«Дидардың» қонағы

Айгүл Қосанова: – Үшінші сыныптан бері ән салып келемін

Айгүл Қосанова: - Үшінші сыныптан бері ән салып келемін

Елімізде дәстүрлі әнді дәріптеумен қатарэстрадада да өзіндік өрнегімен көзге түсіп жүрген әншілеріміз көп емес. Солардың бірі – Айгүл Қосанова. Жақында әншімен сұхбаттасудың сәті түскен-ді.

– Жаратқанның жарылқап бере салған құт мекені – қасиетті ауылдың бесігінде тербеліп өскен дарын иесісіз. Кең тынысты дауысыңызды, шарықтаған әніңізді естіген жазиралы дарқандықты сезінеміз, еркіндікті сезінеміз! Бояуы өзгеше дауыс иесі болуыңызға туып-өскен қасиетті өлкенің әсері баршығар…

– Әрине, кез келген адам үшін өзінің кіндік қаны тамған жерінен артық қасиет жоқ. Сол сияқты, менің де туып-өскен жерім, алғаш дүние есігін ашқан аяулы өлкемнің қай кезде де құны бөлек. 362 әулиесі бар Маңғыстау топырағында дүниеге келгенімді мақтан тұтамын. Әулиелердің мекені болған құтты жерден шыққандықтан, менің бойыма солардың қасиеті де қонған деген сенім де жоқ емес. Және де сол туған жерімнің, ішкен суымның, жұтқан ауамның қасиетінің арқасында бойыма өнер қонды деп есептеймін. Сол қасиетті өлкеден қаншама жыршы-жырау өткен, сол кісілердің шарапатынан, топырағынан жаралғандықтан, маған берілген Алланың кішкентай ғана сыйы деп қабылдаймын.

Ұстазға бай адамның бірімін

– «Өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды» дейді. Дегенмен де, жөн сілтеп, бағыт-бағдат берген ұстаздардың да жөні бөлек қой. Қандай ұстаздардың алдын көрдіңіз?

– Шыны керек мен – ұстазға өте бай адамның бірімін. Ол үшін өзімді бақытты санаймын. «Бұлақ көрсең – көзін аш!» дейді. Кішкентай кезімнен мектеп қабырғасынан бастап ән айтқаным әлі есімде. Нақтырақ айтсам, үшінші сыныптан сахнаға бейімделе бастадым. Кез келген мектеп баласының бірінші болуға ұмтылуы міндетті, шартты нәрсе. Мен де сол сияқты белсенді оқушылардың бірі болдым. Ән айтуға деген қызығушылығымды байқаған алғашқы сынып жетекшім Ақілгек Кемалова. Бүгінде ол кісінің көзі тірі, үнемі алғысымды айтып жүремін. Сол апайымның бір ерекшелігі, оқушыларын әнге, биге, жалпы өнерге біртабан жақындатуға әрдайым тырысып жүретін. Өзімнің туған ауылымда Орын Құлсариев деген ағайым болды. Ол кісі ауыл балалары үшін өнер мектебін ашып еді. Әлі де көзі тірі. Аядай ғана ауылдағы өнерлі балалардың басын қосып, домбыра, қобыз, фортепиано және басқа да аспаптарды алып келді. Бұл қадам біз үшін үлкен мүмкіндік болды. Міне, сондай нағыз өнер десе өзегін жұлып беретін жанашыр ұстаздардың шарапатымен жетілдім. Одан бері қарай Рухия Батыршина дейтін ұстаздан тәлім алдым. Менің бойымдағы орындаушылық ерекшелігімдегі Маңғыстаудың мақамдарын бойыма сіңірген – сол аяулы жан. Одан кейінгі ұстаздардың ұстазы, жалпы қазақтың дәстүрлі әншілерінің атасы, алтынның сарқыншағы Қайрат Байбосынов ағамызды әрдайым ұстазым деп алдымда пір тұтамын. Ол кісіге мықты денсаулық тілеймін. Өнердегі ақылшымыз ретінде арамызда ұзақ жүре берсе екен деген тілегім бар.

