Өскелең ұрпақ өнеге алар жан
Әңгімемізді соғыс аяқталған жылдары дүниеге келген әкесі Қабден мен шешесі Гүлбаранның жалғыз ұлы Мұрат Әшірбаев туралы өрбітейік. Жалғыздың амандығын Алладан тілеген әке-шешеге Тәңір не берді?
Қалың қара шашты, ажарлы да өткір көзді Мұрат жастайынан өмірге ынталы, жақсылыққа құштар болып өсті. Қасқақ бөлімшесінде бастауыш сыныпты Нүкеш Әубәкіров пен соғыс ардагері Кәдірәлі Салмақбаевтан оқыды. 4-7 сыныпты Қасқақтан жеті шақырым жердегі Киров бөлімшесіндегі жетіжылдық мектептен оқыды. Ол кездегі мұғалімдер Мәлік Нұғыманов, Қайырлы Бітімбаев, Құсайын Таңатаров, Қызбай Мұқанбаев, Жұмаділ Құдабаев, Ғазез Құсайынов, Тоғжан апа, Сәден, Қабимолда ақсақалдар еді. 7-10 сыныпты Ақжар ауылындағы интернатта 1965 жылға дейін оқыды. Сол кезде директор Қыдырбек Біләлов болатын. Оқу озаты бола жүріп, өнерден де өз орнын ала білді. Ол сурет салған, домбыра, мандарин, гармонь, баянда ойнаған өнерпаз, мектеп мақтанышы болды.
Екінші топтағы мүгедек шеше мен әкенің ауыр қалін көріп, сезіп өскен жалғыз ұл екі жыл совхозда түрлі жұмыс істеп, қолғабысын тигізген. Балаға риза ата-ана жалғыз ұлға ерік беріп, тілеуін тілеп жолын ашқан. Жас ұлан білімі мен өнерінің арқасында ел көзіне ерте ілінген. Андреев фермасында клуб меңгерушісі, кітапханашы, Калинин атындағы сегізжылдық мектебінде, Тұғыл кентінің Ш.Уәлиханов атындағы мектебінде физика-математика мұғалімі болды.
Алматы политехникумын, халық шаруашылығы институтының экономика факультетін бітірген білікті маман аудандық атқару комитетінің түрлі бөлімінде басшылық қызметте болды. Кісіге жақсылық жасауды, адамгершіліктен аттамай үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуді мақсат етті.
Тарбағатай ауданының үлкен-кішісі ағаларына үнемі алғыс білдіріп отырады. Себебі, ол – тоғызқұмалаққа баулыған ұстаз. Шәкірттері Болат пен Гүлжан спорт шебері болса, Айбек, Қанат, Азамат, Сержан, тағы басқалары – спорт шеберлігіне үміткерлер. Өзі тоғызқұмалақтан облыстың бас төрешісі, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, тоғызқұмалақтан облыстың алты дүркін чемпионы.
Бүгінде ол – немере-шөбере сүйіп отырған бақытты ата, өскелең ұрпақ өнеге алар жан-жақты тұлға. Жан жары Нұрлан Шүленова екеуінен дүниеге келген бес ұл-қызы түгел жоғары білімді. Олар – дәрігер, құрылысшы, технолог, бухгалтер, экономист мамандар.
Әлібек Нұрмұхамедов,
ардагер ұстаз