Қайранбақыт Сыдықов, құрылысшы-архитектор: – ТУҒАН ЖЕРДІҢ БІР ТҮП ЖУСАНЫНДАЙ БОЛМАЙДЫ
Біз әдетте еңбек адамдары туралы көп айтамыз. Бірақ еңбек адамы деген кім? Бұл статусқа кім лайық деген сұрақтан сүрініп жатамыз. Қазір жиырма жасында білдей бір мекемені басқарып отыратын «бала бастықтар» көп. Сөзге тартса, іші таяз, білімі саяз. Ал бұрын қалай еді? Бұрын еңбек адамы қарапайым жұмысшыдан бастап көтерілетін. Он-жиырма жылда тәжірибесі молайып, кемеліне келетін. Мұндай өрлеу адам үшін де, қоғам үшін де, тіпті қызмет үшін де пайдалы. Бүгінгі қонағымыз бірден бір мекемені билеп-төстеген бүгінгі «бала бастықтардың» санатынан емес. Ол еңбек жолының барлық басқыштарын басып өткен, 60 жасқа дейін бір мекеме емес, бір аудан атқаратын жұмыс тындырған азамат. Жеке кәсіпкер, құрылысшы-архитектор Қайранбақыт Сыдықовтың өмір жолы көпке үлгі, жастарға өнеге!
– Қайранбақыт аға, алдымен өзіңізді таныстырып кетсеңіз. Қайда тудыңыз, қайда өстіңіз?
– Мен 1960 жылы 6 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының Мақаншы ауылында дүниеге келгенмін. Ауылдағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектепті бітірдім. Одан кейін үлкен өмірге жолдама алып, қазіргі Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Құрылыс» факультетіне түстім. Кейін ол 1982 жылы Сәулет және құрылыс академиясы болып бөлінді ғой. Мен соны 1983 жылы бітіріп шықтым.
–Қазақтардың тісі бата бермейтін мамандықты меңгеріпсіз.
–Кеңес одағы кезінде ауылдан келген жастар қалаған мамандығына түсе алмайтын еді ғой. Бірақ мен жақсы мамандықты оқыдым. Алғаш еңбек жолымды Қаскелең ауданына қарайтын Пригородный совхозынан бастадым. Құрылыс саласында қарапайым жұмысшы болдым. Үш айдан кейін бригадир болдым. Жұмысым солай өсе берді. Мастер, одан кейін прораб, бас прораб қызметтерін атқардым. Сол жұмыста жүріп партия қатарына өттім. Қаскелеңге ауысып, комсомол комитетін басқардым. Ол жақтан мені партияға өткізген соң, қайтадан бұрынғы совхозыма ауыстырды. Бұл жолы мен кәсіподақ комитетінің өкілі болып оралдым. Сол жерде жұмыс істеп жүргенімде, директордың орынбасары болып қызметті ауыстырдым. 1989 жылы совхоз тарады. Одан кейін Қаскелең аудандық партия комитетінің нұсқаушысы (инструктор) болып қызмет ауыстырдым. Тағы бір жылдан кейін құрылыс басқармасына басшы болып келдім. Маған 180 мекеме қарады. Оны абыроймен істеп жүргенде, сәулет құрылыс мекемесінің жекеменшік құрылыс бөлімінің басшылығына ауыстырды. 1998 жылға дейін сол мекемені басқардым. Қазіргі Заря Восток, Алғабас, Таугүл совхозы, Каменкаға дейінгі өңірдің құрылыс және сәулет инспекторы болып қызмет еттім. Сол орында абыроймен табан тіреп бірнеше жыл жұмыс істедім. Елбасының «Құрмет» грамотасымен, «Отан» партиясының грамотасымен марапатталдым.
–Бұрын еңбек адамына деген құрмет бөлек еді. Сіздер сол тәрбиемен өстіңіздер ғой.
–Иә, біздің тәрбие бөлек болды. Еңбек еткен адам сыйлы, құрметті болды. 1988 жылдары совхозда жүргенімде, Киров деген ауылда 28 үй салдым. Бәрі жастар. Кооператив құрғанбыз. Ол кезде сондай кооператив бар болатын. Ол кезде де басшылар тарапынан жақсы баға алып, марапатталдым.
–Қайранбақыт аға, біз сіздің Мақаншыда Қаракерей Қабанбай батырға арнап ескерткіш қойып, алты алаштың басын қосып үлкен ас бергеніңізді білеміз. Мұндай жауапты, әрі үлкен іске қалай кірістіңіз?
