекетіміздің тарихи бастауларына деген қызығушылығын тудыруда. Жалпы, қазақ хандығының пайда болуы мен дамуына байланысты негізгі дерек көздері ретінде тарихшылар Мырза Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди», Қадырғали Қосымұлы Жалаиридің «Жылнамалар жинағы» (немесе «Жамиғ-ат-тауарих») мен Әбілғазы Бахадур ханның «Түрік шежіресін» атайды. Дегенмен, осы аталған еңбектердің ішіндегі ең маңыздысы – XV-XVI ғасырлардағы Орталық Азия халықтарының тарихын жазған көрнекті мемлекет қайраткері, ғұлама Мырза Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» еңбегі. Шындығында, «Тарих-и-Рашиди» Қазақ хандығына байланысты жазылған ең алғашқы еңбек, яғни, бірден-бір дереккөз болып табылады.

Түрік халықтарына ортақ тұлға

Өз заманының көрнекті мемлекет қайраткері, асқан білімпазы, ғұламасы Мырза Мұхамед Хайдар Дулати 1499 жылы Ташкент қаласында дүниеге келген. Оның ата-бабалары Моғолстан мемлекетіндегі аса белгілі адамдар еді. Мұхамед Хайдар Дулатидің өзінің және туыстарының аттарына «Доғлат» атауының жалғануы бұлардың осындай әулеттен немесе тайпадан шыққандарын көрсетеді. Жалпы, Мұхамед Хайдар Дулати – бүкіл Орталық Азиядағы түрік нәсілді халықтарға ортақ тұлға. Ол өз еліндегі саяси тұрақсыздықтың салдарынан он жасында Кабулға кетіп, сонда билік жүргізіп тұрған өзінің бөлесі, Ақсақ Темірдің шөбересі, Омар Шайхтың ұлы Захир-ад-Дин Мұхаммад Бабурды паналайды. Соның тәрбиесін көреді. Кейіннен Мұхамед Хайдар өзінің екінші бір бөлесі Сұлтан Саид хан Моғолстан билігіне келгенде еліне оралады. Бірақ Сұлтан Саид хан қайтыс болғаннан кейін, оның орнына хан болған баласы Абд-ар-Рашидтің тұсында Мырза Мұхамед Хайдардың барлық туыстары қуғындалғандықтан ол Моғолстаннан Үндістанға, Бабур негізін қалаған Ұлы Моғолдар еліне кетуге мәжбүр болады. Ол осында Кашмирді бағындырып, Ұлы Моғолдар мемлекетіне қосады. Өзі Кашмир уәләятын билеп тұрады. Өкінішке қарай, ол жергілікті халықтың көтерілісін басу кезіндегі қақтығыста, өз жауынгерінің байқамай атқан садақ оғынан қаза табады. Бүкіл Орталық Азия халықтарына ортақ, асқан ғұламаның сүйегі Кашмирдегі Сринагар қаласының маңындағы Ханпур деген жерде жерленген. (Әбсәттар Дербісәлі. Түрік халқының ірі тұлғасы. //Мұхамед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди (Хақ жолындағылар тарихы)». «Тұран» баспасы. Алматы, 2003ж, 28-29 беттер).

