«Қазақ» атауы қай заманнан қолданыста болды?
Көптеген тарихи және әдеби шығармалардан «қазақ» атауының қазақ хандығы құрылғаннан көп бұрын қолданыста болғандығын білуге болады. Осындай фактілерді келтіре кетейін.
Жылнамаларға жүгінсек
Орыс жылнамаларында Святослав князь 968 жылы Кубань өзенінің терістік жағында «косогтарды» жеңгенін жазған (Карамзин). Х ғасыр жазушысы, Византия императоры Константин Порфирородный Таматархтан (Тмутаракань) шығысқа қарайғы жерлерді «Казахия» деп атаған. 1020 жылдарда Ә.Фирдоуси өзінің атақты «Шахнамасындағы» Рүстем туралы дастанында «қазақтар», «қазақ хандары» туралы жазған. Орыс князі Мстислав 1022 жылы Тмутаракандағы «косог» княздігін бағындырды (жылнама). Орыс тарихшысы Карамзин «жекпе-жекте Мстислав өлтірген Редеда батыр косог князы еді» деп жазды.
Никонов жылнамасында «моңғолдар 1223 жылғы алғашқы шапқыншылығында Кавказ жақтан келіп, «касахтардың» жері арқылы өтіп, Қалқа өзенінде қыпшақтар мен орыс княздарының біріккен әскерлерін талқандап, шығысқа қарай кетіп қалды» деп жазған 128 жылы (Ноғай ханның тұсында) Бестаудан (Пятигорск) қоныс аударған черкестер өздерін «қазақтар» деп атаған. Кейін олар Днепрге қоныс аударып, оның оң жағасында Черкасск (қазір Черкасы қаласы) бекінісін орнатқан.
Араб саяхатшылары (Ибн-Батута, Аль Омари, Ибн Халдун, т.б.) Азов теңізін Азақ теңізі деп, оны азақ әмірінің билігінде деп, Азақ деген Дон өзеніндегі қала деп жазған. І ғасырдың жазушысы Плиний Азов теңізінен шығысқа қарай скиф тайпасы «асоки» (Asoci) тұрады деп жазған.
Бұдан мынадай қорытынды шығаруға болады: I-XIIIғасырлара Азов теңізінің шығысындағы жерлерде көшпенділердің «азақтар» немесе «қазақтар» деген тайпасы мекендеген (ол замандардағы Қондыгер-Қобан жері). Азов теңізі Қазақ теңізі деп, Азов қаласы Қазақ қаласы деп аталған. Кавказда, Азербайжанда, Қазақ ауданы бар екені белгілі. ХІІІ ғасырда Орел қаласының шығыс жағындағы Неруч өзенінің бойындағы тау «Казакский» деп аталған. Ол кезде орыс казактары жоқ болатын. Прут өзеніндегі бір ауыл «Казаклия» деп аталған.
Ноғайларда бұрынырақ, «қазақшылық» деген ұғым арнайы дайындалып, жорыққа аттану, жат жерлерден күшпен мал алу, олжа табу дегенді білдірген. Әсіресе, кедейшілік көрген, үйленіп, тұрмыс құрмақ болған азаматтар «қазақшылық» құрып, айлап-жылдап жорыққа аттанатын болған. Осындай адамдарды «қазақтар» деп атаған. Қазақшылық жорықтардан оралмай, қазақтың қаза табатын жағдайлары да жиі болып тұрған. Ноғай халқының ауыз әдебиетінде кездесетін көптеген қазақ жырлары осыны анық көрсеткен.
Тарихи тұрғыдан алып қарасақ, ноғай халқы мен қазіргі қазақ халқының еш айырмасы жоқ, бір халық болып табылады. Екі халық та бірдей түрік тайпаларынан құралған, тұрмысы, әдет-ғұрпы, кәсібі бірдей. Тілдері де бірдей, айырмашылық жоқ деуге болады. Тек ноғай халқы Ноғай хан мен ер Едігенің әулетінің билігінде болған. Қазақ халқы төре тұқымының – Жошы хан әулетінің билігінде болған. Бар айырмашылық тек билік жүйесінде болған. Ноғай халқының тарихы қазақтардан да ауыр, трагедиялы болған. Бүгінде біртұтас ноғай халқы жоқ, бытырап, тозып кеткен. Бұл тарихи сілтемені ноғайлардың «қазақ», «қазақшылық» атауларына қатысы болғандықтан келтіріп отырмын.
