Ағылшындардан кем емеспіз

Өскемен қаласындағы көпсалалы онкология және хирургия орталығында (бұрынғы облыстық онкологиялық диспансер)Ұлыбританияның Манчестер қаласынан келген онкопластикалық хирург, сүт безі обыры хирургиясының клиникалық директоры Абсар Мохаммед Шамин шеберлік сыныбын өткізді.
шетелдік ғалым жергілікті онкологтарға сүт безі обырына шалдыққан қыз-келіншектердің омырауын мүмкіндігінше сақтап қалу операциясының жаңа техникаларын көрсетті.
Жергілікті онкодәрігерлер сүт безінің қатерлі ісігіне ота жасаған кезде органды сақтап қалу әдістерін де, пластикалық хирургияны да бұрыннан меңгерген, тәжірибеде қолданып та жүр.Мамандарымыз білімдерін Израиль мен Францияда, Қазан қаласында жетілдіріп келген. Әсіресе,Қазанның мектебі пластикалық хирургияда ең озық деп саналады.
– Абсар Мохаммед Шамин мырза жасайтын ота біздің онкологтар үшін жаңа әдіс емес. Шетелдік ғалым өзімізде жасалып жүрген операциялардың кейбір жаңа техникалары мен элементтерін үйретеді. Бұл бізге болашақта бір-екі науқасқа ғана емес, барлық пациенттерімізге сапалы қызмет көрсетуімізге мүмкіндік бермек. Әйел адам үшін омырауының сау болуымен қатар, әдемі қалпында сақталуы өте маңызды, – дейді көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сағидуллина.
Бас онкологтың айтуынша, мұндай операциялар негізінен қатерлі ісіктің алғашқы сатыларында тиімдірек.
1998 жылға дейін сүт безі обырына ота жасаған кезде қатерлі ісігі бар омырауды түп-тамырымен сылып алып тастайтын. Тіпті без түйіндерін, кеуденің бұлшық еттерін де қалдырмайтын. Ең маңызды мүшесінен айырылған әйелдер омырау протезін салдыруға мәжбүр болатын. Әсіресе, психологиялық тұрғыдан ауыр тиетін.
Қазіргі таңда сүт безінің қатерлі ісігі бар жері ғана алынып тасталады. Бүгінде онкологиялық қызметті патоморфологиялық зертханасыз көз алдымызға елестету мүмкін емес. Заманауи зертхананың ісіктің қандай түрі екенін, неден пайда болғанын да анықтауға мүмкіндіктері бар. Ем-дом әр пациентке осы зерттеулердің қорытындысына сай, жеке-жеке тағайындалады.
– Біздің орталықта омырауға протез немесе имплант салу сияқты пластикалық оталар жасалған. Бүгінгі операцияда кеселді жерін алып тастаған омырау әйелдің өзінің тіні есебінен қалпына келтіріледі, ешқандай бөгде зат қолданылмайды. Бұл тәжірибе сүт безі обырын емдеу сапасын арттыруға, науқастың жасын ұзартуға септігін тигізеді, – деген пікірімен бөлісті маммология және онкогинекология бөлімінің меңгерушісі Серік Мұхамеджанов.
Біз бір-бірімізден үйренуіміз керек
Ұлыбританиялық докторбір күн бұрын орталықтың жағдайымен танысып шығыпты.
-Маған мекемелеріңіздің медициналық аспаптармен жабдықталуы, әсіресе радиология және сәулелі терапия бөлімі, жаңа компьютерлік томограф ұнады. Мұндай құрал тіпті Англияның барлық емдеу клиникаларында кездесе бермейді. Сіздердің бір топ мамандарыңыз өткен жылы бізге тәжірибе алмасуға келген. Олардың білімдерінің терең әрі теориялық базалары мықты екені аңғарылады.Манчестер мен сіздердегі науқасты емдеу протоколдары да бірдей. Бізде жасалатын барлық манипуляциялар осында да жасалады екен. Біз бір-бірімізден үйренуіміз керек.Ал пациенттерге келер болсақ, олар әлі жас. Сондықтан омырауларының әсем қалпын сақтап қалуға тырысамыз, – дегенАбсар Мохаммед Шамин операцияға кірер алдында.