Ақорданың заңды жалғасы

Мырза Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» еңбегі ол кісі Кашмирді билеп тұрған кезінде, яғни1542-1546 жылдар аралығында дүниеге келген. Кітап фарсиде жазылған. Кітап түрік тілдеріне, оның ішінде қазақ тіліне де (2003 жылы елімізде) аударылған. Сондай-ақ, кітаптың ағылшын және орыс тілдеріндегі аудармалары бар.
Жалпы екі үлкен бөліктен тұратын, негізінен орта ғасырлардағы Моғолстанға арналған туынды болса да, «Тарих-и-Рашиди» еңбегінде Қазақ хандығының құрылуына, хандықтың көрші елдермен қарым-қатынасына, алғашқы қазақ хандарына байланысты біршама мәліметтер берілген.
Ертедегі Қазақстан жерінде б.з.д. 2-ші мыңжылдықтан басталатын, сан ғасырларға созылған тұрғындарының бір халыққа айналу үрдісінің жүруі және оны жылдамдатуға негіз болатын алғашқы және кейінгі мемлекеттердің құрылуы мен дамуы бүгінгі отандық тарихта біршама жан-жақты және дұрыс қарастырылған.
Қазақстан жеріндегі тайпалардың және отырықшы тұрғындардың ертеден келе жатқан тілдеріндегі, әдет-ғұрыптарындағы айырмашылықтардың бірізділенуі Қазақ хандығы құрылар қарсаңындағы өмір сүріп тұрған, өзіндік өркениет деңгейіне шыққан Ақорданың негізінде болды. Сол сияқты бұл үрдіске Моғолстан мен Ноғай ордасының да ықпалы тиді. Ал осы үрдістің толық аяқталуы Қазақ хандығының құрылуымен байланысты. Сондықтан да Қазақ хандығы осы аталған мемлекеттердің, солардың ішіндегі ең елеулісі – Ақорданың заңды жалғасы деп айтуға болады.
Өкінішке қарай, отандық тарихта Қазақстан жерінде болған Көшпелі өзбектер мемлекетіне, оның Әбілхайыр, Мұхамед Шәйбәни сияқты билеушілеріне «біздікі емес» деген сияқты сыңаржақты көзқарас қалыптасқан.
Қолданыста жүрген «Көшпелі өзбек мемлекеті» деген атаудың өзі дұрыс емес. Дұрысы – Өзбек ұлысы. «Тарих-и-Рашиди» кітабында да осы атаумен кездеседі. Шындығында, Өзбек ұлысы да Ақорда мемлекеті немесе оның бір кезеңі ғана. «Өзбек ұлысы» деген атау бүкіл Жошы ұлысына емес, тек оның Ақорда бөлігіне ғана қолданылды» деген осындай пікірді кезінде белгілі орыс ғалымдары Б.Греков және А.Якубовский да айтқан. (Греков Б, Якубовский А. Золотая Орда и ее падение. М.-Л. Издат-во АН СССР.1950. 478 б.).
Ертеректе тарихқа енген «Көшпелі өзбектер мемлекеті» деген ұғымды өзбек ғалымы Бөрі Ахмедовтің 1965 жылы жарық көрген «Государство кочевых узбеков» деген монографиясы одан әрі бекіте түсті. Ал бүгінгі өзбек тарихшылары Дешті Қыпшақтың өзбектерін бүтіндей иемденіп, қазаққа жолатқылары жоқ (Г.Хидоятов. Шейбани, шейбаниды и узбеки // asiaforum.uz).
Қазақ хандығы құрылар қарсаңында Ақорда мемлекетінің билігі шәйбәнилық Әбілхайырдың қолында болды. Ол 1428 жылы Ақордадағы билікке келіп, 1468 жылы қайтыс болғанға дейін елді темірдей тәртіппен билеген.

Керей мен Жәнібектің хандық
билікті бастаған уақытын
хижраның 870 жылы деп көрсетеді

