Ғибрат

Ер есімін ел жадында қалдырсақ…

Ажал – ақиқат десек те, сол ажалға қимайтын жандар бар. Олар – туған-туысың, жақының, досың. Ал енді бүкіл саналы ғұмырын халқына арнап, әділдіктің ақ жолынан таймай, шындықтың шыңынан түспей өмірден өткен жан болса ше? Ондай қаза қабырғаңды қайыстырып, жүрегіңді қан жылатып кетеді…

Ерікжан Әбдірахманов 1960 жылы 5 наурызда Катонқарағай ауданы Жаңаүлгі ауылында дүниеге келген. Ол 1975 жылы Жаңаүлгі сегізжылдық мектебін, 1977 жылы Өскемендегі Жамбыл атындағы гимназияны бітіреді.

1979-1981 жылдары Ауған жерінде борышын атқарды. 1986 жылы Ресейдің Горький қаласындағы ішкі істер қызметкерлерін даярлайтын оқу орнын бітіріп, Өскемен милициясында тергеуші болды. 1994 жылдан өмірінің соңына дейін кеден саласында қызмет етті.

Ерікжанның әділет майданындағы ерліктерін жазған кеден қызметінің ардагері, полковник Бекен Нұрахметовтің «Менің тағдырымдағы адамдар» кітабынан мына сөздерінен марқұмның сом тұлғасы көз алдымызға келеді: «Біреулер оны Алтайдың тумасы болғандықтан «Кербұғы» десе, енді біреулері «Ауғандық» дейтін. Ал енді қайсар, табанды қалпында қып-қызыл айқастың ішінде жүргенін көрген кезде «Чапай» деп қалатын. Ол шынымен нағыз жауынгер болатын».

Ерікжанның Ауған соғысында шыңдалған қажыр-қайраты, ұзақ жылдар қылмысқа қарсы күрес қызметінде көрген тағылымы, «Майқапшағай» кеденін басқару кезінде жинаған тәжірибесі мол еді. «Қорғас» кеденіндегі еңбегі 2002 жылы үкіметтің алғыс хатымен аталып өтті. II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталады.

Ерікжан Мырзамұханұлы құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін кәсіпкерлікпен шұғылданып, жары Альмираның қасында, балалары Ілияс пен Жаннаның, туғандарының ортасында өмірдің қызығын көре бастаған еді. Бірақ ажалға амал бар ма?

Марқұм кішіпейіл, қарапайым, ибалы, мейірімді еді. Кезінде тіл мен дінге жасалған қыспақты көзбен көрген Ерекең мешітке барып, көппен бірге намазға жығылып, құран аяттарын жаттайтын. Жолдастарынан көмегін аямайтын. Өнер адамдарын өте жақсы көретін. Өзі де ақындыққа бейім болды.

Жаңаүлгі ауылына мектеп салуға облыс әкімінің шешімімен қаржы басқармасының келісімі бойынша қаражат бөлінген болатын.

Бір кездесуде қаржыгер Айтмұханбет Құрманғалиев:

– Әй, Қабылбек, өзің де Жаңаүлгі мектебінде қызмет атқардың ғой. Сол мектептің түлегі, кеден қызметкері Ерікжан Әбдірахманов қаржы басқармасына келіп, маған: «Жаңаүлгі ауылына мектеп салдыруға қандай көмек қажет, болысайын» деді. Осы жағын ойластыршы! – деді.

– Жарайды, қолға алайын, – дедім.

Құрылыс 2005 жылы басталып, 2008 жылы аяқталды. Екі қабатты мектеп заман талабына сай бой көтерді. Ерікжан осы іске ерекше тер төкті. Мектеп ішін әсемдеуге қолғабыс жасап, сынып бөлмелеріне, спорт залына жабдықтар алды.

Ерікжан Әбдірахмановтың атын туған ауылындағы мектепке беріп, ер есімін ел жадында қалдырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл бастамамызды еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген марқұмның әріптестері, достары, ауыл тұрғындары қолдайтыны ақиқат.

Қабылбек Әміренов,

ардагер ұстаз

Өскемен.

 

Back to top button