РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Ауылының аяулы келіні

 

Айгүлдің келін болып түскен жері Тасбастау ауылының күнбатыс жағында орналасқан он шақты үйлі шағын бөлімше еді. Біз ес білгелі ол жер Гүрт деп аталады.

Бәйбішесі қайтыс болған  Әбет ақсақал келін түсіріпті деген хабар ауылға  тез тарадыды. Өзі он сегіз-ақ жаста екен, Қазбек деген  ақсақалдың он баласының бірі  екен деп жатты. Шағын ауыл болғандықтан  ба, ауыл бәйбішелері  өте берекелі, тату, ұйымшыл еді. Әбет ақсақалдың келін түсіру тойын өздері шырқ иіріп өткізе салды. Жас келін  сыйлы болып, ауыл тұрғындары бұл келінді кейіннен «Әкім келін» деп атап кетті.

Тоқсаныншы жылдардың бас кезі Президент Жарлығымен ауылда Наурыз мейрамы ұлттық мейрам ретінде атап өтіліп, демалыс күні болып ерекшелене бастаған кез. Ауылда мәдениет саласында қызмет ете бастаған Айгүл Қазбекқызының ұйымдастыруымен Тасбастау ауылының тау жақ беткейіне киіз үйлер тігіліп, Наурыз мейрамын тойлады. Айгүлдің бастамасымен сол шағын ауылдың сегіз бәйбішесіне кимешек-шылауыш, қос етек қазақи көйлек тігіліп, бешпеттерімен киіп шыққанда ауыл жайнап кетті. Алтыбақан құрылып,  наурызкөжені келіншектер пісіріп беріп жатты. Киіз үйдің іші жасақталып, ою-өрнекті түскиіздер құрылып, сырмақтар салынып, қазақы дөңгелек үстелдің үсті бауырсаққа толып, табақ- табақ ет тартылып жатты. Әлі есімде, ауылдың жасы ең үлкені Дәмеш апа жылқы жылын жетектеп  шығарып сап, қазақтың  ұлттық киімін киген  бес-алты жасар Ерзат пен Салтанат қой жетектеп кіргізгені Наурыз мейрамы сайын еске аламыз сол кезді.

Тоқсаныншы жылдардың орта кезі. Ауылда жастар   бас қосатын, әртүрлі шара өткізетін Мәдениет үйі етіп бос тұрған  бір үйді жасақтады. Ауыл адамдары қол ұшын созды. Сол Мәдениет үйінің ашылу салтанаты жаңа жыл мерекесінде  ұйымдастырылды. Шыршасын құрып, әшекейлеп  Аяз ата мен Ақшақарды да дайындап жіберді. Ауыл келіншектері Айгүлдің бастамасына қосылып,  Жаңа жыл  кешіне «Жыл басына таласқан хайуанаттар» ертегісіне он үш келіншек қолдан киім тіккізіп, «Мен жыл басы болам, мен жыл басы болам» деп шуылдап кіріп келгенде, ауылдың кәрі-жасы әбден қарқ болды. Тіпті түйеге дейін бар еді. Сол мерекеде ауылымызда үш дүркін мәжіліс депутаты болған, Зайсан ауданының құрметті азаматы, мектеп директоры  Қайырбек Мұстафаұлы «Жақсы демалыс болды, керемет, керемет, Айгүл, мына хайуанаттарды әркімнің өз  мінез-құлқына сай  бергенсің» деп әзілдеп, ризашылдылығын білдірген еді. Айгүл Қазбекқызы ауылдағы әр жанұяның жай-күйін, шама-шарқын жақсы білгендіктен ауылдағы шілдеханадан бастап, тұсаукесер, тілашар, қыз ұзату, келін түсіру сияқты той- тілеулердің ұлттық салт-дәстүрге сай өтуіне үнемі атсалысып жүреді. 2000 жылдардың бас кезінде қажып, қалжыраған халыққа қал-қадірінше көмек көрсетіп,  Асқар Дүтбаев деген азаматпен бірге той жүргізіп, ауылдастарының ықыласына бөленіп жүрді. Ауылдың бәрін таниды, бірін ата-әже, бірін аға-әпке деп  сыйласып үйренген. Сөзі де, әзіл-қалжыңы да өте жарасымды. Басқа ауыл, ауданнан келгендерге ұнағаны соншалық, той жүргізуге  жиі шақырту алады. Ауылда осындай бір қажыр-қайраты мықты, Алла деген  адамның болғанына  қуаныштымыз. Кейде бір жалғызбасты, бас көтерер ешкімі жоқ адам қайтыс болса да ауыл адамдарының  басын қосып, құран-қатымын ұйымдастырып, тіпті  топырағын   қоршатып та жібереді. Алла разы болсын.

Шілікті ауылының сексен жылдық мерейтойының жақсы өтуіне көп еңбек сіңірді. Қайта қалпына келтірген үлкен мәдениет үйінің сахна шымылдығын кәсіби шеберлер тігуге  миллион теңге сұрағанда, азын-аулақ қаражатқа ауыл тігіншісімен келісіп, тіккізіп, көлбіретіп-желбіретіп келістіріп құрған шымылдық құтты шымылдық болып әлі тұр. Көрген көз қуанып, халық рақметін жаудырып жатты.

Сахнада ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуші, халық әндерін орындаушы, аяулы ана, бүгінде қыз ұзатып, келін түсіріп, он шақты немереге әже болып отырған Айгүл Қазбекқызы «Мәдениет саласының үздігі» медалімен марапатталды. Мәдениет саласында еңбек еткеніне отыз жыл, егемендігімізге де отыз жыл. Ауылдың ұйытқысы болып жүрген Айгүл Қазбекқызының 15 тамызда туған күні. Осы атаулы күнге орай ауыл халқының ризашылығына бөленіп жүрген Айгүлдің отбасына бақыт тілеп, Қыдыр дарысын демекпін.

Бейбітгүл Мұқанбаева, «Алтын алқа» иегері

            Зайсан ауданы.

 

 

Осы айдарда

Back to top button