XV ғасырдың ортасында Дешті Қыпшақ пен Мауреннахрға шығыстан ойрат тайпаларының бірлестігі қауіп төндіре бастады. Ойраттардың белгілі бір аймақтарды тып-типыл қылған тонаушылық жорықтары елді үлкен күйзеліске әкеліп отырған. 1457 жылы Әбілхайыр күштерінің Көккесене деген жерде Өзтемір тайшының қолынан жеңілуі, ойраттардың қыруар мал мен жанды олжалауы, қолөнер мен сауданың орталығы қалаларға тигізген нұқсан, диханшының егістігі мен бау-бақшасының ат тұяғы астында қалуы Ақорда халқының әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етіп, болашақта елді бөлініске әкелетін қайшылыққа негіз болды.
Осындай қалыптасқан жағдайда дәстүр бойынша билікті өздеріне ғана тиісті дейтін Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандардың халықты қолдауы, бұл оқиғаға бүтіндей жаңа мазмұн берді. Сол кездегі оқиғалар туралы Мырза Мұхамед Хайдар: «В то время в Дашт-и Кыпчаке владычествовал Абул-хайыр хан. Он причинял много беспокойства султанам джучиидского происхождения. Джанибек-хан и Кирай-хан бежали от него в Могулистан. Исан-Буга-хан охотно принял их и предоставил им округ Чу и Козы-Баши, который составляет западную окраину Могулистана. В то время, как они благоденствовали там Узбекский Улус после смерти Абул-хайыр-хана пришел в расстройство; в нем начались большие неурядицы. Большая часть его подданных откочевала к Кирай-хану и Джанибек-хану, так что число собравшихся около них людей достигло двухсот тысяч человек. За ними утвердилось название узбеки-казахи (узбак-казак). Начало правления казахских султанов – с восемьсот семидесятого года, а Аллах лучше знает» – дейді. (Мухамед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди // Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII веков (извлечения из персидских и тюркских сочинений). Изд-во «Наука» Каз ССР. Алма-Ата, 1969. 195 б.)
Көріп отырғанымыздай, Мұхамед Хайдар Дулати қазақ хандары Керей мен Жәнібектің хандық билікті бастаған уақытын хижраның 870 жылы деп көрсетеді. Бүгінгі зерттеушілер осыған сүйене отырып әртүрлі жылдарды айтса да, қазіргі уақытта 1465 жыл деген тұжырымға келді.
Жалпы, еңбекпен толықтай танысқан адам Мұхамед Хайдар Дулатидің барлық ниетінің қазақтар жағында болғанын байқайды. Мұхамед Хайдардың «Жошы ханнан кейін оның жұртында Қасымнан асқан хан болмады» деуі бір жағынан оның қазақтарға деген оң көзқарасын көрсетсе, екінші жағынан Қасым ханға берілген сол замандағы нақты бағаны көреміз.

Саид хан Қасым ханның қонағы болған

Аяғынан нық тұра бастаған қазақ хандығында нағыз мемлекеттіліктің белгісі – мемлекетаралық қатынастарға да үлкен маңыз берілгендігінің мысалдарын еңбектен табуға болады. Бұрындық және Қасым хандардың тұсында Мұхамед Шәйбәнимен арадағы Дешті Қыпшақтағы билік үшін күрес өзінің шарықтау шегіне жетеді. Осы күресте Қасым хан Моғолстан мен Өзбек ұлысының арасындағы шиеленісті қатынастарды өз елінің мүддесіне пайдалана білген. Қасым ханның тұсында қазақ хандығының одақтасы Сұлтан Саид хан Моғолстанды биледі. Мұхамед Хайдар осыған байланысты Саид ханның Қасымның шақыруымен Қазақ еліне жасаған ресми сапарын аса тартымды етіп баяндаған. Онда былай делінеді: «Хан прибыл благополучно на Джу, которая является одной из известнейших местностей в Могулистане. В это время возраст Касим-хана перевалил за шестьдесят лет и был близок к семидесяти, а благословенный возраст Султан-Саид- хана был в самом цветущем периоде – ему еще не было тридцати лет. Касим по преклонности лет своих заслуживал быть извиненным ханом за то, что сам не может выехать к нему навстречу. Всем же султанам своим, из которых нескольким было лет под пятьдесят и шестьдесят, как Джаныш-хан, Биниш-хан, Мамаш-хан, Джан-Хайдар-султан, Карыш-султан и многие другие, числом до тридцати-сорока султанов, из рода Джучи, приказал отправиться навстречу. Придя к Султан-Саид- хану, они поприветствовали его, преклонив перед ним колена, и из среды их ради Джаныш-хана и Биниш-хана, которые были гораздо старше, хан встал со своего места.
Они, т.е. все остальные, преклонили перед ним колена, и хан принял их, сидя на своем месте.
Одним словом, Касим-хан настолько хорошо принял Султан-Саид- хана, что хан до самого конца своей жизни не мог забыть его приветливого обращения». (Мухамед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди // Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII веков (извлечения из персидских и тюркских сочинений). Изд-во «Наука» Каз ССР. Алма-Ата, 1969. 225 б.).
Ханды қарсы алған, сол кездегі Қасым ханның жанындағы қайраткерлердің Сұлтан Саид ханға, ал оның бұларға көрсеткен ілтипаттарынан сол кездегі шығыстағы дипломатиялық байланыстағы қалыптасқан сәлемдесудің көрінісін байқауға болатын сияқты.
Сұлтан Саид хан жиырма күндей Қасым ханның қонағы болады. Олардың арасындағы достық жағдайдағы әңгімелесулерге де еңбекте үлкен көңіл бөлінген. Мұхамед Хайдардың өз сөзімен айтқанда: «Сұлтан Саид хан Қасым ханның осы қонақжайлығын өмір бойы ұмытпай, еске алып жүрген». Осы айтқандарға қарай отыра, шығыстағы ел аралық дипломатиялық қатынастың жабайы түрде болмағанын, қайта одан қалыптасқан белгілі бір дәстүрді, үлкен мәдениетті байқауға болады.

