Тарих

Ақынға кісен салған сақшы

Ақынға кісен салған сақшы


Осыдан біраз жыл бұрын Алматыдағы Мұқағалидың ескерткішіне бардым. Алатаудың бөктеріне орналасқан әсем шаһарға қанша мәрте жолым түсіп жүрсе де, ақын ағамыздың ескерткішін бір көрудің сәті келмеген екен.

Оң жағына сәл қырындап, тұңғиық ойдың құшағында отырған ақын бейнесі мейлінше еңселі әрі тартымды шыққан екен. Ескерткіштің ашылған кезінде жұрт қарасы мол болса болған шығар. Бұл жолы күн аздап жауын-шашынды болғасын ба, болмаса күнде көріп көздері әбден үйреніп кеткен бе, кім білсін, әйтеуір арлы-берлі өткен жандар бір кездері қазақ поэзиясының көгінде күндей күркіреген ақынды тіпті көздеріне де ілер емес…

Ескерткішке таяп келіп, ақынның тас бейнесіне біраз зер сала қарадым. Мынау жалған дүниеден не күтім көрмей, тым болмаса ер-тоқымы да бүтінделмей кеткен қайран Мұқағали… Неге екенін кім білсін, осылай деп ойлауым мұң екен, көңілім қарадай құлазып, ойыма сұңғыла ақынның:

«…Не жыны бар бақыт мені көргенде,

Кетеді үркіп енді жете бергенде..» – деген өлең жолдары орала кетті. …Иә, Алаштың ай маңдайлы ақынынан үркектеп, қашқақтап өткен бақ кімдердің басына қонып, қай жерде баянды болды дерсің…

Осы сәтте ту сыртымнан әлдекімнің жөткірінгені естілді. Жайлап қарасам, бойшаңдау келген, 70-тің жуан ортасына кеп қалған еңгезердей ер адам екен. Қолында бір шоқ гүлі бар.

«Ақынның туысы немесе көзі тірісіндегі дос-жарандарының бірі болар» – деп ойладым да, бас изеп амандастым. Танымайтын адамы болғасын ба, сәлемімді селқос қабылдады.

Қолындағы гүлін ақын ескерткішіне қойып жатып:

– Жарықтық, өте қарулы адам еді, – деді кімге айтқаны белгісіз. Маңайда екеуімізден басқа тірі жан жоқ. Мен аң-таң болсам да, үндемей қалуды қолайсыз көріп:

– Ағасы, не дедіңіз, кезінде Мұқаңмен күресіп көргенсіз-ау шамасы? – дедім сөзімді әзілге бұра сөйлеп.
Ол мені естімегендей. Қойған гүлдерін түзеп, өзімен-өзі боп жатыр.

Сәлден кейін:

– Иә, күреспесек те алысып, үш-төрт жігіт шамамыз әзер жеткен, – деді жүзін ескерткіштен аудармаған қалпы.
«Алысқаны несі?» – деп елең ете қалдым да:

– Қызық екен, алысқаны қалай, қай жерде, не үшін алысып жүрсіздер? – дедім бейтаныс адамның жұмбақтап айтқан әңгімесіне деген қызығушылығымды жасыра алмай…

– Бұл сонау 70-ші жылдары болған оқиға, – деп бастады әңгімесін бейтаныс ағамыз. – Әскерден келген кезім. Сұр шинелдің буының ыстық-суығы басылмай жатып осы Алматыда милицияға жұмысқа тұрғам. Сержанттық шенім бар. Жұмысымыз тәулік бойы қаланың ана жер, мына жерінде орын алып жататын әртүрлі тәртіпбұзушылық, ұрлық-қарлықтарға байланысты вызовтарға шығамыз.

Бірде, түнгі сағат он бірлердің шамасы-ау деймін, мына «Жетісу» қонақүйінің ресторанынан: – Әлдебір қызып қалған адамдар ресторанды жабайық десек, шықпай жатыр, – деген шағым түсті. Жеделдетіп жетсек, қазақтың екі азаматы. Еңгезердей біреуінің жасы шамамен 40-тың ішінде секілді. Екіншісі одан сәл жастау. Желкелеріне түскен шаштарына қарағанда, ақын ба, суретші ме бірдеңе. Ол кезде шығармашылық адамдарында сондай шаш қою мода болған.
Жай айтқанға көнбейді екеуі. Өздері ресторанға кеш келсе керек, тапсырыс берген арақ-шарап, тамақтарын ішіп түгеспепті. Бірақ ол жердің белгіленген жұмыс графигі бар емес пе. Содан күш қолдануға тура келді. Әлгі жердегі үш-төрт жігіт жабылып жүріп әзер дегенде қолына кісен салып, бөлімшеге алып барған едік…

Мен ол кезде ақын, жазушы дегендерге онша мән де бермейтінмін. Кейін білсем, сол күні бұрап тұрып қолына кісен салған адамым – атақты Мұқағали Мақатаев екен. Сонда көргем, жарықтықтың қарулы екендігін. Бұл жайлы осы күнге дейін бір адамға тіс жармап едім. Саған қалай айтып қойғанымды өзім де аңғармай қалдым…

– Сол қылығыңыз үшін өкініп, кей күндері өзіңізді-өзіңіз кінәламайсыз ба? – дедім, жүзіне барлай қарап.

Жауап беруге асықпады. Партсигарынан асықпай шылым алып тұтатты да, өзімен-өзі боп отырып қалды. Сәлден кейін барып:

– Е-е, оған енді өкіндің не, өкінбедің не, бәрі өтті, кетті емес пе. Жас болдық, мас болдық дегендей… Оның үстіне танымаймын ғой, ол кісіні.

Бірақ бертін келе, сол адамның Мұқағали екендігін білгеннен кейінгі уақыттарда жүрегімнің түкпірінде бір өкініштің сыздап тұратынын сезем… Осы ескерткіш ашылғалы анда-санда басына келіп кетем. Сонда кәдімгідей бір серпіліп, жеңілдеп қалатыным бар, – деп әңгімесін аяқтады, бір кездері ақынның қолына кісен салған сақшы.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button