Украинаның Запорожье казактары өздерін «козактар» деп атаған. Ал өзбектер қазақтарды «козоқтар» немесе «қозақтар» деп атайды. Жалпы «қазақ» сөзі, «қазақылық», «қазақшылық» деген ұғым орталық, мемлекеттік билікке бағынбай өз еркімен жүрген, бөлек өмір кешкен адамдарды, адамдар тобын, қоғамын білдіреді.
Ал енді қазіргі заманда белгілі орыс қазақтарына келетін болсақ, бұл күрделі мәселенің бірден-бір дұрыс шешімін өзінің «Полынь половецкого поля» деген кітабында құмық халқының тарихшы ғалымы Аджи Мурат ашық айтқан еді (2008 ж.). Орыс казактары – Кубань казактары, Дон казактары, Орал казактары, Жетісу казактары, Забайкал казактары және Украинаның Запорожье козактары әдебиетте «половецтер» деген атпен белгілі кәдімгі түрік қыпшақтарының тұқымы, нәсілі екен. Яғни, казактар еріксіз орыстануға ұшыраған Дала көшпенділері – қыпшақтар. Қыпшақтар ежелгі заманнан көрші қоныстанған орыстармен тығыз байланыста болған. Бірте-бірте олардың тілін қабылдаған. Шоқындырылып, тәңір дінінен христиандық дінге ауысқан. 1570 жылдардан кейін орыс патшалары оларды «половец», қыпшақ атынан айырып, казак атандырған. Кеңес өкіметі келгеннен кейін большевиктерге казактар жаппай қарсы шыққан. Азамат соғысында казактар ақтар жағында соғысқан. Большевиктер казактарды қатты қырғынға ұшыратып, тірі қалғандарын «орыстар» деп жаздырған екен. «Казактардың» жағдайында да түріктің «қазақ» ұғымының ерекшіліктерін байқауға болады. Казактар да кең далаларда тұрған, малмен айналысқан, егін салған, жылқыны жақсы көрген, казак үшін ең жақын досы аты мен қылышы болған. Жазушы М.Шолоховтың жазуына қарағанда, казактар әйелдерін «турчанка» деп атаған. Ал казак әйелдері үй ішінде, ас үйлерінде өзара түрік тілінде сөйлескен (қыпшақ тілінде). Казактардың тілінде, сөздерінде өте көп түрік сөздері, атаулары кездеседі. Мысалы, атаман, арба, бунчук, есаул, башлык, курен, т. б. Бірақ казактардың өздері шыққан тектерін ұмытқан.
Орыспысыңдар деп сұраса, «жоқ, біз басқа халықпыз» деп жауап береді екен. Түпкі тегі қыпшақ екендігін білмейді, мүлдем естен шығарған.
Сүлейменов тегін сынамаған болар?