«Сарт» атауынан құтылғандарына қуаныпты

Мұхамед Хайдар Дулати өзінің осы еңбегінде Дешті Қыпшақтың халқының сол уақытта өзбектер деп аталатынын көрсетеді. Сонымен бірге, халықтың екіге бөлінуіне байланысты бірін өзбек-шәйбәнилер десе, екіншілерін өзбек-қазақтар дейді (Мухамед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди // Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII веков (извлечения из персидских и тюркских сочинений). Изд-во «Наука» Каз ССР. Алма-Ата, 1969. 216 б.). Мұхамед Хайдар Дулати осы жерде қазақ атауының шығуына байланысты: «Так как они (Кирай и Джанибек) сперва, бежав отделившись от своего многочисленного народа, некоторое время пребывали в беспомощности и скитаниях, и их прозвали казаками, и прозвище это закрепились за ними» дегенді айтады. (Мухамед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди // Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII веков (извлечения из персидских и тюркских сочинений). Изд-во «Наука» Каз ССР. Алма-Ата, 1969. 222 б.).
Көріп отырғанымыздай, егерде сол XV ғасырдың ортасында қарама-қайшылық шығып ушықпағанда, Дешті Қыпшақтың даласын бүгіндері мекендеп отырған халық, яғни біздер, өзбек деп аталуымыз әбден мүмкін болатын. Онда тарихи Өзбекстанның да атауы бұлжымас еді. Мұхамед Хайдар Дулати тарихи Өзбекстанның орналасқан жерін де көрсетеді. Ол: «В Могулистане имеется много крупных рек по величине подобных Джейхуну, среди них Или, Эмиль, Иртыш, Чуйлик и Нарын. Большая часть этих рек вливается в озеро Кокче-Тенгиз, которое расположено между Моголстаном и Узбекистаном и разделяет их» немесе «Из рек текущих в Узбекистане, река Итиль вливается в Кульзумское море» дейді. (Мухамед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди // Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII веков (извлечения из персидских и тюркских сочинений). Изд-во «Наука» Каз ССР. Алма-Ата, 1969. 219-220 б. б.).
Мұхамед Хайдар Дулатидің осы және басқа да айтқандарына мұқият қарай отыра, ортағасырлық Өзбекстанның шығыстағы Ертістен, батыстағы Еділге, оңтүстіктегі Көкшетеңізден (Балқаш көлі), солтүстіктегі Тобылға дейінгі аралықта орналасқанын көреміз.
Кезінде өзбек ғалымы Бөрі Ахмедов өзінің «Государство кочевых узбеков» монографиясында: «В начале XVI века часть дештикыпчакских племен, сплотившихся вокруг Шайбани хана, вторглась в Среднюю Азию и обосновалась на территории современного Узбекистана. С этого времени термин «узбек» получил этническое значение, и тюркоязычное население всей этой территории приняло имя «узбек» деп асыра айтқан. (Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков. Изд-во «Наука». М.,1965. 17 б.)».
