Ауыл шаруашылығы

АЙ МҮЙІЗДІ ТҮЛІКПЕН ТӨР АЛТАЙДЫ ТҮЛЕТТІ

Ауданымыздың беткеұстар саласы болып табылатын марал шаруашылығы бүгінде өркендеп, жыл өткен сайын дамып келеді. Туризмнің қайнаған ортасына айналып отырған көрікті өлкемізге келіп демалатын адамдардың саны да жылдан-жылға көбеюде. Демалушылардың  көпшілігі осындағы пантымен емдеу шипажайларында  маралдың  сорпасына түсіп, денсаулықтарын нығайтып, тұмса табиғаттың құшағында бой жазып  қайтуда. 

ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАСТЫРҒАН АБЗАЛ

     Новополяковка ауылдық округіндегі марал шаруашылықтарының бірі – «Абзал» шаруа қожалығында болып қайттық. Абзал Болатов басқаратын аталмыш қожалық Новополяковкадан Сенное ауылына барар жолдағы тау қойнауында орын тепкен.  Оның  құрылғанына биыл  20 жыл болыпты. Шаруашылықты құрып, бұл маңды маралды мекенге айналдырған Абзалдың әкесі марқұм Болат Көкенайұлы болатын. Әкесінің бастаған ісін лайықты жалғастырып, қожалықтың ендігі тізгінін өз қолына алған жас кәсіпкердің бүгінгі аяқ алысы жаман емес дейді осындағы ел-жұрт.  Қожалыққа  келген бетте бізді  қарсы алған Майра Бұқатаева   Абзалдың анасы болып шықты. Біз  барған күні шаруашылық басшысы   қожалықтың жұмыстарымен Өскеменге кеткен екен. Шаруашылықтың өткені, оның бүгінгі тыныс-тіршілігі, болашақтағы жоспарлары жайлы   бізге Майра  Дәуітханқызы  айтып берді.

-Әуелде   шаруашылығымызда небары 12 марал болған, -дейді  Майра Бұқатаева. -Марқұм жолдасым Болат жастайынан саудамен айналысты. Сонау 90-шы жылдары ол марал мүйізін шетелге өткізумен шұғылданды. Осылайша, кейіннен өзіміз де марал шаруашылығымен айналысуды қолға алдық. Алғашында  бұл жерде бұрынғы марал совхозынан қалған  мүйіз кептіру құрылғысы мен ескі лашық қана бар еді. Сөйтіп, бірте-бірте шаруамызды ретке келтіре бастадық. Маралдарды Катонқарағай өңіріндегі «Берел» совхозынан, кейіннен бұрынғы Самар ауданынан, Ресейдің Алтай аймағынан сатып алдық. Бүгінде  иелігімізде  марал саны 328 басқа жетті. Он екі жыл  бұрын пантымен емдеу шипажайын аштық. Оның алдында марал мүйізін  өткізумен ғана айналысатынбыз. Соңғы бес-алты жылда Үкімет тарапынан берілетін субсидиялар шаруашылығымызға едәуір көмегін тигізіп отыр.

Шаруашылық еншісіндегі негізгі техника түрлері   жаңалануда. Мәселен, қожалықта  МТЗ-982, 952  су жаңа тракторларымен қатар,  бір  Т-40  доңғалақты және шынжыр табанды ДТ тракторлары, «Урал» жүк көлігі, онан бөлек, екі бірлік шөп тайлағыш, роторлық шөп шапқыш, трактор тіркемелері бар. М.Бұқатаеваның айтуынша, соңғы шыққан тракторларды лизингке, қалған жаңа техниканы өз қаржыларына алыпты. Бағалары да айтарлықтай. Қожалық иелігінегі шабындық және жайылымдық жерлердің аумағы да баршылық. Әрине, мүйізді дала тағыларын асырау үшін біраз жердің қажет екендігі түсінікті. Қазіргі күні «Абзал» шаруа қожалығына тиесілі жер көлемі 2000 гектардан асып жатыр. Марал асыраумен қатар, қожалықта жүзден аса  қазақы ақбас тұқымды сиырлар, 20 бас жылқы да бар.

Үш жүзден астам маралды қытымыр қыстың аязында күтіп- бағу үшін шаруашылық бүгінде қажетті дайындық жұмыстарын толық атқарған. Көршілес Бесүй ауылындағы Ерболат Омаров басқаратын «Қаражал» шаруа қожалығынан  А.Болатов  жыл сайын сұлыға, арпа мен бидайға тапсырыс беріп, сатып алады. Мәселен, биылғы қысқа шаруашылық 75 тонна сұлы, арпа мен бидайдан 20 тоннадан алыпты.

-Биыл бізге  800 тонна, яғни 3000 түк шөп қажет. Қазіргі күні соның екі жарымы  дайындалып, шаруашылық маңындағы қора жайларға жеткізілді.  Сондай ақ 500 түк сабан да әкеліп алдық. Бұл істе  механизатор жігіттердің  еңбегі  ерен. Атап айтар болсақ, Виктор Ханин, Александр Шимин, Евгений Горбаткин,  Вячесав Федоров сынды тәжірибелі тракторшылар мен жұмысшыларды айтуға болады. Қожалығымыздағы ірі қараны Анатолий Егоров  інісі Иванмен кезектесе бағады. Жүк көлігінде ұлдарымның екеуі де  шаруашылық жұмыстарын атқара береді. Олар бала кезінен әкелерінің  жанында жүріп,   ауыр жұмысқа шыңдалып өсті. Сондықтан мен басшы, ол жұмысшы деп ұжымнан ажырамайды, ортақ іске біріге жұмылады, -дейді аналары.