Осы келтірілген фактілерді екшеп, сараласақ, мынадай қорытынды шығара аламыз:
Жалпы, «қазақ» және «қыпшақ» ұғымдары бір-бірімен тығыз байланысты. Түрік тарихшыларының жазбаларынан белгілі, заманында Оғыз қаған қыпшақтарды Түрік мемлекетінің бір отауы, ұлысы ретінде бөліп шығарып, оларға Еділ мен Дон (Тана) өзендерінің бойын, Кавказ тауы мен қазіргі Азов теңізіне дейінгі жерлерді мекендеуге берген екен. Бұл оқиға – б. з. д. XIII ғасырда орын алған қыпшақ тарихының басталуы болатын. Қыпшақтардың бұл мекен жерлері Оғыз қағаннан кейінгі түрік державалары тұсында (Гүн империясы, Түрік қағанаты) шеткері, батыста орналасқандықтан, көбінесе орталық биліктен тәуелсіз өмір кешкен сиякты. Белгілі түрік тарихшысы Әбілғазының «Түрік шежіресінде» жазуынша
«…Оғыз ханның бір бегі де әйелін алып барып еді (жорыққа, Қ.Ж.). Өзі ұрыста өліп, қатыны қашып құтылып, екі судың арасында тұрған ханның артынан жетті. Әйел жүкті еді. Толғағы келді. Күн суық еді, кірейін десе үй жоқ, бір шіріген үлкен ағаштың қуысына босанды, ұл тапты. Мұны естіген хан «Әкесі менің көз алдымда соғыста өлді, қамқоршысы жоқ» деп, атын Қыпшақ қойып, өз қамқорлығына алды. Түркі тілінде іші қуыс ағашты қыпшақ дер еді, бұл бала ағаш ішінде туғандықтан, атын Қыпшақ қоюы содан еді… Бұл баланы хан өз тәрбиесінде ұстады, жігіт болған соң көп ел және нөкер беріп, Оғыз ханға жау болған орыс, олақ, мажар, башқыр елдеріне жіберді. Қыпшақ үш жүз жыл Дон мен Еділ атты екі үлкен өзеннің жағасында патшалық етті. Барша қыпшақ елі соның нәсілінен шықты. Оғыз ханның заманынан Шыңғыс ханның заманына шейін Дон, Еділ, Жайық аталатын бұл үш өзеннің жағасында қыпшақтан өзге ел жоқ еді. Ол жерде қыпшақтар төрт мың жылдай отырды, сондықтан ол жер Дешті Қыпшақ (қыпшақ даласы) деп аталды…».
Түріктің негізгі тарихшыларының бірі осылай дейді. Бұл жерде тек «4000 жылдай» деген мөлшер ғана біраз сәйкес келмейді: Оғыз қаған б.з.д. ХІV – ХІІІ ғасырларда өмір сүрсе, қыпшақтардың бұл жерден бытырап кетуі б.з. ХVІ ғасыры десек, арада үш мың жылдай уақыт өткен.
Оғыздан кейінгі гүн империясы заманында қыпшақтардың аты шыққан жоқ. Тек Түрік қағанаты кезінде қойылған тас ұстында (балбал) қыпшақ туралы бір жазба бар. Ол – 1909 жылы Селенга өзені маңындағы Шине-Усу дейтін жерден Г.И.Рамстед деген ғалым тапқан Мойын – Чор тас ескерткішінде
«…Түрік қыпшақ елу жылдай басқарғанда 26 жасымда түрік елін де берді сонда…» деген сөздер бар (теріскей жағы 4-жол). Ол кезде 26 жаста екені де жазылған. Сол кез Мойын Чордың ел билігіне тұрған кезі болу керек. Бұл VІІІ-ғасырдың ортасы еді.
Бағдад халиды Һарон Рашидтың заманында сарай гвардиясында түрік қыпшақ әскерлері болған деген мәлімет бар. VIII ғ. аяғы – IX ғ. басында ғасырларда қыпшақтар орыс княздарымен жиі қақтығысып, орыстарға жорықтар жасап тұрған. Орыстардың жылнамаларында, ауыз әдебиетінде қыпшақ хандары дала жыртқышы – сұр бөрілермен теңестіріліп, жиі жырланған. Ол кездегі Қыпшақ хандары Шеру хан (Шарукан), Құншақ (Құлыншақ, Кончак), Қзақ (Қазақ, Гзак) және басқалары туралы айтылған. Мысалы, XVI ғ. көшірмесі XVIII ғасырда табылған «Игорь княздің жасағы туралы» жырда орыс князы Игорь 1180 жылдарда қыпшақтарды қырып-жоймақ болып, қарымта жорыққа шығады. Бірақ Қаял өзенінде қыпшақтардан оңбай жеңіліп, әскері түгелге жуық қырылып, өзі тұтқынға түседі. Бұл жыр ғалымдар ортасында көп шу көтерген шығарма болды. Өйткені, XX ғасырдағы орыс ғалымдары XII ғасырдағы славян сөздерін дұрыс түсінбей, жиі кездесетін түрік (қыпшақ) сөздерін ұқпай жыр туралы қисынсыз түсініктер (талдаулар) жасаған. Оны ақын О.Сүлейменов өзінің «Аз и Я» деген кітабында өлтіре сынға алып еді.