Өзбек ғалымының осы тұжырымының қате екендігін белгілі қазақстандық тюрколог В.Юдин көрсеткен. Ол: «Термин «узбек» приобрел значение этнонима еще в XIV веке, и не в Средней Азии, а в Восточном Дешт-и Кыпчаке. Достаточно напомнить широко известные указания Ф.Ибн-Рузбихана на то, что в состав узбеков входили мангыты (ногайцы-М.К.), шейбановцы и казахи. Термин «узбек» покрывал три вышеназванных и в этом качестве выступал объединяющим этнонимом. Можно утверждать, что он обозначал сложившуюся в Дешт-и Кыпчаке народность. Термины «мангыты», «шейбановцы», «казахи» обозначали три составляющие части узбекской народности, разделенны политически … История возникновения в Восточном Дешт-и Кыпчаке этнонима «узбек» и победы термина «казак» есть история политической борьбы в так называемом Узбекском Улусе, то есть в казахских степях» дей отыра, «история узбеков, пришедших в Мавераннахр из Дешт-и Кыпчака, показывает, что термин «узбек» в Узбекистане стал объединяющим этнонимом не с начала XVI века» дейді. (Известия АН Казахской ССР. 1966. №2. 86 б.).
Осы жерде бір айта кететін нәрсе, Кеңес өкіметі орнап, 1924 жылы Өзбекстан КСР-і құрылғанға дейін бүгінгі Өзбекстанның жерінде тұратын халықтар өздерін әртүрлі атаған. Үлкен бір бөлігі «сарт» атауымен жүрсе, қалғандары өздерін тұрып жатқан жерлеріне байланысты «әндіжандық» немесе «маргеландық» деген сияқты атаулармен көрсеткен. Біраз бөлігі ғана өздерінің өзбектер екендігін айтқан.
Өзбекстан жеріндегі ерте замандардан-ақ тұратын, қолөнермен, саудамен және диханшылықпен айналысатын қалалар мен қышлақтардың отырықшы тұрғындарын «сарт» деп атайтынын кезінде Махмұд Қашғари да айтқан. Бұл сарттардың тілінің негізінде ертедегі қарлұқтардың тілі тұрғанын ғылым мойындайды және бүгінгі өзбек тілі тілдер классификациясына да осы тұрғыда енгізілген.
Сонымен бірге, Өзбекстан жерін көшпелі тайпалар да мекендеген. Олардың кейбірі Шыңғысхан заманында барған. Ақсақ Темірдің кезінде де толып жатқан көшпелі тайпалардың болғанын көреміз. Осыдан бірер жыл бұрын Самарқан облысына барған, Астана іргесіндегі Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы Камал Әбдірахманов самарқандық өзбек-наймандардың қышлақтарында болған. Олар өздерінің өкіреш-найманға жататындарын және мекендеп отырған жерлерін заманында өздеріне барлас-найман Ақсақ Темірдің сыйға бергенін айтқан.
Енді осындағы бұрыннан бар көшпелі тайпаларға XVI ғасырдың басында, Дешті Қыпшақта өз билігін орната алмайтындығына көзі жеткен, есесіне әлсіреген Ақсақ Темір мемлекетін басып алуды ойлаған Мұхамед Шәйбәнимен Мауреннахрға еріп кеткен біздің ағайын, көшпелі өзбектер барып қосылған. Ресейде қызмет жасайтын қандасымыз, белгілі түркітанушы ғалым Тұрсын Сұлтановтың айтуынша, XVI ғасырдың бірінші онжылдығында Мұхамед Шәйбәнимен кеткендердің жалпы саны 240-360 мың шамасында болған дейді. (Т.Султанов. Кочевые племена Приаралья в XV-XVII вв. (Вопросы этнической и социальной истории).Изд-во «Наука», М.,1982.21 б.). Сонда, Мұхамед Хайдар Дулатидің Қасымның халқы бір миллион адам болды дегенін ескере отырып, оған Т.Сұлтановтың санын қоссақ, шамамен қазақ хандығы құрылар қарсаңындағы Дешті Қыпшақтағы халық мөлшерін байқауға болады.
