Облыс әкімі: бағыт-бағдар

Айтылған сыннан қорытынды шығарылды

Облыс әкімі Даниал Ахметов Семейдегі перинатальдық орталыққа тиесілі екі корпустың жөнделу барысын тексерді. Дәл осы нысандарды қыркүйек айында аймақ басшысы қатты сынға алған болатын.

Даниал Ахметов өзінің әлеуметтік желілердегі парақшасында атап өткендей, қазір екі нысанда да құрылысшылардың жұмысы көрініп тұр. №2 корпустың жөндеу жұмыстары бітуге таяған, бірақ үшінші корпуста әлі де көп шаруа тындырылуы керек. Өйткені бұл жерде ішкі орынжайларды толығымен қайта жаңғыру жұмыстары жүргізілуде, ғимарат бұған дейін жедел медициналық жәрдем ауруханасының хирургиялық бөлімі ретінде пайдаланылған болатын. Енді ол перзентханаға айналмақ.

– Тапсырмамның орындалып жатқаны қуантады. Бүгінде нысандарда атқарылған жұмыс көріне бастады. Екі ғимаратта 150 адамнан еңбек етуде. Қасбеттің жөндеу жұмыстары аяқталып, ғимараттардың ішін әрлеу жүргізілуде. Бас мердігердің берген уәдесі бойынша, 15 қарашаға қарай перинатальдық кешеннің екінші және үшінші корпустары толық аяқталмақ. Болашақ аналар да, медициналық қызметкерлер де заманауи медициналық мекемеге ие болуы тиіс, – деп атап өтті Даниал Ахметов.

Семей перинатальдық орталығының директоры Арқат Дайырбековтің айтуынша, 11 мамырда мердігер ұйым – көкшетаулық «Байсын А» ЖШС құрылыс компаниясымен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі келісімшартқа қол қойылған. Екінші корпусты күрделі жөндеуге 462 миллион теңге, ал үшінші корпусты қайта жөндеуге 743 миллион теңге бөлінді.

Естеріңізге сала кетсек, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес мердігерлер 26 қазанға дейін перзентхананы толықтай жаңартуы тиіс еді. Алайда мерзім бір айға дерлік шегерілді. Қазір құрылысшылар екі корпус та қараша айының соңына дейін пайдалануға беріледі деп сөз беріп отыр.

– Жөндеуден кейін №2 корпус медициналық көмек көрсетудің екінші деңгейіндегі заманауи перзентханаға айналады. Бірінші қабатта генетиктерді орналастырамыз, ал екінші қабаттан төртінші қабатқа дейін операциялық блоктар мен босандыру залдары жұмыс істейтін болады, – дейді Арқат Дайырбеков.

Осы уақыт ішінде жөндеу жұмыстары Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтің жеке бақылауында болған. Құрылыс материалдарын жеткізуде мәселелер болды және қосалқы жұмысшылар мен әрлеушілер жетіспеді. Бірақ қазір бұл проблемалар шешіліп, әрлеу жұмыстары қарқынды жүруде.

– Қазан айының соңына қарай жөндеу жұмыстары 90-95 пайызға орындалатын болады. Жобалар бойынша игерілген қаражаттың төмен пайызы көбінесе ойластырылмаған сметаның салдары болып табылады. Мысалы, жобалық-сметалық құжаттамада екі корпустың шатырын алу жұмыстары ескерілмеген. Бірақ тек екінші корпустың шатырынан біз 400 текше метрге жуық керамзит шығардық. Парапеттерді де көтердік, бұл – 80 текше метр құрылыс материалдары. Мұндай ескерілмеген жұмыстар көп болды. Бірақ бүгінде бұл мәселелер шешілген. Біз тапсырыс берушімен бірге сметаны қайта қарап, шатырды алу бойынша барлық орындалған жұмыстарды енгіздік. Бұл ретте жобаның сомасы өзгермейді, – деп түсіндірді «Байсын А» ЖШС-нің учаске басшысы Александр Дума.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов атап өткендей, соңғы бірнеше жылда перинатальдық орталықтың 25 дәрігері Еуропаның үздік клиникаларында білім алып келген. Сондай-ақ осы кезеңде облыстық бюджет есебінен 1,5 миллиард теңгеге босандыруға арналған заманауи жабдықтар сатылып алынды. Олар перинатальдық орталықтың жаңа корпустарына орнатылатын болады.

– Менің тапсырмам бойынша Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қала үшін маңызды әрі қажетті нысанның уақытында пайдалануға берілуі үшін құрылыс жұмыстарының барысын күн сайын қадағалап отыратын болады, – деп түйіндеді аймақ басшысы.

«Didar» ақпарат

Семей.

Осы айдарда

Back to top button