Айман Станбекова, Қазақстанның еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері: Өнерде де, өмірде де бағы жанған бақытты жанмын
Есімі Семей өңіріне ғана емес, күллі республика жұртшылығына кеңінен таныс өнер адамдарының бірі – Айман Станбекова. Бүгінде зейнет жасына жетсе де Айман апай әлі де сахнаның гүлі. Сәті түсіп, әншімен сұхбаттасқан болатынбыз.
Доғал бидің тікелей ұрпағымын
– Айман апай, үлкен сахнада 40 жыл ән салыпсыз, тегінде ән салу ата тектен қонады деген бар ғой….
– Рас айтасыз, мен заманында Құнанбай бабамыз қадірлеген, «көрмей көсем, сөйлемей шешен» болған әйгілі Доғал бидің тікелей ұрпағымын. Ал анам Әнет бабадан тарайды. Абай ауданы, Саржал ауылында дүниеге келгенмін. Әкем Ұлы Отан соғысына қатысып, екі мәрте Даңқ орденінің иегері атанған адам. Елге аман-есен оралған соң, қарапайым ғана жұмысшы болған. Өнер маған нағашы жұртымнан қонған ба деймін. Өйткені түп нағашым – иісі қазаққа белгілі Берікбай бақсы. Оның қобызда ойнағаны туралы сөз М.Әуезовтің ғылыми жинақтарында кездеседі. Ол кісі адам дертін емдеп жазған аңыз адам болған деседі. Анам Қаршыға сол кісінің жалғыз қызы. Нағашы атам Абайдың өмірден озғанына он жыл толуына арналған кеште Абай әндерінің сазын тартып, қобызда өзінің күйлерін орындаған. Сол үлкен нар қобыз Абай мұражайында әлі сақтаулы тұр.
Бақсының осындағы көзі тірі ұрпағы мен боламын. Анам заманында Абай еліне аты шыққан әнші болыпты. Сегіз жасында Шәкәрім атамның алдында отырып ән салып, Абай әндерін үйренген екен. «Абай атаңның әнін үйреніп ал», – деп отырушы еді дейтін анам. Сол әндерді маған үйреткенде үнемі әуені басқа үнді естуші едім, сөйтсем Шәкәрім атамның әндері екен ғой. Анамнан көптеген халық әндерін үйрендім. 70-ші жылдары шешемнен үйренген Шәкәрімнің «Анамнан алғаш туғанда» әнін сырнаймен өзімді-өзім сүйемелдеп айттым. Демек, менің алғашқы ұстазым – анам…
– Үлкен сахнаға қашан келдіңіз?
– 1976 жылы күзде. Содан ба екен, маған қоңыр күз ерекше ұнайды…
Әміре Қашаубаев атындағы филармонияның табалдырығын аттағанда филармония директоры Мархаба Есболатова құшақ жая қарсы алды. Ол кісі өнер жұлдыздарының өсуіне үлкен қамқорлық жасады. Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Роза Рымбаева осы кісінің ықпалымен «Гүлдер» ансамбліне қабылданған. Сахнаға алғаш рет Семейге арнайы гастрольдік сапармен келген танымал әншілер Ескендір Хасанғалив, Сара Тыныштығұловамен бірге шықтым. Абай елінде болған сапарымызда мені сахнадан үлкен әртістермен көрген жерлестерім: «Біздің бұл Айманымыз, кішкентай күнінде әртіс болам деп айтушы еді, сол арманына жетті» деп ерекше қуанды. Сара Тыныштығұлова апай сол сапарда маған үлкен сахнаның қыр-сырын түсіндірді. Сол сапардан аттай 30 жыл өткенде маған «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағы берілді.
Өнердегі бағым жанды, бақытты жанмын. Өйткені үлкен сахнада ән өнерінің корифейлері М.Ешекеев, Б.Сыбанов, Д.Хайруллин, Б.Үдербаева, С.Сыбанбаевамен әріптес болдым,
Б.Төлегенова апамызбен және қазақ эстрадасындағы замандастарым Р.Рымбаева, Н.Есқалиева, Қ.Байбосынов, М.Абдуллин, «Дос-Мұқасан» тобымен мерекелік концерттерде кездестік. Қазір ортамыз сиреп бара жатыр.
