«Дидардың» қонағы

Айжан Мазкенова, әнші, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты: Өнерді жан-тәніммен жақсы көремін

Айжан Мазкенова, әнші, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты:  Өнерді жан-тәніммен жақсы көремін


Шырайлы Шығысымыздың өнерін асқақтатып, ән әлемінде өзіндік өрнегін салып жүрген әншілер өңірімізде баршылық. Солардың бірі әрі бірегейі – республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты, күміс көмей әнші Айжан Мазкенова. Жақында Айжанмен кездесіп, өмірі мен өнері жайлы сөз қозғаған болатынбыз.

Түсімде қызыл көйлек киіп, ән айтып жүретінмін

– Айжан, біздің оқырмандарымыз өзіңнің есіміңе, өнеріңе жақсы қанық. Бірақ байқасақ, өзің журналистерге көп сұхбат бере бермейді екенсің. Бүгін сол олқылықтың орнын толтырсақ деймін. Жалпы, сен қай өңірдің қызысың? Әнші болу кішкентай кездегі арманың ба еді?

– Менің туып-өскен жерім – Ұлан ауданы, Асубұлақ ауылы. Шынымды айтсам, бала кезімде мен сондай ұялшақ болатынмын. Дауысымның барын білсем де, көпшіліктің алдына шығып ән салуға қымсынатын едім. Бірақ неге екенін білмеймін түсімде үнемі қызыл көйлек киіп алып, үйдің төбесінде ән салып жүретінмін. Негізі, әкем Мұратбек Сейітзаданұлы өнерге жақын адам еді. Өзі Асубұлақтың жанындағы Тайынтыда туып-өскен. Кәсіби әнші болмаса да, әжептәуір табиғи дарыны бар болатын. Мәдениет үйінде қызмет етті. Кез келген аспапта қиналмай ойнайтын. Кішкентай кезімізде біздің үйде үнемі ән шырқалып жататын. Магнитофонға әнімізді жазып алып, өзімізге қайтадан тыңдататыны есімде. Мектепті бітірген соң, 1999 жылы Өскемен қаласындағы музыкалық училищеге, қазіргі ағайынды Абдуллиндер атындағы колледжге оқуға түстім. Бұған да ойламаған жерден аяқ астынан түстім. Негізі, өзім суретті тәуір салатынмын. Болашақ мамандығым да осыған байланысты болар деп ойлап едім. Бірақ бірде Лаура Белдеубаева деген құрбым келіп, «екеуіміз барып музыкалық колледжге оқуға тапсырайық, мен сенің дауысың бар екенін білемін» деді. Сөйтіп, не керек, екеуіміз оқуға тапсырдық. Қызық болғанда, мен вокалға түсіп кеттім де, ал құрбым дирижерлік бөлімге қабылданды. Кейін музыкалық училищені екеуіміз де абыроймен аяқтап, ол Алматыдағы консерваторияға, мен Астанадағы университетке түсіп, оқуымызды әрі қарай жалғастырдық. Училищеде Алғиза Нұрғалиева деген тамаша ұстазым болды. Төрт жыл бойы сол кісі маған ән айту өнерінің қыр-сырын үйретті. Училищені бітірген соң, Астанадағы Қазақ халық академиясына, қазіргі «Шабыт» университетіне түсіп, музыкалық білімімді толықтырдым. Онда да Қазақстанның еңбек сіңірген әншісі Қанат Омарбаев секілді керемет ұстаздан дәріс алдым.

Айжан Мазкенова, әнші, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты:  Өнерді жан-тәніммен жақсы көремін

Туған жердің орны бөлек екен

– Оқуыңды бітірген соң, неге Астанада қалмадың? Қалуға мүмкіндік болды ма?