–2002 жылы мен мидың қатерлі ісігімен ауырдым. Германияға барып ота жасаттым. Біреулер «Отадан оянбай қалуың мүмкін» деді. Мидың отасы саусаққа кірген тікен емес қой ала салатын. Ота үстінде ұйықтап жатып түс көрдім. Оң жағымда Қабанбай атам, сол жағымда Райымбек батыр тұр. Артымда марқұм шешем және сәлделі қариялар бар. Арасында Арыстан баб, Қожа-Ахмет Яссауи да бар екен деймін. Бәрі қолын жайып бата беріп жатыр. «Баталарыңызды қабыл алдым, қабыл алдым!» деп жатырмын. Оянайын деп едім, қайтадан ұйықтап кеттім. Тағы түс көрдім. Мақаншыда болсаңыз, ауылға кіреберісте Жайтөбе деген тау бар. Түсімде әлгі таудың етегіне жетіп қалған екенмін деймін. Таудай болып Қабанбай атам жатыр. – Әй, балам, бері кел! – деп шақырды. Көлігімнен түсе салып, тізерлеп келіп алдына жүгіндім: «Балам, анау Қубас атымды әкеліп, ерттеп, қару-жарағымды сайлап, атыма мінгізіп жібер» – дейді. Атын дайындап жатырмын. – Ата, сіз ауырсыз ғой. Қалай мінгіземін? – деймін. Қабанбай бабам: «Сен менің қолтығымнан демеп жібер. Өзім мінемін» – деді. Батырды атына мінгіздім. «Қолыңды жай, бата берейін» – деді. Қолымды жайдым. « Алған бетіңнен қайтпа, бақ берсін. Ойға алған ісіңнен тайма. Өзім көмектесемін. Әумин!» – деді. Бетімді сипадым. Оянсам, түсім екен. Сол түсімнен кейін Қабанбай атамды атқа мінгізсем деген ой тыныштық бермеді. Батырға мүсін қою керек деп шештім. Содан 2003 жылы мүсінші Болат Құсайынов бар, кеңесшілеріміз Қабдеш Жұмаділов пен Ұлықпан ағам (Сыдықов) бар, бәріміз осы жұмысқа жұмыла кірісіп кеттік. Сәулетшісі өзім болдым.
–Түсіңізде ап-анық аян берген екен ғой.
–Түсімді бірден Ұлықпан ағама айттым. «Тәуекел! – деді. – Қабдеш ағаңа айт» – деді сосын. Түнгі сағат 11-дің кезі. Ұйықтап қалған шығар деп ойладым. Бірақ ойымдағы дүниені айтқым келіп, шыдамай қоңырау шалдым. Қабаң телефонды өзі көтерді. Дауысы саңқылдап тұр. «Батамды беремін. Бәрі дұрыс. Бастай беріңдер!» – деді. Содан қолға алдық қой. Макетін үйде құйып жасадық. Ескерткіштің өзін таза мыстан құйдырдық. Жалпы, осы жұмыста мені Қабанбайдың рухы қолдап отырды.
–Қара басыңыздың қамы емес, тұтас қазақтың бас батыры Қабанбайдың мүсінін көтеріп жүрген соң жолыңыз өзінен-өзі ашыла берген сияқты?
–Әрине, батырды атына мінгізуге жалғыз мен ғана емес, тұтас Қабанбайдың ұрпақтары жұмыла кірісті. Арнайы атап өтейін, сол кездегі аудан әкімі Бауыржан Жанақов басшы болып, 27 ауылдық елді мекеннен 56 ақбоз үй тігіп, аламан бәйге беріп, апай төс балуандар күресін өткіздік. Асқа демеуші болған бірқатар азаматтар болды. Олар – Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, қазақтың қара күші Жақсылық Үшкемпіров, інілерім Әсет Сыдықов, Дүйсенбин Манарбек, бажам Сарқыт Бердіқұлов, Серікқали Шпекбаев, Мақаншы ауылының әкімі Сайлау Шарықбаев, құрдастарым Қанат, Ордахан, Құрманғазы, Науалы ауылының әкімі Смағұл Исабаевтар рухани және материалдық көмегін аямады. Ерекшелеп айта кететін бір әңгіме, Ұлықпан ағам: «Қабанбай батыр ескерткішінің лентасын қию дәстүр бойынша Қазақстан Президентінің жолы. Болмаса, батырдың лентасын батыр қияды» – деді. Елбасына лента қиюға шақыру жібердік. Қызмет бабына байланысты келе алмады. Сондықтан біз Халық Қаһарманы Талғат Бигелдиновты шақырдық. Сөйтіп, Батырдың лентасын батыр қиды…
–Қазір қандай шаруамен айналысып жатырсыз?