– Біраз жыл Кереку елінде де болдыңыз, өзге жерден бағы биік Баянауыл елі несімен есте қалды?
– Иә, дәм тартса қайда болмайсыз. Ол елдің де жерін жерлеп, суын суладық. 1981 жылдардың басында Павлодарда қазақтың өнерлі жастары аздау болып, қазақ жастарынан эстрадалық ансамбль құрамақ ниетпен Иса Байзақов атындағы филармония басшылығы арнайы шақырды. Кешегі Жаяу-Мұса, Естай, Майра ән салған өлкеде 7 жылдай қызмет еттім, абыройлы болдым. 1985 жыл Жаяу-Мұса атамыздың 150 жылдық мерекесі аталып, Баянауылда Жаяу-Мұса әндерінен алғаш рет республикалық байқау өтті. Олжас Сүлейменов, Кәукен Кенжетаев, Қайрат Байбосынов сынды өнер майталмандары қазылық еткен өнер сайысында бас жүлдені иеленіп, Жаяу-Мұса Байжанов атындағы республикалық байқаудың лауреаты атандым. Бұл менің үлкен өнердегі алғашқы жеңісім еді. Жаяу Мұса атамның сегіз әнін орындайтынмын, соның екеуін осы байқауда шырқадым. Байқау алдағы уақытта жалғасын тапса елімізде елеусіз жүрген көптеген жастарды танытар еді деп ойлаймын.
Жас әншілерге көңілім толмайды
– Бір жылдары музыка колледжінде шәкірт тәрбиелеп, өнерге құштар жастардың қанатын қомдадыңыз, шәкірттеріңіз жайлы сыр шертсеңіз…
– Колледждің хор бөлімінде иллюстратор болдым, яғни ән бөлімінде оқитын таланттарды тәжірибеден өткіздім, сонымен қоса колледждің ұлт аспаптар, үрлемелі аспаптар, симфониялық оркестрлерінде әнші болдым. Колледж қабырғасында анау деген шәкірт тәрбиеледім деп айтпаймын, бірақ менің ақыл-кеңесіммен елімізге танылған әншілер болды. Қазіргі «Астана-опера» театрінің белді әншісі Жұпар Ғабдуллина мені өзінің ұстазы санайды. Колледжде жүргенімде Шығыс өңірлік әскери қолбасшысы Генерал Б.Ертаев мені жұмысқа шақырды. Осындағы өңірлік офицерлер үйінде Б.Ертаевтың басшылығымен үрмелі аспаптар оркестрі, фолкьлорлық ансамбльдер құрылды. Бұл қазақ армиясындағы алғашқы өнер ұжымы болатын. Сонда бас әнші болдым. Алматыда ТМД армиялары арасындағы әскери әндер байуқауы өтіп, сол өнер бәйгесінде бас жүлде алып, лауреат атандым.
– Белгілі музыка мамандары сізді әмбебап әнші және дауысыңыз өзге әншілерден ерекшеленіп тұрады?
– Әмбебап әнші дегенді бірінші рет естуім. Оны музыка мамандарынан сұрау керек шығар. Бәлкім, менің халық аспаптар, симфониялық оркестрде, үрмелі аспаптар оркестрінде, фольклорлық ансамбльдермен айтатынымды меңзеген болар. Иә, менің негізгі жанрым эстрадалық бағытта болғанмен, немен сүйемелдесе де айта берем және жанды дауыста айтамын, әлі де солай. Ал дауысыма келсек өзгелерден өзгеше деуі менің дауысым әйел дауысында сирек кездесетін төменгі дауыс-контральто. Кейбір мамандар «негр» дауысты деп атайды. Музыкант әріптестерім менің партияма келгенде төменгі ноталарды алуда өте қатты қиналады. Қай жылы екені есімде жоқ, композитор Теміржан Базарбаевтың шығармашылық кеші өтіп, мен Теміржан ағаның екі әнін орындадым. Дайындық кезінде Теміржан аға маған қарап «осы сенің дауысың қандай, түсінбедім» деген болатын. Бір күні аға үйге телефон шалып, балаша қуанып, «таптым, таптым» деп сүйінші сұраған. Сондағысы менің дауысымды анықтапты. «Айман, сенің дауысың контральто – латын америкалық дауыс» дегені бар.
