«Дидардың» қонағы

Айтмұхамбет Қасымов, Қазақстанның құрметті журналисі: Әу баста археолог болуды армандаған едім

Айтмұхамбет Қасымов, Қазақстанның құрметті журналисі: Әу баста археолог болуды армандаған едім

Өткен аптада журналистер қауымы өзінің кәсіби мерекесін атап өтті. Облыстық «Дидар» газетінде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен әріптесіміз, есімі облысқа ғана емес, республикаға кеңінен танымал журналист, жазушы, ғалым Айтмұхамбет Қасымов «Қазақстанның құрметті журналисі» атағына ие болды. Осы орайда Айтмұхамбет ағамызбен қазақ журналистикасының қазіргі беталысы, болашағы мен бағыт бағдары туралы кеңінен әңгімелескен болатынбыз.

Адам жаны ауырғанда журналистен араша іздейді

– Кәсіби мерекеде «Қазақстанның құрметті журналисі» атағын алып жатыр екенсіз. Өзіңіздің әріптестеріңіздің атынан құтты болсын дегім келеді.
– Рақмет! «Дидар» газеті арқылы мен де облыстағы ардагер әріптестерімді, өздеріңді құттықтап, шығармашылық жетістіктерге жетулеріңе тілектестігімді білдіргім келеді. Мереке күні «дидарлық», біраз аудандық газеттегі әріптестерден, Сұңғат Әліпбай, Ермұрат Бапи, Құралай Омар сынды республикаға танымал қаламгерлерден «сіз бізге тәлімгер болған едіңіз» деген алғыс айтқан жылы лебіздер алып, көңілім марқайып қалды. Барлықтарыңа да көп рақмет! Ал берілген атақ негізінен осы салаға өз әлінше еңбек сіңірген тәжірибелі қаламгерлерге берілетін марапат, оған биыл менің кандидатурамды ұсынған Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалына алғыс айтамын.
– Қарап отырсам, бүкіл саналы ғұмырыңызды журналистика саласына арнаған екенсіз. Оның өзінде облыстық «Дидар» (бұрынғы «Коммунизм туы») газетінде қырық жылға таяу тапжылмай қызмет етіпсіз. Айтыңызшы, сіздің осынау салаға келуіңізге кім ықпал етті? Жалпы, қалам қасиеті, қалам қадірі туралы не айтасыз?
– Әрбір бала сияқты мен де арманшыл болдым. Бірде саяхатшы болғым келсе, бірде археолог болғым келетін. Әсерлі бір кино көргенде оның кейіпкеріне де еліктеуші едім. Тіпті, жақсы кітап оқып, әсерленгенде жазушы болуды да жаным қалайтын.
Ақтауда бесінші класты, Жоғарғы Тайынтыда сегізжылдықты, Өскемендегі Жамбыл мектеп-интернатынан онжылдықты бітіріп, археолог болсам деген арманмен ҚазМУ-дің тарих факультетіне барған едім. Бірақ ол жылы жолым болмай, ауылда бір жылдай әкемнің жанында көмекші шопан болдым. Сол кезде қолым қалт еткенде, шимайлап бірдеңелер жазатынмын. Бірде облыстық «Коммунизм туы» газетіне «Шілдехана» деген бір сықағымды жібердім. Жарқ ете қалды. Көп кешікпей Тоқтархан Шәріпжанов деген ағадан «Айналайын, сенен түбі бірдеңе шығады, үзіп алмай, жазып тұр» деген мазмұнда хат келді. Тағы да әзіл әңгімемді жібердім, ол да шықты. Сол жылы ҚазМУ дің журналистика факультетіне тапсырып едім, жарық көрген материалдарың аз екен деп құжаттарымды кері қайтарды. Сөйтіп, 1968 жылы университеттің филология факультетіне тапсырып, оқуға түстім. Жоғары оқу орнын бітірген соң, Үлкен Нарын ауданындағы Паромоновка, Алыбай мектептерінде мұғалім, директордың орынбасары, мектеп директоры болып еңбек еттім. Білім саласында жүрсем де аудандық газетке, анда-санда облыстық газеттерге екі тілде жазып тұрдым. Осының барлығы мені журналистикаға жақындата түсіп еді.
Адамның тәні ауырғанда ол дәрігерге жүгінеді де, жаны ауырғанда журналистен араша іздейді. Сондықтан журналист қаламының қасиеті мен қадірі туралы сол қаламның көмегі мен жақсылығын көрген көпшілік қауымның өзі пайымдап көргені жөн ғой деймін.

