Ауыл шаруашылығы

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ АУЫР ЖОЛЫ

Жер аяғы кеңіп, мал өріске шығып,  өңір диқандары егіске жұмылғалы жатыр. Көктем келгелі жайылым мәселесі тағы бас көтерді. Қала маңындағы Степное сияқты су мен өріске зәру болып отырған елді мекендерді айтпағанның өзінде алыстағы ауылдың төрт түлігіне тұяқ басар жайылым жетпей жатыр. «Облыста  тозған жайылымдарды қалпына келтіру және мал өсіретін ауылдықтарды, шаруашылықтарды жермен, өріспен қамтамасыз ету түйткілдері ары қарай шиеленісе берсе,  ауыл шаруашылығымыз қанша жерден әлеуеті мықты болса да артта қала бермек», – дейді облыстағы «Қазақстан фермерлері» қауымдастығының төрағасы Серік Байғалиев.

Мал шаруашылығы өнімінің 60 пайыздан астамын өндіріп отырғандар – жайылым жетпей жүрген осы үй шаруашылықтары, ұсақ мал шаруашылықтары. Ауыл шаруашылығының дамуын саланың материалдық-техникалық базасының артта қалғандығы,  қайта өңдеуші кәсіпорындардың тым аздығы, жемшөптің қымбаттығы, ветеринарлық қауіпсіздік пен мемлекеттік қолдау деңгейінің төмендігі, өндірілген өнімді – ет, сүт және сүт өнімдерін әділ бағамен өткізе алмау тәрізді әлі күнге шешімін таппаған маңызды мәселелер тіптен тежеуде дейді ауыл шаруашылығында еңбек етіп жатқандардың өзі.

Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) сары себеті бойынша ауыл шаруашылығын қолдау деңгейі Беларусьте жалпы өнімнің құнына шаққанда 10,9 пайыз, Ресейде 4,7, Қазақстанда 4,4 пайыздай екен. Ал ДСҰ келісімі бойынша  мемлекеттік қолдаудың шекті деңгейі 8,5 деңгейінде болуы қажет.

  «Ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керек. Соңғы жылы елімізде қуаңшылық болды. Былтырға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион тоннаға кеміді. Бұл шикізатпен және жемшөппен қамтамасыз ету ісіне әсер етті. Болжам бойынша биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін. Үкімет тұқыммен, жемшөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселелерін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауы тиіс».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

  МАМАН МИНИСТРЛІКТЕ ДЕ ЖОҚ

Серік Байғалиев, облыстық «Қазақстан фермерлері» қауымдастығының төрағасы:

– Әсіресе бәрін шешетін кадрдың жетіспеушілігі ауыл шаруашылығындағы басты мәселенің бірі болып келеді. Мысалы, қазір аудандардағы шаруашылықтарда тракторшы, малшы, агроном  жоқтығын былай қойып, осы салаға бас- көз болатын, талдау жасайтын ауыл шаруашылығы басқармасында мамандар жоқ болып қалды. Шаруаның бөлінген субсидияны алу-алмауы, оның алдына ала есебін жүргізу, шаруашылық жерлерін басқарудан бастап ауыл шаруашылығына қатысты қаржылық қолдау, ұйымдастыру, үйлестіру мәселелерінің бәрі білікті мамансыз шешілмейді. Оның бәрін ойындағыдай етіп жасауға шаруалардың білімі, тәжірибесі жетпейді, ал қоңырау шалып, тұқым, гербицид алуға, себуге, субсидияға, басқа да толып жатқан жайттарға қатысты білмегенін сұрайтын, ұқтыратын, талдайтын маман жоқ. Басқармада ғана емес, Ауыл шаруашылығы министрлігінде саланың жайын білетін маман жоқтың қасы. Қысқасын айтсам, ауыл шаруашылығы елдегі ең басым бағыт болып есептелуі тиіс, сонда ғана ауыл, ел, Қазақстан көгереді! Ол үшін алдымен білікті маманы жоқ, басшысы тұрақтамай тұрған Ауыл шаруашылығы министрлігін мығым ету керек. Осы ретте айта кетейін, былтырғы жыл соңында жерлесіміз Асқар Жақыпбаев АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалу комитетінің төрағасы қызметіне барды. Салаға, міне, осындай адамдар қажет.