XII ғасырдан кейін қыпшақтар орыстардан жеңіліс тауып, олармен одақтасуға көшті. Қыпшақтардың бірталайы қоныс аудара бастады. XI ғасырдан кейін қыпшақтар Дунай өңіріне жетті. Олар Киев княздығына (1067 ж.), Византияға (1064 ж.), Болгарияға (1065 ж.), Трансильвания арқылы Молдавия мен Валахияға (1071 ж.) жиі-жиі жорықтар жасап тұрды. 1253 жылы Моравияға басып кіріп, Балкан түбегі арқылы Грекияға дейін жетті. Құмандар (қыпшақтар) XIII ғасырда Балкан түбегіне орнықты. 1219 жылы моңғолдардың Орта Азияға жасаған жорығында мұндағы қыпшақтар түгелге жуық қырылып кетті.
Моңғолдардың Сүбітай баһадур мен Жебе ноян бастаған екі түмен әскерінің Кавказға, Қырымға, орыстарға жасаған алғашқы жорықтарында қыпшақтар грузин, осетиндермен ( аландар) одақтасып, соғысып, бірақ жеңіліске ұшырады. Орыстармен одақтасып соғысқанда 1223 жылы Қалқа өзенінде моңғолдардан күйрей жеңілді. Осыдан кейін қыпшақтар батысқа қарай қоныс аудара бастады. Моңғолдар басып алған жерлерінде қыпшақтардың тірі қалғандары Шам мен Мысырға, Кіші Азияға құлдыққа сатылды. Осы құлдардан Мысырда 560 жылдан аса билікті қолына алып, үстемдік құрған мамлюктер (ақ құлдар) шықты. 1250 жылдарда Мамлюк әулетінің негізін қалаған Айбек, Байбарыс сұлтандар 1265 жылдан бастап Еуропаның крест жорықтарына, моңғолдардың басып алу жорықтарына үздіксіз тойтарыс беріп отырды. Мысырдағы қыпшақ билігі 1811 жылға дейін жалғасты.
Моңғол шапқыншылығынан басталған қыпшақтардың қырғынға ұшырап, ауа көшуі, басқа елдермен араласып кетуі, XVI ғасырдағы Ресей империясының саясатымен орыстандырылуы, қыпшақ этносын өте сиретіп тастады. Половец қыпшақтары казактарға айналдырылды. Қазір аздаған қыпшақтар Орталық Азияда ғана кездеседі. Кезінде жер бетінде аты-шулы болған түрік – қыпшақтардың тарихын қысқаша осылай баян етуге болады.
Қыпшақтар өздерін «қос оқ» елі деп атаған деп пайымдаймын. Себебі, қыпшақ тайпасының таңбасы екі тік сызық ( кейде қос әліп деп те атайды). Екі тік сызық таңбаны «қос оқ» деп атау өте мүмкін жәйт. Өйткені, түрік елдерінде «оқ» сөзі ел атауында жиі пайдаланылған. Мысалы, Оғыз хан тұсында «Бұз оқ», «Үш оқ» деп Оғыздың балалары және олар билеген елдер аталған. Бұл жайында түрік тарихшылары қалдырған мынадай деректер бар: Оғыз қаған өзінің өсиет-жоспарын жариялау үшін, күншығыс жаққа бір алтын садақ апартып жасырын тастатады, күн батыс жаққа садақтын үш алтын оғын апартып жасыртады. Содан соң үш үлкен ұлына бір тапсырма беріп, күншығыс жаққа жібереді. Үш кіші ұлдарын күнбатыс жаққа жібереді. Оғыздың алты ұлы болғандығы белгілі. Қайта оралған үш үлкен ұлы жасырылған алтын садақты тауып әкеледі. Үш кіші ұлы жасырылған үш алтын оқты тауып әкеледі. Сонда, Оғыз қаған Алтын садақты үшке бөліп, үш үлкен ұлдарына береді, үш алтын оқты үш кіші ұлдарына береді де, өз өсиетін айтады: «Үш үлкен ұлдарына, сендер үшке бөлінген садақ алғандарың үшін «Бұзоқ» атанасыңдар (бұлыған садақ деген мағынада Ж.Қ.). Түрік оғыздардың барлық билеушілері сендердің әулеттеріңнен шықсын. Бір-бірімен тату болсын, жауласпасын. Үш кіші ұлдарына, сендер үш алтын оқ алғандарың үшін «Үш оқ» атанасыңдар. Сендердің өздерің және әулеттерің бұзоқтарға адал қызмет етіңдер. Олардың бұйрықтарын мүлтіксіз орындаңдар» – деген екен.