–Ескерткішті қойғаннан кейін «Қаракерей Қабанбай» деген құрылыс компаниясын құрдым. Алажаздай тапсырыспен үй саламыз. Қыста пәтерлерге жөндеу жұмысын жүргіземіз. Үржар ауданының орталығындағы үлкен мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Ақша үкіметтікі, жұмысты орындау бізден. Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрынан аумай шықты. Сондай айбынды, асқақ. Халық дән риза! Содан кейін Мақаншы ауылындағы спорт кешеніне демеуші болдық. Ауылдағы балалар босқа жүрмесін, залға барып күресіп үйренсін деген ой ғой. Мақаншыдағы атшабарды да біздің компания салды. Осы жұмыстарды атқарғаннан кейін өзім оқыған мектеп «Ғасыр тарланы» деген сыйлығымен марапаттады. Бір сыныпқа менің атымды берді. Көрсеткен құрметтеріне бек ризамын!
Одан кейін Алматыдағы Қазақ-түрік лицейіне ата-аналар комитетіне басшы етіп сайлады. Өйткені осы лицейді менің балаларым оқып бітірді. Бұл білім ошақтарына да демеуші болдым. Бұрынғы КИЗ, қазіргі Алмалыбақтағы ұлдар лицейі мен Алматыдағы қыздар лицейіне күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге демеуші болдым. Сол жұмыстарды жасағаннан кейін Түркияға білім министрі шақырды. Бардым. Телеарналарына сұхбат бердім. Содан түріктің министрі: «Түркия қалай екен?» дейді. Мен: «Жер кіндігі – Мақаншы деген туған жерім бар. Мақаншыдан кейінгі керемет жер Түркия екен» – дедім. Ана кісі: «Қайранбақыт, сен шешен, тапқыр қазақ екенсің» деп иығымнан қағып жатыр. Туған жердің жусанынан, туған жердің топырағынан артық не бар? Қайда барсаң да аңсап тұрасың. Шетелдің біраз елінің дәмін таттым. Бірақ бәрі туған жеріңнің бір түп жусанының иісіндей болмайды екен. Туған ауылыма жылына екі-үш рет барып қайтамын. Қабанбайдың мүсінін қойған жылы бір жазда 27 рет бардым. Өйткені ауылдың дәмі тартады да тұрады.
–Қайран аға, осы жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар. Алдыңызда алпыстың асқары тұр. Артыңыздағы басып өткен жолыңыздан не түйдіңіз?
–Қазақ «Алпыс – талтүс», «Алпыс ердің жасы» дейді екен. Менің осы жасқа келіп өмірден түйгенім: адам алдымен денсаулығын күту керек екен. Содан кейін жоқтан өзгеге ренжіп, күйгелектеніп, уақытын босқа өткізбей, еңбек ету керек. Үшінші, өз қатеңді дер уақытында түзеп, жөндеп отырсаң, сен данышпансың. Пайғамбарымыз: «Қатты ашулансаң отыра қал. Одан басылмаса, жата қал. Бірақ аузыңды ашпа!» – депті. Тіл деген адамның жауы. Ашумен біреуге тілің тиіп кетуі мүмкін. Адам содан абай болу керек. Бұл – менің өмірлік ұстанымым. «Сабыр түбі – сары алтын» – дейді. Сабырлы болу керек. Сосын, өмірден тағы бір түйген дүнием. Әр жұмысты өз уақытында істеп үйрену керек. «Бүгіннен ертең оңай» дегенді қойған жөн. Қазақ «Жалқаудың ертеңі бітпес» деп бекер айтпаған ғой. Осының бәрі еңбектен келіп шығатын ақылиялар.
– Әңгімеңізге рақмет! Аман болыңыз. Ел-жұртыңызға еткен еңбегіңіз, сіңірген қызметіңіздің шапағаты ұрпағыңызға тисін!
Сұхбаттасқан – Жарас Кемелжан