Субсидияның әлегі, жайылымның жайы, маман тапшылығы – барлығы да ауыл шаруашылығы саласын артқа тартып келе жатыр. Ел экономикасының драйвері деп айтатын салаға маман даярлау әлі күнге жолға қойылмай отыр. Ауыл шаруашылығын тек бағдарлама қабылдап дамыту, науқандық шара жасап дамыту мүмкін емес. Мал мен жердің жайына білетін мамандар ғана саланың қарқынды дамуына сүбелі үлес қоспақ.

 

Келесі аса маңызды мәселе – жердің жетіспейтіндігі. Аудандарды аралағанда шаруалардың алдымен айтатыны – осы. Ауылдарда бос, пайдаланылмай жатқан жерлер бар, бірақ олардың иесі бар, сондықтан ешкімге берілмейді. Бұл нені білдіреді, әкімдіктің жұмыс істемейтінін көрсетеді. Мысалы, Жарма ауданында бір жеке тұлға сегіз жыл бойы 26 мың гектарды иеленіп, әне инвестор келеді, міне пайдалануға беріледі деп, субарендаға беріп қана келеді. Әкімдіктің онымен шаруасы мүлде жоқ. Өзгелерге, шаруашылықтарға жер жетпей жатқанда әкімдік осыншама алқапты бір адамға беріп қойып  қалай қаперсіз отыр?

Үшінші мәселе – кепілдіктің жоқтығы. Ауыл шаруашылығына берілетін несие шарттары жеңілдетілуі керек. Ауылдағы шаруаның кепілдікке қоятын мүлкі бүгінгідей арзанға бағаланбауы қажет. Жерін кепілдікке алмайды, мысалы, ауылдағы ірі кешенді шаруашылық 460 млн. теңге тұрса, банк оны 30 млн деп бағалап, 16 есеге төмендетіп алады. Айталық, проблема тудырып отырған сол жоқ техниканы сатып алып, озық технологияны қолдану үшін, еңбек өнімділігін арттыру үшін оған қаржы керек, ол қаржыны алу үшін несиенің осы шарттарын жеңілдету керек.  Қазақстанда жасалатын техниканың өзі қымбаттап кетті. Қазір трактордың бағасы 12 миллионнан асып кетті, егер инвестсубсидияны алып тастаса, жағдай мүлде қиын болады.

Осыдан тағы сол субсидия мәселесі туады. Былтыр облыста шу болған 4,5 млрд. теңге субсидия, әйтеуір, шаруалардың қолына жетті. Алайда оның төңірегінде түйткілді мәселе әлі көп. Енді елімізде субсидияның бәрін алып тастап, оның орнына  ұзақ мерзімге 3-4 пайыздық арзан несие беру көзделуде. Төмен пайызбен несие беру тиімді болғанымен, инвестсубсидияны алып тастаса, ауыл шаруашылығындағылардың жағдайы тіптен мүшкілденеді.

ШӨП ПЕН ЕТ

Ауыл шаруашылығының сөз етіліп отырған ауыр жолын жеңілдету үшін елімізде ауыл шаруашылығына арналған агробанк құру туралы пікірдің талай мінберде, ауылдарда айтылып келе жатқанына қаншама уақыт болды.

Жуықта Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы көрші елдердегі мамандандырылған қаржы институттары жұмысының оң тәжірибесін мысал ете отырып, агробанк құру мәселесін тағы көтерді.

«Біздің ауыл шаруашылығы өндірушілері Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін Ресей мен Беларусьтің ауыл шаруашылығы өндірушілерімен бәсекелесе алмайды, өйткені бұл елдерде шаруалардың жері мен мүлкін кепілге алып, ұзақ мерзімге арзан несие беретін агробанктер жұмыс істейді. Біздің елімізде мұндай мамандандырылған ауылшаруашылық банкін құру туралы мәселе бірнеше рет көтерілген және ол әлі шешілген жоқ. Шаруалар бұл мәселенің оң шешімін күтуде», – деді депутат Премьер-Министрдің атына сауал жолдап. Шаруалар халықты  баспанамен қамтуға арналған «Отбасы банк» сияқты ауыл шаруашылығындағыларға тиімді, арзан несие бере алатындай агробанк болса дейді.