Мақпал Жүнісоваға еліктеп өстім

– Айгүл, сіз балалық шағыңызда кім болуды армандадыңыз және қандай әншілердің әндерін тыңдап өстіңіз?

– Шыны керек, бала күнімде әнші болсам екен деп армандамадым. Кез келген бала, мейлі ол дарынды болсын, я болмасын, бірақ кішкентай кезінде балалардың барлығы да ән айтып, әйтеуір, өзінің өнерін мектеп қабырғасында көрсеткенді қалайды. Ең алғаш Ескендір Хасанғалиев ағамыздың «Ақ бидай әнім» деген әнін орындаған болатынмын. Ең кереметі – сол әнді оркестрдің сүйемелдеуімен айтып шықтым. Ал еліктеп өскен әншім – Мақпал Жүнісова. Наурыз мерекесінде ауылдағы кең далаға құрылған сахна мен үшін әлемдегі ең үлкен сахна болып көрінетін. Міне, сол кезде Мақпал апайдың «Тықылдаған таяқтан қорқамын» деген әнін домбыраның сүйемелдеуімен алғаш рет орындағаным есімде. Кішкентай кезімнен жаман адамдарға еліктемеген сияқтымын (күлді).

– Біз сізді қасиетті қара домбыраны қадірлеуімен табысқа жеткен қайталанбас талант иесі деп білеміз. Бірақ эстрадада да бой көрсетуіңізге сазгер Ұлықпан Жолдасовтың әсері тиген екен.

– Ол рас. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқып жүрген кезімде ауылға каникулға барғанмын. Ол уақытта Ұлықпандар ауылда тұратын. Алматыдан ауылға барғанда той-томалақ, концерттерде кездесіп қаламыз ғой. Танысып-білісіп, өнер туралы көп пікірлесетінбіз. Бірде: «Сен эстрада әндерін айтып көрмейсің бе?» деп ұсыныс жасады. Ол кезде мен үшін дәстүрлі әннен артық ешнәрсе болмайтын. Консерватория қабырғасында оқып жүрген кездегі дәстүрлі әнге деген махаббатымның керемет болғаны соншалық, сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Сондықтан болса керек, әуелде Ұлықпанның сөзіне құлақ асқан жоқпын. Жай айтылған әңгіме ретінде ғана қабылданды да, сол күйінде қалды. Қазіргі күнге дейін Ұлықпан күліп: «Сен сол кезден бастап қызу жұмысқа кірісіп кеткеніңде, дәстүрлі әнші емес, таза эстрада әншісі болатын едің» деп қалжыңдап айтады. Дегенмен, ең алғаш ой тастаған Ұлықпан Жолдасов болды. Сонымен қатар, оның біраз әндерін шырқап жүрмін.

Дәстүрлі ән өнерін ешқашан тастамаймын

– Жаңа үнтаспаңыз соңғы рет қашан шықты?

– Біраз уақыт болды. 2015 жылы жаңа үнтаспа шығару ойым бар. Бұл енді уақыттың еншісінде. Әрине, жаңа әндер жазылып жатыр.

– Дәстүрлі әнші ретінде сіздің бағыңызды ашқан әндер жетерлік. Ал эстрадада жарқ етіп шыққан әндеріңіз аз. «Хит ән іздеп көрмеппін» дегеніңізді естіп қалғаным бар еді. Неге олай дедіңіз? Бұған не себеп?

