Аймақтарда экожүйені дамытуға назар аударылды – Сәуле Рахметуллина
Сәуле Рахметуллина, Д.Серікбаев атындағы атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры, басқарма төрағасы:
– Президенттің бүгінгі Жолдауын қатты толқумен тыңдадым. Өйткені еліміздің, аймақтардың, оның ішінде университетіміздің өркендеуі үшін үлкен мәні бар көптеген мәселелер көтерілді. Әсіресе аймақтарда экожүйені дамытуға назар аударылды. Бұл бағытта біздің өңірде экожүйелер құрылып жатқанын айта кеткім келеді. Мысалы, Астана хабының жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, облыста Өскемен хаб құрылған. Инновациялық экожүйелердің құрамдас бөліктерін сөз етсек, оған қаржыландыру да, прототип орталықтарын, цифрлық сыңарлар орталықтарын құру да, кәсіпкерлікті дамыту да кіреді. Биыл бізде облыстың жас кәсіпкерлеріне арналған инкубатор ашылды, IT-хаб жұмыс істейді. Смарт инженеринг орталығы Қостанай агромеханикалық зауыты, УМЗ, Казцинк сияқты кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Аталмыш кәсіпорындар өздерінің инновациялық жобаларын осы орталықта жүзеге асырады. Сонымен қатар экожүйелердің кадрларын даярлауға мән береміз. Біздің университет шетелдік серіктестерімізбен бірлесіп халықаралық оқыту бағдарламасын қолға алды. Қазір жастарымыз технологиялық кәсіпкерлік негіздерін оқып жатыр, дәл осы жастар болашақта өңірімізде экожүйені дамытады деп ойлаймын.