«Дидардың» қонағы

Айдын АЙЫМБЕТОВ, ұшқыш-ғарышкер: -Жердің қадірін ғарышқа ұшқанда біледі екенсің

Айдын АЙЫМБЕТОВ, ұшқыш-ғарышкер:  -Жердің қадірін ғарышқа ұшқанда біледі екенсің

Аспан әлеміне аттанар алдындағы жөн-жоралғылар. Ғарыштағы қилы қызықтар. Бала шақтағы арман. Сын сағат. Төзім. Қуаныш… Осы және басқа да бастан кешкен қызықты оқиғалар туралы ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы Айдын Айымбетов Өскеменге келгенде өз аузынан жазып алдық.

Ғарыш стансасы Қазақстанды бар-жоғы 2 минутта ұшып өтеді

– Алдымен Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтаймыз. Сіздің жеті қат көкті бағындырған үшінші қазақ атануыңыз тәуелсіздік сыйлаған бақ деп білеміз. Олай болса, үш бірдей перзентін ғарышқа ұшырған Қазақ еліне төл ғарышкерлері не бере алды?
– Рақмет! Мерекемен барша отандастарымды құттықтаймын. Ал «Не бере алдық?» дегенге келсек, біздің ғарышқа ұшуымыздың өзі үлкен жетістік. Бұл – кез келгеннің уысына түсе бермейтін бақыт. Бұл – терең білім, қажырлы еңбек және темірдей төзіммен келетін дүние. Қаншама жылдар бойы тірнектеп жинаған тәжірибенің, шеберліктің жемісі бұл. Оңай болса әлемнің барлық елдері ғарышқа адамдарын ұшыра бермей ме?! Біз сол биік талаптың үдесінен шыға білдік. Аспан әлемінде маңызды ғылыми тапсырмалар орындадық. Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев ағаларымыздың космонавтика саласына сіңірген еңбектерін ел біледі. Ал мен осы кісілер салған жолды жалғастырдым.
– Маңызды тапсырмалар орындадық дедіңіз, ол қандай жұмыс?
– Қазақстанның ғылыми бағдарламасы жиырмаға жуық экспериментті қамтыды. Зерттеулердің негізгі бағыты космостық мониторинг болды. Экологиялық жағдайды, оның ішінде Арал мен Каспий теңіздерінің ахуалын, шаңды дауылдардың көшуін, мұнай өндірудің табиғатқа тигізетін залалдарын бақылау. Бұдан өзге биотехнология, биомедицина салаларында да зерттеулер бар. Осылардың барлығын орындауға он күн берілді. Ең қиынға соққаны, Арал теңізі мен мұнай кен орындарын суретке түсіру болды. Ғарыш стансасының жылдамдығы өте күшті. Қазақстанды бар-жоғы екі минутта ұшып өтеді. Мен Жердегі қажетті нүктені тауып, аппаратымды дәлдегенше станция ол аймақтан шығып кетеді. Халықаралық ғарыш стансасы 92 минутта жерді толық айналып шығады. Сөйтіп сағатымды белгілі уақытқа қойып, күттім. Төртінші рет дегенде ғана керек фотоны түсіріп алдым.
– Иллюминатордан Жерді көргенде, Қазақстанды суретке түсіргенде қандай сезімде болдыңыз?
– Бір сөзбен айтып жеткізу қиын. Оны сезіну керек. Ғарыштан бақылағанда қазақ даласының кеңдігі, сұлулығы мені қатты толқытты. Сол сәтте санама табиғат, тіршіліктің мәні, өмір туралы ойлар келді. Алыстан қарағанда алақанға сыйып кетердей шап-шағын, әлсіз болып көрінген Жерді аялап, қорғаудың орнына адамдар табиғатқа орны толмас зиян шектеріп жатқанымызға қынжылдым. Рас, Жердің қадірін ғарышқа ұшқанда біледі екенсің. Ғарыштан атмосфераға тиіп жатқан зардаптар анық байқалады.

