Экология

Қазақ футболының 100 жылдығына арнап жүз түп ағаш отырғызды

Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде өзге аудандар мен қалаларға үлгі боларлық игі бастама қолға алынды. Атап айтқанда, мұнда Қазақстан футболының биылғы жүзжылдық мерейтойына орайластырылып, 100 түп қарағаш пен дәл сонша түп қайың көшеті отырғызылды.

Қазақ футболының 100 жылдығына арнап жүз түп ағаш отырғыздыБұл күні таң атысымен кенттің орталық алаңына қарай ағылған жұртшылықтың арасында әсіресе, жас буын өкілдерінің қарасы көп болды. Мектеп оқушылары, «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері, сондай-ақ, әр салада қызмет ететін жас мамандар, бәрі-бәрі бірігіп, осынау ортақ іске өз үлестерін қосуға тырысты. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлер де бұл акциядан сырт қалмай, жалынды жастардың ортасынан көрінді.

Ауданда бұқаралық спортты, оның ішінде футболды барынша дамытуға қатысты айтарлықтай шаруалар атқарылуда. Атап айтқанда, соңғы жылдары бірнеше жаңа футбол алаңы салынып, жастардың спортпен айналысуына нақты жағдай жасалуда.

Былтыр Қасым Қайсенов кентінде 500, ал Таврия ауылында 1200 орындық жаңа стадиондар ашылған болатын. Жуықта Бозанбай ауылында да осы тектес спорттық нысан бой көтермек. Ауданда салынып жатқан бес мектептің әрқайсысында өз футбол алаңы болмақ. Және бұл спорттық нысандар жазға дейін пайдалануға берілетін көрінеді. Осыны ескере отырып, ұландықтардың облыс Әкімінің биыл аймағымыздың қалалары мен аудандарында 100 футбол алаңын салу жөніндегі тапсырмасының орындалуына елеулі үлес қосатынына берік сендік.

Сонымен қатар, бұл күні кенттегі Райымжан Мәрсеков атындағы орта мектептің маңайына жүз түп қайың ағашы отырғызылды. Бұл шараға ерекше атсалысқан мұғалімдер ұжымы мен оқушылар шаруаға тыңғылықты даярланғандарын байқадық. Ашылғанына көп бола қоймаған мектептің алдындағы алаңқайы да, ғимараттың іші-сырты да мұнтаздай таза, көрген жанның көзі тоятындай екен. Енді бұл жерде жас қайың көшеттері отырғызылып, білім ұясының ажарын тіптен аша түспек.

Айтпақшы, бұл күні мектептің сыртында жасы бар, жасамысы бар, қалың ел қатысқан абаттандыру шаралары жүргізіліп жатқанда, ішінде, яғни, спортзалында волейболдан ерлер арасында өткізілген аудандық іріктеу жарысы да өзінің шарықтау шегіне жетіп қалған еді. Жиналған көрермен қауымның алдында ала допты алақандарында ойнатқан жеті команданың да волейболшылары барын салып баққан. Өйткені, бұл күнгі додада топ жарған ұжым арнайы жүлделермен қатар, облыстық жарысқа қатысуға берілетін жалғыз жолдаманы да жеңіп алатын еді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button