Аяз ата үйлерді аралап жүр
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Жаңа жылды қалай қауіпсіз қарсы алу керектігін айтып, жазатайым оқиғалар мен өрттердің алдын алу ережелерін түсіндірді.
Облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов мереке күндері тұрғындар қарапайым қауіпсіздік қағидаларын ұмытып кететінін атап өтті. Мәселен, көп жағдайда электр аспаптары мен гирляндаларды, пештегі тамақты қараусыз қалдырады екен. Айталық, өткен Жаңа жыл мерекесінде өңірімізде 20 өрт тіркелген.
– Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін басқарма мамандары жаңажылдық іс-шараларға тартылған 301 нысанды бақылауға алды. Білім беру мекемелерінде және бұқаралық іс-шаралар жоспарланған орындарда біздің қызметкерлер кезекшілік ететін болады. 11 жедел топ құрылды. Пиротехникалық өнімдерді рұқсатсыз сату деректерін анықтау үшін полицейлердің қатысуымен профилактикалық рейдтер басталды, қазірдің өзінде 14 рейд жүргізілді, – деді ол.
Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Айдын Кәрібаев Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 196-шы және 483-ші баптары бойынша сертификатталмаған өнімді сату үшін жауапкершілік көзделгенін ескертті. Сондай-ақ 436-шы бап бойынша 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған жаңажылдық түннен басқа күндері сағат 23.00-ден кейін отшашу атсаңыз, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалайсыз.
Құтқарушылар отшашуларды сатып алу кезінде олардың сақталу мерзіміне назар аударуды ескертеді. Мерзімі өтсе, мүлдем қолдануға болмайды. Пиротехниканы балаларға беруге қатаң тыйым салынған. Көліктердің жанында да отшашуларды атуға болмайды. 50 метр радиуста өрт қауіпті нысандар болмауы тиіс. Адамдар отшашудың ұшыру алаңынан 15-20 метр қашықтықта тұруы керек.
Шыршаны бөлмеден шығар жаққа қоюға болмайды, тұтанса эвакуация жолы жабылады. Оны жылыту құрылғыларының жанына орнатпаңыз және тек зауытта жасалған гирляндтармен безендіріңіз дейді мамандар.
Сондай-ақ облыс құтқарушылары шығармашылық акция өткізді. Олар Аяз ата киімінде үйлерге барып, тұрғындардың мерекеге дайындығын, қауіпсіздік шараларының қалай сақталғанын көріп қайтты. Пештердің жағдайына мұқият назар аударды, мәселен, биыл Шығыс Қазақстандағы 119 өрт пештен шыққан. «Аяз аталар» бірқатар пештерде жарықшақтардың барын, мұржалардың тазаланбағанын, пеш үстіне киім-кешек кептірілетінін анықтады. Көптеген мұқтаж отбасыларға газ датчиктерін сыйға тартты. «Ақылды» құрылғылар үй ішіне улы газ таралған кезде дабыл қағады. Жыл басынан иіс тиюден 11 адам зардап шегіпті.
Ержан Кеңесұлы