Ауыл тұрғындарына екі миллион теңгенің қызметі көрсетілді

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің арқасында ауыл тұрғындары үшін медициналық көмекті қаржыландырудың көлемі артты. Облыста тоғыз айда ауыл тұрғындарын стационарларда емдеуде екі млн теңгенің қызметі көрсетілді.
Жалпы республика бойынша 2021 жылы ауыл тұрғындарын стационарлық емдеуге 121 млрд теңге қарастырылған, оның 72,2 млрд теңгесі МӘМС аясында. Тоғыз айдың қорытындысы көрсеткендей ТМККК және МӘМС бойынша ауылдық медициналық ұйымдар көрсеткен стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда көрсетілген қызметтердің құны 88,6 млрд теңгені құрады.
Облысқа қатысты айтар болсақ, облыстық ӘМСҚ филиалы хабарлауыншағ ағымдағы жылдың тоғыз айында ауыл тұрғындарына әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы екі миллионнан астам теңгенің қызметі көрсетілді.
-Ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау үшін медициналық көмектің көлемін жоспарлау кезінде географиялық алыстығы, халықтың тығыздығы, демографиялық көрсеткіштері, жыныс және жас құрамының ерекшеліктері және медициналық көмектің қолжетімділігіне әсер ететін өзге де көрсеткіштер ескеріледі. Бұл ретте бізге жылжымалы медициналық кешендердің үлкен көмегі тиіп отырғанын айта кеткен жөн. Жылжымалы медициналық кешендер – бұл қажетті медициналық жабдықтармен жабдықталған доңғалақты клиникалардың бір түрі болып табылады. Олар аудандық ауруханаларға бекітілген, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсету мақсатында, ауылдық округтерге шығады. Қызметтер арасында ең көбі медициналық кеңес беруге қабылдау болып табылады (қызметтердің жалпы санының шамамен 75%-ы). Сонымен қатар, зертханалық зерттеулер, ЭКГ, ультрадыбыстық зерттеу, рентген қызметтерін де осы санаттан көруге болады, — деп атап өтті ШҚО ӘМСҚ филиалы медициналық қызмет сапасын қадағалау бөлімі басшысы Гүлмира Қонысбаева.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында өңірімізде доңғалақтағы медицина кешендері 214 елді мекенде болып, 33 мыңнан астам адамды қамтып ,152 миллионнан астам теңгеге 74 мың қызмет көрсетті.
Оқырмандарымызға егер сіздердің тұрғылықты жеріңіздегі медициналық көмектің қолжетімділігі жөнінде сұрақтарыңыз болса, облыстық денсаулық сақтау басқармасына жүгіне алатындарыңызды ескерткіміз келеді. Егер мәселені шешу мүмкін болмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өзіңізге ыңғайлы байланыс арнасы арқылы хабарласуға болады: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Telegram-дағы 24/7 Qoldau және SaqtandyryBot мобильді қосымшасы.
Кәмал Естай