Қайнар Олжай, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер: – Өр Алтай құрметтелуі және қорғалуы керек.
Қазіргі қазақ публицикасының көрнекті өкілі, «Qazaqstan» ұлттық арнасының бас редакторы, жерлесіміз Қайнар Олжаймен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Туған елі туралы толғанысы былай өрбіді.
Бабалар қабірін басқаға тонатпайық
– Құрметті Қайнар аға, Шәкәрім атамыз өзінің бір өлеңінде «Қазақтың түп атасы-батыр Түрік» дей келе, оның Қарлы Алтайда, өр Алтайда өмір сүргенін жазады. Осы данышпан атамыздың сөзін қазіргі заманға орай қалай жалғар едіңіз?
– Рас, Алтай бүкіл түркі халықтарының бесігі. Біз бүкіл түркі халқына бесік болған жерде тудық. Бұның өзі бір бақыт. Түркі халқы деген бір жағы якут, сахадан сонау Түркияға дейінгі аралық. Бір бөлігі Албанияға, Болгарияға, тіпті Венгрияға дейін тарап кеткен үлкен мемлекет. Бір шетін мен тіпті Иранда, Ауғанстанда көрдім. Пәкістанда Хызыр деген халық бар, ол да түркі халқы. Сібірде мынау Қазанға бардым, татарларың да түркілер. Демек үлкен аумақты алып жатқан түркі халқың бұл күнде 200 миллион бола ма, болмай ма, соның санына кім жеткен?! Десек те, барлығының атамекені Шығыс Қазақстан. Бұның өзі үлкен жауапкершілік. Мына нәрсені айта кетейін, осы Алтайдың байлығы қазір жыртқыштықпен тоналып жатыр. Бабаларымыздың «алтынмен аптап, күмістен күптеген» деген көнеден қалған сөзі бар. Алтай баурайындағы тіпті, таза алтыннан құйылып жасаған зираттар тоналды. Қазақ зиратқа тиіспеген. Зиратты өз салт-дәстүріне сай қасиетті деп бағалаған. Алдымен орыс тонаушылары келді. Олар басында барлап келді, бақылап келді. Сосын өктемдікпен басып алды. Оларға Патша «Қаз!» деп айтпаған, қарақшылық жолмен тонап кеткен еді. Екінші рет тоналды. Екінші тоналғанда ресми жолмен тоналды. Кәдімгідей Ресейдің археологтары қазып алды. Тапқанының барлығын сол кезде Одақтың орталығы Москваға тасыды. Ресми тоналды деп айтып отырған себебім, біздің ата-бабаларымыздың сүйегі сақталған көптеген қорғандарды қазды. Археология тәртібін сақтап қазса да бұл қазбалар Қазақстанда қалмады. Солардың музейі, ғылыми зерттеу орталықтары, институттарын толықтырды. Ал енді қараңыз, 1990 жылдардан бері қазақтардың өздері қарақшылықпен тонап жатыр. Қытайға асырып жатыр. Шыны керек, мен еңбек демалысын алсам, шет елге шығып демалмаймын. Тек ауылым Тарбағатайдың ауасын сағынып, елге келемін. Мұнда да көп бола алмаймын. Елдің, жердің амандығын көріп, жүздесіп қайтамын. Сонымен Алтай бауырындағы ауылыма барғанда көргенім, кәдімгідей жер қопаратын үлкен техника әкеліп, қазып алуда. Полицияның күші келетін емес, бұл үлкен мәселе. Әлі күнге дейін көптеген адамдар сол тау-тауды кезіп, Тарбағатайды аралап алтын іздеп жүр. Ептеп күзеткен болады. Бірақ бұндай күзеткен бізге болмайды. Қазып, қопарып тастау деген не сұмдық?! Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубеков сияқты археолог ағаларымыздың «Елеке Сазынан» деп тауып алып көрмеде көрсеткендері, көңілдеріне келмесін, аналардан қалған-құтқан бірдеңелер. Себебі халықпен сөйлесіп көрсем, олардың алдында-ақ, «Алтын тақты» қазып алып, әкеткен дейді. Дәл кім алғанын, қалай алғанын ешкім айта қоймады. Бұл біздің бабаларымыздың мұрасы, олар бұл алтынды басқа жерден әкелмеген. Бұл жер саудамен байымаған. Өздерінің алтындарымен өздері күн көрген.