Жанрлардың ішіндегі жаныма жақыны – сұхбат

– Сіз журналистикаға келген уақыт қылышынан қан тамған кеңестік дәуір болатын. Ол кездегі журналистердің жазған-сызғаны цензураның қатаң сүзгісінен өтетін. Сол кезде іштей «әттеген-ай» деп, тіліңізді тістеп қалған кездеріңіз талай болған шығар?
– Мен екі заманды да көріп келе жатқан адаммын. Сондықтан бүкіл кеңестік кезеңді «қылышынан қан тамызып», тым үрейлі, қатыгез етіп көрсетуге қарсымын. Оның да жылымық, шуақты кезеңдері аз емес. Шынында да ол кезде цензура да, әр деңгейдегі басылымдарды қадағалап отыратын арнайы штат та болды. Ал қазір заң жүзінде жоқ болғанымен, іс жүзінде цензураны жоқ деп айта алмаймыз. Өзі қаражат бөліп, құрылтайшы болып отырған билік қол астындағы бұқаралық ақпарат құралын өзінің басыбайлы құлына айналдырғысы келеді. Басылымды халық пен билік арасындағы байланыс құралы немесе әріптес ретінде қараудың орнына, қолшоқпар ретінде пайдаланып, шексіз әмірін жүргізуге тырысады.
Ал енді қатты сан соғып, «әттеген-ай» дегізген кездер бұрындары көп болған жоқ, ол қазір бар. Олар – қанша жанталаса күрескенімен, билікке бой бермей өрши түсіп келе жатқан сыбайлас жемқорлық, жағымпаздық, көзбояушылық. Мемлекет ішіндегі қазақ тілін тұншықтырып келе жатқан ресми тілдің ғұмыры әлі тым ұзақ болатын сияқты. Тым болмағанда ең жоғарғы деңгейдегі билік басындағылар шетелдік ресми өкілдермен қазақ тілінде аудармашы арқылы сөйлесетін болса, қандай жағымды болар еді деп ойлаймын. Жемқор миллионерлерімізді әбден шетел асып кеткен соң, сырттай соттап, интерпол арқылы іздестіріп жататын биліктің әрекетіне таңғаламын. Міне, «әттеген-ай», осыларды жеріне жеткізе зерттеп, жазса ғой деп ойлаймын кейде. Бірақ зейнеткерлік безбеніне өлшей отырып, ондай «ерлік заманының» өз басымнан өтіп кеткенін мойындаймын.
– Әр журналистің өзінің оң жамбасына келетін жанры болады дейді. Өзіңіздің жаныңызға қай жанр жақын еді?
– Маған журналистік жанрлардың ішіндегі жақыны сұхбат болды. Сұхбат – әрқашан да өзіңнің қойған сауалыңа неғұрлым толық жауап алмайынша, немесе таңдаған тақырыбыңды соңына дейін ұғынғанша одан бас тарта алмайтындай жағдайда ұстайтын ұзақ та тынымсыз жұмыс. Тақырып таңдау, мақсатты анықтау, кейіпкеріңді зерттеу, сұрақтарыңды нақтылау журналистке оңай емес. Журналистің еңбегі қалай орындалды, ол үйде немесе редакцияда, жазу үстелінде қандай шығармашылық процесті басынан кешірді – мұнда оқырманның ісі жоқ, оқырманға керегі журналистің газет бетіне шыққан материалы ғана. Оқырман сұхбат алу барысында журналистің қаншама жұмыс атқарғанын, жазу үстеліндегі қиналысын білмейді, ол автордың шығармашылығын жарияланған дүниесіне қарап қана бағалайды. Сондықтан сұхбат барысында өзіңді көрсетуге тырыспай, алдымен кейіпкеріңнің портретін жан-жақты ашып, оқырманға қызғылықты етіп жеткізуге барынша тырысу қажет.
– Қалам ұстауға зауқыңыз болмай, жаза алмай, тоқырап қалатын кездеріңіз болатын ба еді? Ондай кездерде «формаңызға» қалай түсетін едіңіз?
– «Адам баласының бойындағы қасиеттің барлығы маған да жат емес» деп бір данышпан айтқандай, ондай кездер болып тұрады. Қызметте жүргенде тапсыру мерзімі белгіленіп берілген шұғыл тапсырмаларды түнімен отырсақ та, уақтылы тапсыруға тырысатынбыз. Ал қазір шығармашылық жағынан өзіме-өзім қожа болғандықтан, қаламым жылжымай жатса, өзімнің архивтік дүниелерімді ақтарып, қолға түскен кітаптарды оқып, теледидар көріп қайтадан «формама» келгендей боламын.