– Біріншіден, мен қаншалықты эстрада жанрындағы әндерді айтсам да, менің жаным да, тәнім де дәстүрлі өнерге бұрып тұрады, дәстүрлі әнші болып қаламын. Дәстүрлі әнші болып халыққа танылғандықтан, мен басыбайлы эстрадаға кетіп, домбырамды тастап кетейін деген ойым жоқ. Сондықтан да маған тілектес, ниеттес болып отыратын барша көрермендеріме үлкен рақмет айта отырып, әрқашанда домбырамды тастамайтынымды тағы да мәлімдегім келеді. Негізі, мен мұны үнемі айтып жүремін. Себебі, барған жерімде өте жиі қойылатын сұрақтың бірі – осы. Күнкөрістің қамымен ара-тұра эстрадаға мойынсұнып қоятыным бар. Бірақ төл өнерді сүйетін тыңдармандарым, мені дәстүрлі орындаушылықтан біржола кетіп қала ма деп қорқақтап жатады. Менің барлығына айтар жауабым: Мен дәстүрлі әншімін! Мойнымда үлкен жауапкершілік бар. мен сол жауапкершілікті түсінемін, сезінемін. Осы атадан балаға мирас болып келе жатқан төл өнерімізді қолымнан келгенше қалыбын бұзбай сақтау, дамыту үлкен адами парызым, міндетім деп есептеймін. Сол жолда аянбай тер төгіп те келемін. Егер мен жеңіл-желпі жолды іздеп, ақшаның соңында кеткен болсам, оқуды бітіре салып, сол жолға түсіп кетуім керек еді. Менің қазір 18 жылдық ұстаздық тәжірибем бар. Оқуды бітіре салып, ұстаз болған адаммын. Сондықтан, ешқандай да қам жемеулеріңізді сұраймын. Төл өнерден сусындаудан жалықпаңыздар! Танымы терең тыңдармандарым барда мен де қол қусырып отырмасым белгілі.

– «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» екені баршаға аян. Қандай шәкірттеріңізбен мақтана аласыз?!

– Әрине, шәкіртпен мақтанбауға болмайды. Өйткені, «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді. Егер сен өзіңді ұстазбын деп есептесең, аузыңды толтырып айтатындай, мақтанатындай шәкіртің болмаса, онда сенің ұстаздығыңның ешқандай да құны жоқ болып қалады. Менің алдымнан өткен шәкірттердің қай-қайсысы болса да еліміздің түкпір-түкпірінде облыстық филармонияның белді-белді әншілері, онымен қоса тек қана сахнаның әншісі емес, олар да шәкірт тәрбиелеп жатқан ұстаздар. Яғни бізге қазір немере шәкірттер келіп жатыр. Міне, осы жағынан қарағанда, құдайға шүкір, бақыттымын деп айта аламын. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде шәкірттеріммен бірлесе отырып атқарып жатқан жауапты істеріміздің бірі – ауыл-аймақтарды аралап жүріп, біз естімеген әндерді іздеп, табылып жатса, нотаға түсіріп жатырмыз. Мұны да төл өнерімізге қосып жатқан бір үлесіміз деп есептеймін.

– Жырау, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов: «Айгүл Қосанова – өнердің өз адамы» деп бағасын берді. Және орынды баға деп есептейміз. Сіздегі өнерге деген тазалықты неден іздесек болады?

– «Адам баласы дүниеге келген кезде Алла Тағала маңдайына қанша ғұмыр сүретінін, қалай өмір кешетінін жазып қояды» дейді үлкендер. Сол сияқты менің де осы жарық дүниенің есігін ашқан кезде маңдайыма қазақтың төл өнерін, соның ішінде дәстүрлі өнерді бағыма бұйыртқан екен. Әсіресе бір аймақтық мектептің әнін аманат қылып мойныма жүктеу – маңдайыма жазылған бақ деп қабылдаймын. Сондықтан да, дәстүрлі әншілердің өнерге деген тазалығы – осы асыл әннің әуенін, сазын бұзбай, өзінен кейінгі ұрпаққа қаншалықты бар, соншалықты таза күйінде жеткізу деп білем. Сондықтан мендегі өнерге деген тазалықты тек әндерімнен және осы текті өнерге деген қосып келе жатқан еңбегімнен іздей аласыз.

Сұхбаттасқан – Мөлдір Жанбаева

Осы айдарда

Back to top button