-Қайнар аға, жыл сайын туған жерге – Ақсуат өңіріне барып қайтады екенсіз. Өзгеріс бар ма, ауылыңызда?
– Бұрындары ауылға демалуға баратын алаңсыз, беймаза тіршілігімізге Аягөзден шығып Ақсуатқа қарай жүретін жолдың азабы көлеңке түсіретін. Осыдан төрт жыл бұрын Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің басшылары журналистермен жүздескенде Аягөз бен Ақсуат арасы қашан жөнделетінін сұрадық. Олардың айтуынша, бұл жолмен тәулігіне тек екі автобус жүреді-мыс. Экономикалық тиімділігі жоқтықтан жөндеу қарастырылмаған. Ал былтыр мен шынында да әбден риза болып мақала жаздым: «Осы жолдың Тарбағатай ауылына дейін бөлігіне асфальт төселгенін көріп таңғалдық. Тарбағатайдан әрі және Ақсуаттан бері қарай екі жақтан тастақ жолды асфальттап жатыр. Сөйтсек осы жолмен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жүріп «мынау сұмдық» депті. Ойрандалып жатқан жолды сайрандап өтер тегіс жолға айналдырыпты. Бұдан бұрын бірде-бір әкім Ақсуат пен Аягөз арасына жүріп көрмеген. Ахметов алғаш рет жүрді, бірден тапсырма берді. Даниал Ахметовке риза болдым. Осының бәрін болмаса да, біраз жайын риза болып, рақмет айтып былтыр мақала жаздым. Сөйтсем….
Сөйтіп биыл сол жолмен қайта жүрсем, бір-екі жыл бұрын ғана жөнделген жолдың быт-шыты шығыпты. Демек, жолды жұп-жұқа ғып, сапасыз жөндеген. Жөнделуі бір жылға жетпеген деген не сұмдық?! Даниал Кенжетайұлына айтып едім, мәселені дұрыс түсініп, бірден тапсырма берді.
Мемлекетте қамқорлық бар, қадағалау жоқ
– Не жазып жатырсыз? Қызмет шығармашылығыңызға кедергі болмай ма?
– Аптасына бір мақала жазып тұру міндетім. «Іnformburo.kz» сайтына, «Ана тілі», «Айқын» газеттеріне мақала жазып тұрамын. Соңғы кітабым: «Жер мен аспан арасындағы дастан» деп аталады. Мемлекеттік тапсырыспен шыққан. Сен нанбайсың, соның қаламақысы 100 мың теңге екен. Жарты ақшасына кітап берді. Жартысы сол баспада әлі күнге дейін алынбай қалды. Тиражы үш мың дана. Олар мемлекеттік тапсырыс болғандықтан, еліміздегі барлық кітапханаларға тарату керек болған. Бірақ, мен байқап көрдім. Көптеген кітапханаларда менің кітабым жоқ. Солардың қайда таратқанын білмеймін. Мемлекетте тағы да қадағалау жоқ. Ниеттері жақсы, тапсырыс береді, бірақ аяғына дейін орындалғанын ешқашан қадағаламайды. Иә, осылайша бес жыл бұрын бір кітап жазған едім. Одан соң да қазір баспаға бір кітабым дайын. Бұл жаңағы кітабымның жалғасы: «Астан-кестен бастан кешкен». Қазақстанда неше түрлі құпия оқиғалар өткен. Бұрын бізге құлаған метеориттер, табиғат құбылыстары, айда қалған Лунаход, оның да Қазақстанға қатысы бар. Кітабымды біраз бұрын көтеріп министрлікке барып едім, әр кітап арасына бес жыл болу керек деген талабын айтты.