Шеберлік сынып аясында шетелдік ғалым алғашқы операцияны өзі жасап, орталықтың онколог-хирург-маммологы Инна Чертищева көмекші болса, екінші отаны жерлесіміз өзі жасап шықты. Өткен жылы Манчестер қаласында екі ай білімдерін ұштаған мультидисциплинарлық топтың құрамында Инна Чертищева да болған.
-Екі ота да сәтті аяқталды. Біз«round block» типті онкопластикалық ота жасадық. Тиімділігі – жақсы косметикалық нәтиже береді, – деп түсіндірді Мохаммед Шамин. – Мұндай операция кезінде жарақат аз болады, асқыну болмайды әрі науқас қалпына тез келеді. Органы сақталған пациент психикалық жағынан да тез оңалады.

Скинингтік тексерудің нәтижесі
Облыста сүт безі обыры қатерлі ісікке шалдыққан қыз-келіншектердің арасында бірінші орында, ал барлық онкологиялық дерттердің ішінде екінші орында тұр. Жыл сайын өңірде 300-ден астам әйелде омыраудың қатерлі ісігі анықталады.
-Өткен жылы облыста 264 әйелде омырау безінің жаман дерті анықталса, оның 80 пайызы алғашқы сатысында белгілі болды. Жоғарыда айтқан оталарды дерттің бастапқы сатысында қолдану тиімдірек болатынын ескерсек, бұл пациенттерге көмектесе аламыз. Науқастарды анықтауда жоғары көрсеткіштерге жетуіміздің басты себебі – скринингтік тексерулердің нәтижесі. Бүгін біз бұл мәселеге басқа қырынан қарауымыз керек. Тұрғындарды рак диагнозымен қорқытпай, олардың ақпараттануын кеңейтіп, өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға ықпал етуге тиіспіз, – дейді Гүлмира Сағидуллина. – Скринингтік тексерулердің мақсаты – қайтсек рак ауруын табу емес.Скринингтің мақсаты – адамның ағзасындағы кез келген патологиялық өзгерісті, тіпті қатерсіз ісікті, созылмалы дертті анықтап, ол ертең асқынып, жаман дертке айналып кетпеуін бақылауға алу.
Орталық директоры бұл бағытта алғашқы медициналық-санитарлық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейтіндерін еске салды. Барлық аудандарда маммограф бар. Сол жерде жасалған маммографиялық зерттеулер осы орталыққа келіп түседі. Егер күдікті белгілер табылса, сол адамды бақылауға алып, тереңірек зерттеулер жүргізіледі.Бұл шаралар тұрғындарды сауықтыру үшін жасалып жатқан қадамдар. Алайда скринингтік тексерулер ерікті болғандықтан, халықтың өзі де белсенді болғаны жөн.
Онкохиругтерге робот көмекке келеді
Көпсалалы онкология және хирургия орталығының екі маманы жуықта Италияның Милан қаласында роботталған хирургияны меңгеріп келіпті. Алдағы уақытта Серік Мұхамеджанов пен Хусан Умурзаков мамандандырылған медициналық орталықта (бұрынғы №1 қалалық аурухана) роботтың көмегімен гинекологиялық және урологиялық оталарды жасайтын болады.
– Бұл – екі емдеу мекемесінің бірлескен жобасы. Онкохирургтерімізге әлі симуляциялық бөлімде тәжірибелерін ұштай түсу керек. Облыс әкімі Даниал Ахметов робот қай мекемеде тұрғанына қарамастан, бүкіл халыққа қызмет етуі керек деген болатын. Біз қатерлі ісікке шалдыққандарды роботпен емдеуді бірінші тоқсанда-ақ бастайтын шығармыз, – деп түйіндеді Гүлмира Сағидуллина.
Айна Ескенқызы