Ғибрат

Айналасына ізгілік шуағын шашқан «Ай-Ана»

Бүгінде қазақстандық әйел қоғамның барлық саласында белсенді, беделді. Әйел – ана, айнымас дос, жанұя ұйытқысы, қоғам қайраткері, еңбекқор, аяулы жан. Осы бір тұжырымды ойды барлық азаматтар дұрыс түсініп, нәзік жандыларды жоғары бағалап, әрдайым құрметтейді.

Осы мерейлі мереке қарсаңында аналардың ауданның әлеуметтік-экономикалық өміріне қосқан өлшеусіз еңбектерін атап айту қажет. Бүгінде ауылымызда осындай асыл жандардан құралған «Ай-Ана» әжелер тобы жұмыс істейді. Бұл өнер отауы 2015 жылы сәуір айында құрылды. Жетекшісі – ардагер-ұстаз Бағдат Сансызбаева.

Құрамында салт-дәстүрді дамыту жолында аянбай еңбек етіп жүрген, он саусағынан өнер тамған шебер аналар бар – Ұлжан Базарбай, Хадиша Найманғазы, Күнсұлу Ошақбаева, Батира Мүлікова, Сайраш Айтқазы, Роза Сәдуақасова, Гүлжауар Айтмұхамбетова, Мәрия Шалбарбаева, Фарида Абдуллина. Ең алғаш құрылғанда құрамында Әслима Көпенова, Сәмиға Жабашева, Күләш Әміренова, Гүлжайнат Нияз болды.

Әжелер тобы екі бағытта жұмыс атқарады. Біріншісі – ән айтып, өнер көрсету болса, екіншісі – қолөнерді насихаттау, қазақтың ұмыт болып бара жатқан ескі тұрмыстық бұйымдарын, жәдігерлерді жинап, халыққа таныстыру. Қолөнер саласын шебер Хадиша Найманғазы жүргізеді. «Ай-Ананың» сахнаға жарқырап шығуы осы кісінің, басқа да мүшелерінің шеберлігін көрсетеді.

Әжелер ауылдық округтегі мәдени іс-шараларға белсене қатысып, концерттерде ән орындап, ауданда өтетін түрлі жарыстарға қатысып жүр. «Ай-Ана» тобы сахнаға шыққанда көрермен ерекше бір сезімде болады. Ұлттық киімдері, жылы жүздері, әдемі қазақи дауыстары, шырқаған әндері қандай жарасымды.

Қоғам ісіне білек сыбана кірісіп, жастарға ақылдарын айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп жүрген әжелер тобы ауылдық әйелдер кеңесімен байланыста жұмыс істейді. Әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Бақаева әжелерге көмектесіп жүреді.

«Ел іші – өнер кеніші» демекші, соңғы жылдары көпбалалы, жас апалар топ құрамына тартылуда. Олар әншілікті ғана емес тілімізді, дінімізді, әдет-ғұрпымызды, мәдениетімізді, ұмыт бола бастаған қолөнерімізді насихаттауды, жас ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан.

2019 жылы аудандық «Ұлттық қазына – ел рухы» көркемөнерпаздар сайысында ұлттық көрме ұйымдастырып, 1- орынды иеленді, аталған көрмемен облыстық байқауға жолдама алды. Сол жылы аудандық «Қара қазан, сары бауырсақ» жарысында 1-орынға ие болды. Қай жарысқа қатысса да жүлделі орындардан көрініп, алғыс хатпен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

2020 жылы «Ай-Ана» әжелер тобы бес жылдығын атап өтіп, ауылдық Мәдениет үйінде концерт қойды. Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай өткен аудандық көрмеге қатысты.

Осы сегіз жыл ішінде ауылда қандай да бір ізгі іс басталса, соның басы-қасында жүріп, әндерін айтып, шашуларын шашудан жалыққан емес. Өз қолдарымен тіккен құрақ, сырмақ, текемет, тағы басқа ою-өрнекпен тігілген киіз үй жабдықтарын Біржан ауылдық округіне сыйға тартты.

Алды елуге таяп қалған, жетпістен асқан әжелерге ұзақ та бақытты ғұмыр, қажыр-қайрат тілейміз!

 Нұргүл Медеубаева,

кітапханашы

Зайсан ауданы.

 

Back to top button