Қыпшақ Оғыздың асырап алған баласы. Сондықтан Қыпшаққа белгілі бір себеппен «Қос оқ» деген лақап атты Оғыз қағанның өзі қоюы да өте мүмкін. Сонда Оғыз қағанның балалары «Бұз оқ», «Үш оқ», «Қос оқ» атанулары қисынға келіп тұр.
Бұлардан басқа Түрік қағанаты құрамында «Оң оқ бодун» елдері болған. Сондықтан түрік ішінде қыпшақтардың «қос оқ» елі атануы табиғи нәрсе. Орыс жылнамаларында «косох», «косохи», «косог», «касах» деп аталған ел тарихи қыпшақ елі болып шығады. Шетел саяхатшылары «асоки», «азақ» (Азов теңізі аты да), деп жүргендері де сол «қосоқ» елі, қыпшақтар болып табылады. Қыпшақтардың басқа елдерден тәуелсіз жеке өмір сүруі «қазақ» сөзінің мағынасына әсер еткен.
Қазақтар, қазақ елі туралы ұғымдар, мөлшері біздің заманымыздың бас кезінен бері белгілі болған деп айтуға негіз бар. Егер бұл ұстанымды қазақ хандығы, қазақ мемлекеттігі ұғымдарына пайдалансақ, былайша ұйғарым жасалуы керек: қазақ хандығынан бұрынғы қазақ мемлекеттігіне қыпшақ хандығы (немесе хандықтары) жатады. Бұл факт біздің заманымыздың басынан бері белгілі болған. Яғни, алғашқы қазақ мемлекетінің құрылғанына 2000 жылдай уақыт болды. Ал қыпшақ хандығын қазақ мемлекеті деп есептесек, қазақ мемлекеттігіне 3300 жыл болды. Тек, Шыңғыс хан заманындағы 225 жылдай үзілісті ескеру қажет болады (1240 – 1465ж.ж.).
Әрине, түрік мемлекеттігінде үзіліс тек Ресей империясына бодандық басталған соң болды – 1847 – 1991ж.ж. Алайда, бұл аралықта да Осман түріктерінің мемлекеті (Түркия) өмір сүрді. Бұл мемлекет өзінің 700 жылдық тарихында ХVІІ ғасырға дейін орасан жетістіктерге жетіп, Осман империясы атанса, ХІХ – ХХ ғасырларда құлдырау, әлсіреу жағдайында болды. Түрік ұлтының көшбасшысы Ататүріктің басшылығымен ХХ ғасырдың ортасында түрік елі республика болып қайта құрылып, дамудың жаңа кезеңін бастаған еді.
Қазақ атауы, қазақ мемлекеті жайында әзірге белгілі мәліметтер негізінде осыны айтуға болады. Қазақ атауы, қазақ мемлекеті де жалпы түрік мәдениетінің, тарихының, мемлекеттігінің ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл мәселеде қазақ елі Елбасымыздың сарабдал саясатын басшылыққа алып, дұрыс бағытты ұстанып келеді. Ендігі стратегиялық мақсатымыз – алдыңғы қатардағы дамыған, дәулетті, қуатты Мәңгілік Ел болмақ.
Құмарбек Жұпбаев,
ардагер инженер-ұстаз