– Астанада опера театрының әншісі болып қалу үшін өзінің шарттары болды. Опера әншісі болуың үшін ең алдымен сен хорда жұмыс істеуің керек. Кейін бір әнші ауырып немесе басқа жаққа көшіп кетіп жатса ғана, сен ол әншінің орнын баса аласың. Ал менің хордың әншісі болғым келмеді. Дәл сол 2008 жылы Шымкентте опера театры ашылып жатқан болатын. «Не болса да опера әншісі болайық» деп бірге бітірген қыздармен Шымкенттегі ашылып жатқан опера театрына кетіп қалдым. Барғаннан-ақ театрдың директоры қалың клавирді алдыма қойып, «осыны жаттасаң, әнші боласың» деді. Ол – Вердидің «Травиата» операсы еді. Жаңа ғана академияны бітірген әнші үшін бұл әрине, өте күрделі шығарма. Артқа шегінуге болмайды. Операны бір-ақ айдың ішінде жаттап алдым. Сөйтіп, қараша айында театрдың ашылу салтанаты болды. Шындығында, бұл театрдың ғана ашылуы емес, менің де дебютім еді. Мен үлкен өнерге осылай келдім. Шымкенттегі опера театрында екі жыл жұмыс істедім. Екі жылдың ішінде Вердидің «Травиатасын», Чайковскийдің «Евгений Онегинінде» Татьянаны, Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде» Жібектің, Рахманиновтың «Алекосындағы» Земфираның ариясы секілді төрт опералық партияны орындаппын. Мен осы театрда ысылып, ширадым.

– Ал ол театрдан кетуіңе не себеп болды?

– Үйден алыс болды. Мына жақтағы анам мен бауырларымды сағындым. Бірде демалысқа келгенімде, анам да «туған жерге оралсаңшы» дегендей тілегін айтты. Оның үстіне басында берілген біраз уәде орындалмады. Пәтер береміз деген еді, оны да бермеді. Сөйтіп, не керек, 2010 жылы осы Өскеменге келіп, облыстық филармонияға жетекші солист болып жұмысқа орналастым.

Бәрібір филармония опера театры емес қой…

– Опера театры болмағанымен, бұл жердің өзінің артықшылықтары да бар. Маған ұнайтыны мұнда үрмелі аспаптар оркестрі, қазақ халық аспаптар оркестрі, камералық оркестр, симфониялық оркестр, эстрада-симфониялық оркестр, «Алтай» фольклорлық ансамблі секілді бірнеше өнер ұжымы бар. Осының бәрі мені ерекше қызықтырды. Рас, Шымкенттің өнері өзгеше, қаланың өзінен де жылылық есіп тұрады, адамдары да мейірімді. Бірақ туған жердің орны қашан да бөлек екен. Мен жаңағы оркестрдің қай-қайсысымен де әнімді шырқай беремін. Ретро әндерді айтамын, романстарды да құйқылжытамын, халық әндерін де шырқаймын. Рояльмен де айтатын әндерім бар.

– Жалпы, Шығыста опера театры ашылса деп армандайсыз ба?

– Әрине. Опера театры ашылса, біздің халықтың рухани дүниесі жаңа бір деңгейге көтерілер еді деп ойлаймын. Түбінде ашылатын шығар деген үміт те жоқ емес. Дегенмен Шығыста опера өнерінің тыңдаушылары бар. Өзіңіз білесіз, Өскеменге отандық және әлемдік опера жұлдыздары жиі келеді. «Ақ Ертіс» сынды классикалық әндердің фестивалі де жиі өтіп жатады. Бірақ бізге операны түсініп, қабылдау үшін әлі де біраз уақыт керек секілді. Мысалы, қазір Димаш Құдайбергеннің жетістіктерін сан-саққа жүгіртетін тыңдармандар бар. Біреу олай дейді, біреуі бұлай дейді. Мұның өзінен біздің деңгейімізді байқауға болады.

– Айжан, айтыңызшы, сахнаға көңілсіз шығатын кездерің бола ма?