Облыстағы «Қазақстан фермерлері» қауымдастығының төрағасы Серік Байғалиев шаруалардың, ауылдағылардың ауыр еңбегі еш кетпес үшін, өзін-өзі өркендететіндей қаржысы бар болуы үшін ет бағасын, мал өнімдерінің бағасын оның өзіндік құны ақталатындай етіп көтеру, қымбаттату қажеттігін айтады.

– Техника, қосалқы бөлшектер, жанар-жағармайдың бағасы бірнеше рет, еселеп көтерілді. Алдыңғы жылы бір бума шөп, тюк бес мың болса, қазір 10-12 мыңға жетті. Шөп бағасы осындай, ет бағасы ше?! Ал ет, сүт бағасы пайыздап қана өсіп отыр. Енді фермерлердің өнімдері де қымбат, шыққан шығынға сәйкес болуы керек. Халықтың  әлеуметтік жағынан аз қамсыздандырылған тобына сол азық-түлікті сатып алуға бөлек қаржы қарастыру керек. Сонда халық мал өсіруге, ауыл шаруашылығымен шұғылдануға қызығып, ден қояды. Онда ауыл шаруашылығына субсидияның да керегі жоқ, – дейді төраға.

Иә, субсидия туралы үміт те, күдік те көп. Сыбайластыққа алып келген мұндай субсидияны алып тастаған да дұрыс па дейсің. Басқасы басқа, мемлекет шаруаларға  инвестсубсидияны  бөлудей-ақ бөліп жатыр. Алайда нәтижесі күткендегідей болмауда. «Шығынға ұшырататын бағыт − бұл инвестсубсидиялар, онда құрылысқа, жабдықтар мен техниканы сатып алуға жұмсалатын шығындардың 80 пайызы өтеледі. Мысалы, жайылымдарды суландыруға бес жыл ішінде 21 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінді. Схеманың мәні – облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының лауазымды тұлғалары өздерінің жалған ЖК арқылы су сорғылары үшін арзан, сапасыз күн панельдерін сатып алады. Кейде мүлдем орнатылмайды және жалған деректер бойынша ақша алады.

 

Құдықтарда да дәл сондай − бұрғыланбаған метрлерге құжаттар жасалады. Бұл ретте субсидиялар алуға арналған базадағы өтінімдер фермерлердің атынан олардың цифрлық қолтаңбаларының көмегімен беріледі. Тінту кезінде айыпталушылардың бірінен 500-ге жуық бөтен ЭЦҚ анықталды (көптеген шаруалар білімсіздігінен өздерінің электронды  құжаттарын рәсімдеуді мамандарға тапсырған (авт).

Мұндай алаяқтыққа ықпал ететін факторлардың бірі − ақпараттық жүйедегі кемшіліктер. Бүгінде мұндай төрт жүйе бар – инвестициялық өмірді сақтандыру (ИӨС), субсидиялаудың ақпараттық жүйесі (САЖ), «қолдау» және «Плем.КЗ». Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы қызметкерлері олардың ашықтығына байланысты инсайдерлік ақпаратты жекелеген субсидия алушыларға сатады. Әділетсіз бәсекелестік құрылып жатыр», – деген болатын былтыр облыстардағы ауыл шаруашылығы қызметкерлерін бірінен соң бірін ұстау кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы М.Ахметжанов.

Осылайша, мал басын көбейту немесе мақсатты бағыт бойынша пайдалануда да алаяқтық өршіп кеткен. Анығырақ айтқанда, жоқ малға субсидия берілген жағдайлар орын алған. «Субсидияланған бұқалар» қайта сатылған, союға жіберілген, тіпті кей жағдайда шетелге шығарылған. Сөйтіп, бір малды сатып алу бірнеше рет субсидиялау арқылы жүзеге асырылған.

Өмір сүрудің, денсаулықтың кепілі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сала дамымай, жемқорлық жайлап, ауыл шаруашылығы бүйтіп шиырлап тұра берсе, халық қымбатшылықтың көкесін сонда көреді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button