Айтылған мәселе аяқсыз қалмады
Глубокое ауданындағы Белоусовка кентінің ауызсудан таршылық көріп отырған үйлері көктемде жаңа желіге қосылатын болды. Елді мекен жұртшылығымен кездескен аймақ басшысы Даниал Ахметов осылай деді.
Естеріңізге салсақ, облыс әкімінің азаматтарды жеке қабылдауы барысында кент тұрғыны Светлана Моисеева ауызсу берудегі іркілістерге шағымданған болатын.
Жергілікті әкімдік пен «Өскемен су арнасының» мамандары аймақ басшысының тапсырмасына сай кенттің сусыз қала беретін учаскесін зерттеген еді. Нәтижесінде проблемалы үйлерді «Новостройка» су жүйесіне қосу үшін екі жүз метр құбыр салу туралы шешім қабылданып отыр. Бұл жұмыс сәуір-мамыр айларында атқарылады. Сонымен қатар мамандар барлық ұңғымаларды тексереді, қажет болса қосымша құдықтар бұрғыланады.
– Біз осы жұмыстардың барлығына қаржы бөлдік. Сондай-ақ ауылдың географиялық жағдайы сумен жабдықтауға әсер етпеуі үшін қысым реттегіші орнатылады. Он күн ішінде маған барлық ескертулер енгізілген жаңа жоба ұсынылады, бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады, – деді облыс әкімі.
Жұмыстардың барысын Белоусовка тұрғындарының бастамашыл тобы да қадағалайды.
Ержан Кеңесұлы