– Өмір болғаннан кейін, әрине, онсыз болмайды ғой. Күнделікті тіршілікте түрлі жағдайлар болады. Бірақ ән айтуға сахнаға шыққанда немесе сабақ бере бастаған кезде мен бәрін ұмытып кетеді екенмін. Бағанағы көңілімді түсірген реніштердің барлығы ұмытылып, ешқайсысы есімде қалмайды. Бұған өзім де іштей қуанамын. Осындай мамандықты таңдағаным үшін Аллаға мың да бір шүкір.

– Репертуарың бай ма? Қоржыныңда қанша шығарма бар?

– Шынымды айтсам санамаппын. Бірақ репертуарымды үнемі жаңартып, байытып отыруға тырысамын. Жылына он бес-жиырма ән жаттаймын. Барлығы әннің күрделілігіне байланысты. Жалпы, өзіме ұнайтын, жаныма жағатын әндерді ғана орындаймын. Кейде тіпті латын-америкалық әндерді де айтқым келеді. Ұнап қалса болды, сол әнді жаттағанша тыным таппаймын.

Айжан Мазкенова, әнші, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты:  Өнерді жан-тәніммен жақсы көремін

Бір кездері «Бұлбұлды» жиі орындайтынмын

– Өзіңнің жиі орындайтын әнің қандай?

– Бір кездері менің «Бұлбұл» әнін көп айтқан кездерім болды. Сол әнді айтуға дағдыланғаным соншалық, кейде дауысымды қыздырмай-ақ айта беретін едім. Сонда «О, «Бұлбұл» піскен екен» деп ойлағаным есімде.

– Өзің Нұрғиса Тілендиев (Қазақстан), Назира Ахмедова атындағы (Өзбекстан) халықаралық вокалистер байқауы мен «Романсиада» байқауының лауреаты екенсің. Жалпы, бәйгеге қатысқан ұнай ма?

– Әрине, ұнайды. Өйткені бәйге дегеніңіз өнер адамын шыңдайды. Концертте өнер көрсеткен бір басқа да, байқауға қатысқандағы көңіл-күй мүлдем бөлек. Мұнда қазылар сенің демің қалай, жоғары ноталарды алып тұрсың ба, сахнада өзіңді ұстау мәдениетің қалай – бәріне сын көзімен қарап барып қана шешім шығарады. Бәйгеге қатысқан сайын сен психологиялық жағынан болсын, шеберлік жағынан болсын өсесің. Мен өзім сан түрлі байқауларға студенттік кезімнен-ақ қатыса беретінмін. Кейде орын алмасам да, ренжімейтінмін. Бұл дегеніңіз, тәжірибе ғой. Ал кез келген шеберлік тек тәжірибемен келеді.

Жалпы, біздің отандық опера өнері шетелден еш кем түспейді. Өйткені бізде мықты мектеп бар. Жақында ағайынды Абдуллиндер атындағы колледжге консерваториядан профессорлар келді, сол кісілер Астана мен Алматының түлектеріне шетелден сұраныс көп түсетінін айтты. Бір ғана Ермек Серкебаевтың өзі қандай еді! Ішкі мәдениеті өте жоғары, терең әнші болатын. Училищеде оқып жүрген кезімде мен фонотекадан Ермек ағамыздың пластинкасын алып, жиі тыңдайтын едім. Ол кезде қазіргідей ғаламтор жоқ қой. Ал әлемдік опера жұлдыздарының ішінен Дамингоны өте жоғары бағалаймын. Ол кісінің мамандығы көп, жан-жақты. Өзі дирижер, виолончелист, әнші, режиссер, жай ғана гений.

– Жолдасың да өнер адамы ма?

– Жоқ, ол кісі өнер адамы емес, техникалық мамандықтың иесі. Бірақ күйеуім де, ата-енем де өнерімді жақсы көреді, қолдау жасайды. Жалпы, күйеуім кімді жар етіп алғанын о баста білді ғой. Сондықтан да түсіністікпен қарайды.

– Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button