Қазақ баспасөзінде эмоциялық дүниелер көп кездеседі

– Қазіргі қазақ журналистеріне жетіспейтін не деп ойлайсыз? Мемлекеттік тілде жазатын журналистер әдебиет, мәдениет тақырбын жазудан неге әрі аса алмай жүр. Экономика, банк саласын тереңдеп жазу оларға неге қиын?
– Айтып отырғаның рас, қазақ баспасөз құралдарында экономикалық сараптамалық материалдардан гөрі рухани бағыттағы – ел, жер, тіл, дін тақырыбындағы эмоциялық дүниелер көбірек кездеседі. Сондықтан да «кәсіби шеберлігі жағынан қазақтілді журналистер орыстілді әріптестерінен әлдеқайда әлсіз», «қазақ баспасөзі елдегі қоғамдық пікірдің негізгі ұйтқысына айнала алмай отыр» деген пікірлер айтылып қалып жатады. Экономика, банк саласын, менеджментті тереңдеп жазу үшін журналистика факультетінде осындай пән негіздері түбегейлі оқытылуы керек немесе жазуға икемі бар экономист, банкирлерді қысқа мерзімді журналистік курстардан өткізіп алған дұрыс. Ал енді қазақ баспасөзі Қазақстанда бірінші беделге ие болуы үшін сол Қазақстанымызда әуелі қазақ тілі бірінші беделге ие болуы керек. Екіншіден, Қазақстанның өз БАҚ-тарынан гөрі шетелдік БАҚ-тардың саны көп. Бұған мемлекет тарапынан тегеурінді тосқауыл қойылуы керек.
– Сондай-ақ, сіз ғалымсыз. Шығыстағы қазақ баспасөзінің тарихын зерттеп, тыңнан түрен салып, кандидаттық диссертация қорғадыңыз. Әзілхан Нұршайықов айтпақшы, «Журналистика дейтін хабардың қан базарында» жүріп, бұған қалай уақыт таптыңыз?
– Мен «Дидар» газетінде 40 жылға жуық еңбек етіп, журналистік жолдың барлық сатысынан өттім. Газетіміздің 75 жылдығы қарсаңында бір айдар ашып, архивтік материалдар жариялай бастадық. Жан¬-жаққа хат жазып, бұрын осы газетте қызмет істеген адамдар туралы материалдар іздестірдік. Алматыға жол түскенде, Орталық мемлекеттік архивтегі біраз дүниелермен таныстым. Көзі тірі ардагерлерден құжаттар сұраттық. Менің осы тірлігімді сол кездегі бас редакторымыз Жұмәділ Әділбаев ағамыз қолдап, газеттің мұражайын ашуға бел байладық. Содан мұражай ашылды, көптеген құжаттар мен жәдігерлер жиналды. Алматыға бір барғанда әл-Фараби атындағы университеттің журналистика факультетіндегі оқытушы-ғалымдарымен ақылдасып, «Шығыс Қазақстан облыстық газетінің қалыптасу, даму жолдары» деген тақырыпты бекіттіріп, жазуға кірістім. Онда мен газеттің бас редакторының орынбасары едім, басшымыз тағы да қолдау көрсетіп, газеттің 80 жылдығына дейін бұл еңбек қорғалып, монография жарық көрді. Облыстық журналистиканың қалыптасу кезеңдері мен даму жолдарын саралау және аймақтағы қазақ газеттеріне тән ортақ заңдылықтардың зерттелуі жалпы ұлттық баспасөзіміздің тарихын түгендеу үшін қажет дүние болды деп ойлаймын.
– 2009 жылдың ақпан айынан үш жыл облыстық «Дидар» газетінің редакторы болдыңыз. Әріптестерім өзіңізді «жайлы редактор еді» деп әлі күнге дейін айтады. Сіздің «тау қозғалса, қозғалмайтын» сабырлы мінезіңіздің сыры неде? Жалпы, журналистің мінезі қандай болуы керек?
– Сансыз құм түйіршіктердің өзінде бір-бірінен айнымай, ұқсайтындары болмайды дейді ғалымдар. Сондықтан стандартты мінездің де болуы мүмкін емес. Жігіттердің «жайлы еді» деп ілтипат білдіріп жатқанына рақмет. Басшының бойынан кісілік пен кішілік, сыпайылық, мәдениет, ұстамдылық, адалдық пен әділдік сияқты қасиеттердің үйлесім тауып тұрғаны жақсы деп ойлаймын.
– Аударма саласы да өзіңізге жат емес. Жерлесіміз, жазушы Георгий Гребенщиковтің біраз әдеби дүниелерін қазақ тіліне тәржімаладыңыз. Тағы да қандай дүниелерді аудару ойыңызда бар?
– Гребенщиковтің өзінің көшпенділер ұрпағы, шемонайхалық жерлесіміз болғандығы, қазақтың тілін, салт-дәстүрін жақсы біліп, олардың арасында көп болуы мені қатты қызықтырған соң, жазушының халқымыздың өмірінен, тарихынан жазылған біраз дүниелерін аударып, оқырман назарына ұсындым. Алдағы жоспарды уақыт көрсете жатар.
– Таяуда ғана «Туған жер әуендері» атты кітабыңыз жарыққа шығып, оқырманға жол тартты. Туған жеріңізге жиі барасыз ба?
– Өкінішке қарай, туған жерім – Аюды деген жер жәннатындай шағын ауыл қазір Бұқтырма теңізінің астында. Сондықтан өзім сегізжылдық мектебін бітірген Тайынтыны ауылым деп есептеймін. Мынау жарық көрген кітап негізінен сол туып-өскен ауылымыздың асыл азаматтарына, әке-шешемнің замандастарына, солардың ғұмыр-тірлігін суреттеуге арналып отыр. Оның бағасын оқырмандар, жерлестерім бере жатар.
– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button