 АҚШ ПЕН КОРЕЯДАН ДА КЕЛІПТІ

«Абзал» шаруа қожалығында ашылған пантымен емдеу шипажайында демалуға ниетті жандардың саны жыл сайын артуда. Алғаш ашылған жылдары бес-алты адамнан ғана қабылдай бастаған олар бүгінде бір маусымда 150-200  адамнан қабылдайды. Қазіргі күні демалыс орнында 18 панты ваннасы, екі фитобөшке, одан бөлек, демалушыларға ыстықпен булау қызметі де көрсетіледі. Марал мүйізінің қанын ішіп, сорпасына түсу үшін келетін демалушылар денінің көбі Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Батыс Қазақстаннан, ал биыл тіптен АҚШ пен Кореядан, көршілес Ресей мемлекетінен келіпті. Майра Дәуітханқызының айтуынша, өзіміздің шығыстан баратын демалушылар  саны аз көрінеді.

Шипажай жұмысына барлығы бес-алты адам жұмылдырылған. Демалыс орнында аспаз, даяшы, мүйіз қайнатушы, массаж жасаушы мамандар қызмет етеді. Жалақылары да айтарлықтай. Марал   мүйізін кесіп, оны қайнатушы Алдаберген Тұрғамбаев өз ісін ерекше меңгерген. Ол өзінің саналы ғұмырын осы шаруашылыққа арнаған. Кезінде марал совхозында талай жыл еңбек еткен.   Демалушыларға шипажайда бес қонақ үй салынған. Қазіргі күні мұнда бір мезетте 35 адамға дейін орналаса алады.

-Бір адам бес күндей демалады. Барлығы 10 ванна қабылдайды. Марал сорпасына түсіп, қанын ішу – бұл денсаулыққа пайдалы.  Адамның иммунитетіне тигізетін оң әсерін айтпағанда,  сүйек және тері ауруларын жақсы емдейді. Бір жылдары бізге алпысты алқымдаған бір егде азамат келді. Айтуынша, Израильге дейін барып, ауруына ем іздепті. Шипажайдағы үшінші күні аяғына тұрып кетті. Онан соң, он жыл бойында бізге келіп тұрды, -деп  еске алады  М.Бұқатаева.

Шипажай демалушыларына әр күн сайын үш уақыт 20 грамнан пантогематоген дәрісі беріледі. Жалпы, демалыс орны өз қонақтарын  әр жылдың 1  шілдесінен бастап тамыз айының ортасына дейін қабылдайды. Оған дейін, мамырдың соңынан бастап мүйіз кесу науқаны жүреді. Абзалдың анасының айтуынша, мүйіз қанын  осы өңірдегі «Ақсу  ДЭЕН» ЖШС-не  арнайы тапсырыс бойынша өткізеді. Ал мүйізді қожалық    Сеулдегі тапсырыс беруші орынға  келісілген ортақ баға бойынша  жібереді. Кореялықтармен новополяковкалық шаруашылық серіктестік орнатқандарына бүгінде он жыл болыпты.

БҰҒЫ ТҰҚЫМЫН ЖАҢАЛАМАҚ

Алдағы уақытта «Абзал» шаруа қожалығы бұғылардың санын көбейтіп, қан ауыстыруды мақсат тұтып отыр. Ол үшін олар марал шаруашылықтарымен келісімге отырып, солармен айырбас жүргізбекші. М.Бұқатаеваның айтуынша, қан ауыстырып,  марал тұқымын жаңаламағандарына бес жыл өтіпті. Одан бөлек, қожалық иесінің анасы ұлдарының шаруашылықтағы алдағы қойған жоба-жоспарларына да тоқталды.

-Абзал ендігі кезекте шипажай аумағында демалушылар отыратын қосымша күркелер салуды, демалушыларға жаз мезгілінде киіз үй тұрғызуды ойластыруда. Өзімізде  қаңқасы темірден жасалған  екі киіз үй бар. Соларды шипажай аумағына қойып, ішін салтымыз бойынша  безендіріп, қонақтарды күтуге арнамақпыз. Қонақ үйлердің жанына тағы бір үй салуды, бильярд және  шағын теннис үстелдерін сатып алуды жоспарлап отырмыз. Шаруашылықтың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында  алдағы уақытта «Камаз» жүк көлігін, жүк тиегіщ,  доңғалақты трактор сатып алу да ойымызда бар.  Көздеген жұмыстардың барлығы ұлымыздың қолынан келетініне бек сенемін. Мен, Әлішер, жары, балалары  оған әркез демеу болып, жанында боламыз. Ортақ іске отбасымызбен жұмыламыз, – дейді Майра Бұқатаева.

Тимур Смағұлов

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button