XVI ғасырдың басында Дешті Қыпшақтан бүгінгі Өзбекстан жеріне кеткен өзбек қандастарын қазақтар еш уақытта ұмытпай, айтып жүрген. Оған мысал, қазақтың «Алты алаш» ұғымында өзбектің болуы және «Өзбек өз ағам, сарт садағам» делінетін әйгілі мақал. Қазақ әсіресе, кеңес өкіметі орнағанға дейінгі кезеңдерде ортаазиялықтармен кездескенде, бір-бірлерінен жөн сұрасып, өзбек пен қазақ екендіктерін білсе, бір-бірін жақын тартып, ертедегіні еске алып, шұрқырасып қалатын болған. Ол кезде қазақ өзбек пен сартты нақты айыра білген.
Кейіннен көшпелі өзбек отырықшылана, жергілікті сарт және тағы басқа тұрғындармен етене араласа (интеграциялана) бастаған. Бұл үрдіс XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында жылдам жүрген. Ең бастысы, қыпшақ тілді өзбектер сарттар сөйлейтін шағатай негізіндегі өзбек тілімен сарт мәдениетіне ауысқан. Неге екені белгісіз, сол сарттардың өздері сол кездерде сарт атынан қашып, өзбек атын ала бастаған. Алғаш Өзбек КСР-і құрылып, көп ұзамай кеңестік тұрғындар жаңадан паспорт алғанда сарттар жаппай өзбекке айналды. Сол кезде Өзбекстанда болғандар, сарттардың «сарт» этнонимынан құтылғандарына қуанғандарына шек болмағанын айтқан.
Мырза Мұхамед Хайдар Дулати осы «Тарих-и-Рашиди» еңбегінде қазақ тарихына тікелей қатысы бар Ахмад ханның қалай Алаша хан аталғанына да байланысты деректер келтірген.
Зерттеушілер үшін бұл да аса қызықты мәлімет. Кезінде бұған Халел Досмұхамедов және Әлихан Бөкейханов көңіл аударған көрінеді. (Қозыбаев Манаш. Шығармалары. 4 том. Алматы, 2013. 127 б.).
Қорыта айтқанда, Мырза Мұхамед Хайдар Дулати қазақ тарихына алғаш рет қалам тартқан ғалым. Оның «Тарих-и-Рашиди» еңбегін өз заманында жазылған ғылыми-зерттеу деп бағалауға тұрады. Ғалым Дешті Қыпшақтағы хижраның 870 жылы болған, бірақ соның уақытының нақтылығына «бір Алла біледі» деп өзі де күмәнданған оқиғаны және одан кейінгі жағдайларды барынша дәлдікпен беруге тырысқан. Оның осы мәңгілік еңбегіне қазақ тарихына қызыққан зерттеушілердің сонау ортағасырлардан бері соқпағандары кемде-кем.

Бір кездерде қазақ деген атпен тарих сахнасына шыққан халқымыздың тәуелсіздікке жеткен бүгінгі ұрпақтары өткен тарихтың тағылымын мәңгілік мұраға айналдыруда.

Мұхтарбек Кәрімов,
Семей қаласының Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының директоры

Осы айдарда

Back to top button