Аспанда да үш мезгіл ас ішіледі

– Ғарышкердің жұмыс күні қалай өтеді? Жалпы, ол жақта қарапайым жұртқа беймәлім қандай қызықтар болады?
– Ол жақта да жердегідей сегіз сағаттық жұмыс кестесі. Кейде бірақ ұшу ұзақтығына байланысты жұмыс уақытының созылып кететіні бар. Сонымен қатар таңғы, түскі және кешкі ас ішіледі.
Асқа қатысты қызықты эксперименттің бірі «Дастархан» деп аталды. Бұл тәжірибе барысында Қазақ тағамтану академиясы әзірлеген ұлттық тағамдарды экипаж мүшелері қабылдады. Академия қызметкерлері соңғы жетістіктер негізінде әзірлеген сұйылтылған түрдегі құрт, ірімшік, қымыз, ет, сорпа сияқты ұлттық тағамдарға шетелдік әріптестерім жоғары баға берді. «Дастархан» бұл нағыз ғылыми жұмыс болды. Салмақсыздық жағдайында тамақ ішкен біртүрлі екен.
Ұйықтаған кезде жатын орынды жіппен байлап қоймаса салмақсыздық жағдайында қалықтап кетіп қалады. Өз басымда мұндай жағдай болды (күледі).
Сондай-ақ, халықаралық станса жоғары технологиялық озық үлгідегі қондырғылармен жабдықталғандықтан жермен байланыс орнатуда еш қиындық туындамайды. Арнайы телефон арқылы жердегілерге қоңырау шалуға, интернетті шарлап, электронды поштамен хат жазуға болады. Қысқасы, мүмкіндіктер көп.
– Халықаралық ғарыш стансасында бірнеше мемлекеттің өкілдері болды. Бір-біріңізбен қай тілде сөйлестіңіздер?
– Негізінен ағылшын және орыс тілдері қолданылады. Орыс экипаж мүшелерімен орысша сөйлестік, ал баршамызға ортақ мәселеде ағылшын тіліне сүйендік.
– Ғарышкерлер ырымшыл келеді дейді. Бұл пікірмен келісесіз бе?
– Солай-ау шамасы. Біздің арамызда әртүрлі жөн-жоралғылар бар. Ең алдымен, біз тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннің туған жеріне барамыз. Соғыс жылдарынан бері тұрған жер үйінің қасында құдық бар, құдықтың суы тастай болып тұрады. Міне, сол құдықтан ұшқыштар міндетті түрде су ішуі керек. Сол секілді аспан әлеміне ұшпай тұрып бірде-бір ғарышкер естелікке қолтаңба бермейді. Есесіне, Байқоңырдағы қонақүй есігіне қолтаңбамызды қалдырамыз. Міндетті түрде «Белое солнце пустыни» фильмін көреміз. Сондай-ақ, ұшу күнін ешқашан 24-ші қазанға белгілемейді. Бұл – қасіретті дата. Осы күні ғарыш саласында бірнеше қайғылы жағдайлар болған.
– Енді ғарыш тақырыбынан сәл ауытқып, отбасыңыз туралы айтып берсеңіз.
– Әйелім Лилия екеуіміз үш баланы тәрбиелеп, өсіріп жатқан жайымыз бар. Тұңғышымыз Әмір – 17 жаста. Астанадағы №53 мектептің 11-сыныбында оқиды. Одан кейін Диана және Даяна деген екі қызым дүниеге келді. Диана – 14 жаста, кенжеміз Даяна екінші сыныпта оқып жүр.