-Қазір әлеуметтік желіде, интернетте Қайнар Олжайдың сабақтары деген бар екен. Көптеген жас қаламгерлер сізді ұстаз санап, ақыл-кеңес алып, тәлім-тәрбиеңізді көріп жүр. Соңғы кездері саяси тақырыптардан алшақтап жүрсіз…
– Бұны ашқан журналистердің өздері. Осыдан біраз жыл бұрын эфирдегі жүргізушілердің мәтіндерін, сөз қолдынысын редакциялап, қарап, тексерген едім. Мен саясилығына назар аудармаймын. Тек қазақша тіл ұғымының халыққа жақын болуы тарапынан ғана қараймын. Қай сөзді дұрыс қолданды, қай сөз қате болды, соны сарапқа саламын. Апта сайын шолу жасап беремін, ол бәріне қатты ұнады. Содан журналистер қолқа салып, сөз қатесін түзетіп, көмек жасап отырсаңыз деген өтініш айтты. Топ құрайық деп топ ашты. Он бес журналист бастап еді. Таңертең мәселен, Фейсбукті ашып қарасам, мен көптеген топқа мүше болып тұрамын. Мен бәрінен ақырын ғана шығып кетемін. Ал сол кездері он бес журналист құрған топта бүгін 2950 адам кірді, өз еркімен қосылды. Олардың барлығы да менің сабақтарымды қарап отырады, бәрі өз қалауымен, әрине. Бірақ бұған кейде қол тиеді, кейде қол тие бермейді. Бірақ қалай болағанда да, қате көрген кезде, ол стилистикалық қате, бұл әріп қатесі емес, сондықтан сөзді дұрыс өз мағынасында қолдансын деп көрсетіп, ескерту жазып қоямын. Журналистер соны ары қарай талдап әкетеді. Бұл енді қазіргі менің қоғамдық жұмысымның бір бөлігі. Журналистерді типтік қатеден сақтандыру менің мақсатым. Медиазавод компания америкалық телеұйымдастырушының негізінде Қазақ журналистикасы, тележурналистикасы туралы 25 дәріс оқыдым. Ол дәрістер редакцияларға табысталады деп ойладым. 25 бейнедәріс оқыдым.
1995 жылға дейін саясатты жазған журналист едім. Бірақ сол жылдан кейін қойдым. Саясатқа, биліктегі кадрларға мүлде араласпаймын. Шаруам жоқ. Сайлауда дауыс бердім. 25 жыл болды мен саяси мақала жазған емеспін. Экологияны, табиғатты насихаттап, ұлттық рухты дәріптеп жазып келе жатырмын. Ұлттық рух дегеннен шығады, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласын дұрыс түсіне білу керек. Былтырдан арғы жылы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» деген фильм шыққан еді. Фильмді көрген соң, мен қолыма қалам алдым. Бүйтіп бүкіл ұлтты масқаралауға болмайды. Ондай фильмді түсіруге болмайды. Түсірген күннің өзінде, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» деп ұсынуға болмайтынын түсіндіріп отырып, барлық дәлелдермен жаздым. Оған дейін жүріп жатқан дау менің мақаламнан кейін тоқтады. Сөзімдегі дәлелдерге тоқтады. Одан кейін «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» ары қарай ешкім қорғаған жоқ. Қорғауға тұрмайтынын түсінді ғой деймін. Міне, осындай бағытпен келе жатырмын. Осындай бағытпен кете беремін. Біздің елімізде жол жөнделсе де, кітап шықса да, кино түсірілсе де, ауызсу тартылса да бәрі сапалы болса екен, еліміз өркениетке жетіп, соның деңгейін шынымен көрсе, жақсылығын, бақытын сезсе, игілігін көрсе екен деп тілеймін.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Раушан Нұғманбекова
Семей.