Кәсіби композиторлардың әндерін орындаймын
– Кейбір әншілер белгілі бір композиторлармен бірлесе жұмыс істейді. Сіз қандай композиторлардың шығармаларын орындайсыз, репертуарыңызда қанша ән бар?
– Мен көбіне Н.Тілендиев, Ә.Бейсеуов, К.Дүйсекеев, Т.Мұхаметжанов, С.Бәйтереков секілді кәсіби композиторлардың әндерін орындаймын. Ол уақытта әндер Композиторлар одағының арнайы талдауынан өтіп, облыстың өнер ұжымдарына жіберілетін. Әуесқой композиторлардың әндері келмейтін. Осы айтқан композиторлардың әндерін орындағанда авторлар үнемі алғыс айтатын, шығармашылығыма тілеулес болып, баталарын беретін. Нұрғиса Тілендиев гастрольдік сапармен Семейге келгенінде, облыстық радиодан менің орындауымдағы «Жүрегім менің» әнін тыңдап, ән нотасының шетіне қолын қойып, батасын беріп кетіпті.
Ақтау қаласында орталық алаңда концерт беріп жатқан едік. К.Дүйсекеевтің «Сәлем саған туған ел» әнін айтып болғаным сол еді, сахнаға Кеңес ағаның өзі шығып, «қарындасым, облыстағы әншілердің ішінде мына әнді сенің орындағаның көңілімнен шықты» деп маңдайымнан иіскеп ризашылығын білдірген. Кереку жерінде Әсет ағаның «Маралдым» әнін орындап батасын алған едім. Ол кісі тегінде маған аталас туыс болып келеді. Менің ән қоржынымда 120-дан астам ән бар. Одан да көп болуы мүмкін. Бәрі іріктелген әндер. Қазіргі жастар жарты ғасырдан астам эфирден түспеген құдіретті әндердің қадірін кетірді. Өңдеуі дұрыс емес, әннің характері мүлде бұзылған. Өйткені ол әндерді заманауи техниканың арқасында бір сағатта эфирге шығарады. Ал мен осы әндерді кем дегенде бір ай уақыт дайындайтынмын.
– Ұлттық арнаға берген бір сұхбатыңызда қазіргі жас әншілерге көңілім толмайды депсіз…
– Қазіргі жастар өте талантты. Жастарға жасалған мүмкіншілік те мол. Біздің кезімізде ондай мүмкіндік болмады. Ол кезде Алматыда ғана өнерге баулитын бір жоғары оқу орны мен бір колледж бар еді. Қазір жастар әмбебап, әнші, актер, жүргізуші – қандай тамаша. Сөйтсе де көңілім толмайды. Ұлттық өнерді ойыншыққа айналдырып жібергендей. Көпшілігі сахна мәдениетінен жұрдай. Қарапайым жүріп тұруды білмейді. Көп әншілеріміз сахнаға арқасын беріп өлең айтады. Қалай болса солай киініп шығады. Бұл қандай мәдениет? Жансыз дауыспен өлең айту дертке айналды. Көпшілік жастар осындай. Өз басым фонограмма дегенді көп қолданбаймын. Мына менің замандасарым Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева әлі күнге дейін жанды дауыспен айтады. Фонограмма әлемдік тәжірибеде бар. Үлкен алаңдарда, стадиондарда пайдалануға болады. Мәселен, жастарымыз сүйіп тыңдайтын «Формат» тобының әншісі Қайрат Байекенов бауырымыз фонограммамен мүлде өлең айта алмайды екен, қандай тамаша. Болмаса анау Димаш Құдайбергенов баламыз жанды дауыспен айтады екен. Бақытты болсын, айналайындар! Көңілім марқаятын тұстар осы. Ал кемшіліктер көш жүре түзелер деймін.
Сұхбаттасқан – Азамат Қажыбай
Семей қаласы