Ұлым Әмір ұшқыш болуды армандайды

– «Әке көрген оқ жонар» дейді қазақ. Ұлыңыздың әке жолын қуатын мақсаты бар ма?
– Неге болмасын, бар ғой. Әмір де мен секілді ұшқыш болуды жастайынан армандап келеді. Қазір сол арманын жүзеге асыру үшін сабағын жақсы оқып, спортпен айналысып жүр. Каратэмен төрт жылдай шұғылданып, бірнеше жарыста жүлдегер атанды. Астанадағы авиамектепке барады.
– Жаңа бір сөзіңізде «мен де бала кезімде ұшқыш болуды армандадым» деп айттыңыз…
– Дәл солай. Біздің тұста ұшқыш немесе ғарышкер болуды армандамаған бала болмаған шығар. Мен де солардың бірі едім. Бірде марқұм әкем екеуіміз шөп шабуға бардық. Күні бойы жұмыс істедік. Түнде далада қондық. Аспан ашық еді ол түні. Самсаған жұлдыздарға қарап жатып кенет қара түнекті тіліп өткен жарықты көрдім. Әкемнен: «Бұл не?» деп сұрадым. Әкем бәрін түсіндіріп айтып берді. Сол сәттен бастап аспан әлеміне, жұлдыздарға деген қызығушылығым оянды. Ғарышкер болу үшін сабақты жақсы оқыдым. Балалық шағымды, жастығымды білім алуға, спортқа арнадым.
– Ғарышқа ұшатын сәтті ұзақ күттіңіз. Қателеспесем, 2009 жылы дағдарысқа байланысты жолыңыз болмады. Әйтсе де сіз табандылық танытып, соңына дейін күтуге бекіндініз. Сын сағатта сыр бермедіңіз, төзімділік байқаттыңыз. Бала кезден аңсаған арманға осынша қиындықпен қол жеткенде қандай күй кештіңіз?
– 2001 жылы ұшқыш-ғарышкер, Қазақстанның Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев ғарышкерлер жасағы жасақталатыны туралы хабарлады. 700-ден астам қазақстандықтың ішінен 65-і медициналық тексеруге қабылданды. Және оның үштен бірі дәрігерлік-сараптамалық комиссияның жолдамасына ие болды. Тексеру нәтижесінде бүкіл қазақстандық үміткерлер арасынан Мұхтар Аймаханов екеуіміз ғана Ю.А. Гагарин атындағы ресейлік ғарышкерлер даярлау орталығында арнайы жаттығудан өтуге жарамды болдық. 2001 жылы мені Қазақстанның ғарышкерлер жасағына қосты. Содан арнайы жаттығулар, емтихандар басталды. 2005 жылы тиісті емтиханды «өте жақсыға» тапсырып, «ғарышкер-сынақшы» квалификациясын алдым. 2005-2009 жылдары ХҒС ұшу бағдарламасы бойынша дайындықты жалғастырдым. Көп жылдар бойғы әзірліктен соң әйтеуір 2009 жылы Қазғарыш пен Роскосмос арасында келісімшарт жасалып, ұшатын күн белгіленген. Өкінішке қарай, дағдарысқа байланысты ғарышқа сапарым кейінге шегерілді. Ең қиын кезең содан кейін басталды. Нағыз төзімділік сынға түскен сәт еді бұл. «Қазғарыштағы» қызметіммен бірге Астанада жас ғарышкерлер мектебінде сабақ бердім. Осылайша күнделікті өмірім жұмыс, үй, отбасы ортасында өткенімен әр сәт сайын ғарышқа ұшу туралы жақсы хабарды күтумен, толқумен жүрдім. Қатты қапаланған кездерім де болды, жасырмаймын. Бірақ үмітімді үзбедім. Шыдап бақтым. Нәтижесін өзіңіз көріп отырсыз…
Елбасымен кездесер алдында қатты қобалжыдым
– Иә, еңбек ақталды. Мақсат орындалды. Елбасы мен еліңіз лайықты сый-құрмет көрсетіп жатыр. Бақытты шығарсыз?
– Әрине! Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының қолынан «Халық қаһарманы», «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» деген атақтарды алдым. «Алтын жұлдыз», «Отан» ордендері кеудеме қонды. Халқым төбесіне көтеріп, жоғары құрмет көрсетіп жатыр. Ризамын.
– Жеті қат аспанға көтерілгенде селт етпеген батыр жүрегі Президентпен кездесер алдында қатты қобалжыған көрінеді. Рас па?
– Рас. Қобалжыдым. Тіпті, айтар сөзімді ұмытып қаламын ба деп қорықтым. Өйткені, менің Елбасымен алғаш кездесуім еді. Алайда Президент қолымды қысып, жылы жүзбен қарап, маған сәт сапар тілегенде жауапты міндет алдындағы ақ батамды алғанымды ұқтым. Ғарыштан оралғаннан кейін де Мемлекет басшысының қабылдауында болдым. Жер шарын 150 рет айналып ұшқан Көк Туымызды әкеліп тапсырдым. Ол кезде де аздап қобалжыдым. Шамасы бұл әлем мойындаған ұлы тұлғаның алдында үлкен жауапкершілікті сезінуім шығар. Өйткені, менің осы сапарымның оңынан болуына Президентіміздің тікелей ықпалы тиді. Жалпы, қазақтың үш ғарышкерінің салмақсыздық дейтін құдіретті өзінде сезінуіне Елбасының қосқан үлесі зор.
– Ғарышқа ұштыңыз. Тапсырманы орындадыңыз. Енді не істемек ойыңыз бар? Болашақ жоспарыңыз қандай?
– Бұйыртса, осы отандық ғарыш саласын дамыту жолында еңбек етіп, өзімнің үлесімді қоссам деген ойым бар. Сол мақсатпен «Қазғарыштағы» жұмысымды ары қарай жалғастырамын.
– Әңгімеңізге рақмет. Қолға алған ісіңізге сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан – Серік Әбілхан

Өмірдерек

Айдын Айымбетов 1972 жылы 27 шілдеде Алматы облысы Өтенай ауылында (бұрынғы Талдықорған облысы, Заря Коммунизм ауылы) өмірге келген. Мектепті 1989 жылы бітірген. 1989-1993 жылдары Армавир жоғары әскери авиация училищесінде оқып, «ұшқыш-инженер» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1993 жылдан еліміздің әскери-әуе күштері қатарында қызмет етті. 2003 жылдан бастап ресейлік ғарышкерлікке үміткер топпен бірге дайындыққа кіріскен. 2015 жылдың 2 қыркүйегінде «Союз ТМА-18М» кемесімен ғарышқа аттанды.
Ұшақтың төрт түрін меңгерген. 470 сағаттан артық уақыт әуеде ұшқан. 360 мәрте парашютпен секірген. Парашютті-денсант даярлау инструкторы, офицер-сүңгуір.

Осы айдарда

Back to top button