Автобекет пе, әлде темір жол станциясы ма?
Айна Ескенқызы
Өткен жылдың 11 желтоқсанынан бастап Өскемен-1 – Алматы-2 бағыты бойынша қатынайтын №351/352 пойызының қозғалыс кестесі таңғы 10.40-тан түнгі 03.00-ге ауыстырылғаны белгілі. Бұның өз кезегінде жолаушыларға бірталай қолайсыздықтар туғызғаны сөзсіз. Осы жағдайды зерттеген «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Әділ Пшенов аталған мәселені әлеуметтік желіде көтерген еді.
Өскеменде екі темір жол станциясы бар. Көпшілік солай ойлайды. Басты «Защита» станциясының атауы бірнеше жыл бұрын «Өскемен-1» деп өзгертілген болатын. Осы жерден шыққан пойыз халық арасында «У-Ка вокзал» аталып кеткен Мыза көшесіндегі станцияға да тоқтайды. Бұл жолаушыларға өте қолайлы. Өйткені Ертістің сол жағалауындағы шағын аудандардың, тіпті қала маңындағы ауылдардың тұрғындары шаһардың ана басындағы «Өскемен-1» станциясына сабылмай, қаланың ортасындағы бекеттен отыра салатын.
Айта кететін бір жайт, бірнеше жылдан бері ресми түрде автовокзал аталып кеткен бұл ғимарат жекеменшік тұлғаның иелігінде. Алайда оны «ВК Облтраском» ЖШС жалға алып, автобекет ретінде пайдаланып келеді. Бұл жерден облыс ішінде Шемонайха, Серебрянка қалалары, Бақыршық, Октябрь кенттері бағыттарына автобустар қатынайды. Сонымен қатар Қарағанды, Барнаул, Новосібір қалаларына қосымша рейстер ашылған. Соңғы автобус 19.00-де аттанады.
Аталмыш ғимараттағы билет сататын терезесі бар кішкене бөлмені «ВК Облтраском» ЖШС «Южное жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына пойызға билет сататын касса ретінде жалға береді екен. Болды. Заң жүзінде бұл ғимаратта теміржол станциясына қатысты басқа ештеңе жоқ.
– Құжат бойынша «ВК Облтраском» ЖШС бір терезесі бар бөлмені ғана Алматы мен Алтай қалаларына пойызға билет сату үшін «Южное жолаушылар тасымалы» АҚ-на касса ретінде жалға беріп отыр. Дегенмен кассир бұл жер теміржол станциясы екеніне сенімді, өйткені жолаушылар пойызы бес-он минутқа тоқтайды. Алайда «Қазақстан темір жолы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының серіктестік қожайынымен бұл ғимаратты жалға алғаны және осы жерде жолаушылардың күту залы болатыны туралы келісімшарты жоқ. Демек серіктестіктің иесіне автобустар қатынасы тоқтаған сәттен бастап ғимаратты тарс жауып кетіп қалуына болады. Бірақ көпшілік бұл жерді теміржол станциясы деп қабылдап, «ВК Облтраском» ЖШС басшылығына наразылықтарын білдіреді. Өйткені келісімшарт болмағасын, дәретхана жабық, күту залында жолаушыларға ешқандай жағдай жасалмаған. Ғимараттың тазалығы да сын көтермейді, – дейді осы мәселені зерттеген «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Әділ Пшенов.
Қоғам белсендісінің айтуынша, кестенің өзгеруінен басты зардап шегіп отырғандар – жолаушылар. Өйткені бекетке түн баласында жету де оңай емес. Автобустар түн ортасында қатынамайды, такси жалдасаң, оның бағасы шарықтап кетеді.
– Мен сынақ үшін Әуезов даңғылынан «У-Ка вокзал» бекетіне дейін «Апару» қызметіне тапсырыс беріп көрдім, кешкі сағат тоғызда бағасы 800 теңге болды. Ал түнгі сағат екіде жолақысы 2400 теңгеге дейін көтеріліп кетті, – дейді ол.
Жол азабын тартқандар көп
Қозғалыс кестесі өзгергелі Алматыға жолы түскен жолаушылардың бірі – өскемендік Жұлдыз Ақтанжанова өз әсерін былайша баяндап берді.
– Пойыздың жүру уақытын өзгертіп, түнгі үште қозғалады деген соң, Мыза көшесіндегі вокзалға ертерек жетіп алдым. Адам лық толы. Отыратын жер жоқ. Жолаушылардың барлығы да түннің бір уағында такси таба алмаймыз деп ерте келіп алған сияқты. Бағасының шарықтап кететінін де ескерген болар. Вокзалдың алдыңғы есігі тас жабық. Осы ғимараттағы ең жаңа дүние – осы сыртқы есік қана. Артқы есігінен айналып кіру керек екен. Бұл жақ көктайғақ, құм себілмеген. Менің көзімше орта жастағы бір әйел қарақұсымен сол мұзға гүрс етті. Өтіп бара жатқан адамдар әупірімдеп жүріп, әрең тұрғызып алды. Мен «мүлдем тұрмай қалады, жедел жәрдем шақыру керек шығар» деп қорқып едім. Байғұс әйел әзер қозғалып, ақырын жүріп вокзалға кірді. Кеңес дәуірінен бері ауыстырылмаған есіктері шиқылдап, әрең ашылады, ашу үшін де күш керек. Ол есіктерге де кір-қожалақ қағаздарды желімдеп тастаған. Бөлме іші күңгірт, қараңғы. Жаңағы құлаған кісі отыратын орын іздеп, таппаған соң, қабырғаға сүйеніп тұрғанын көзім шалды. Ескі бір фильмдерде көрсетуші еді ғой соғысқа аттанып бара жатқандарды. Тура сондай көрініс. Дәретхана жабық. Яғни, екі сағат пойыз күтіп отырған мен сияқты жолаушыларға мүлдем жағдай жасалмаған. Күту залы өте тар. Тым болмаса артық бір-екі қатар орындық қойып қоюға болады ғой? Касса терезелері өте лас. Әйнектің арасы неше жылғы тазаланбаған қоқыс. Жолда жолсеріктерден пойыздың кестесі не үшін ауысқанын сұрап едім, біртүрлі жауап алдым. «Өздеріңіз кінәлісіздер, Алматыға ең соңғы келетін пойыз осы деп, уақытын өзгертуді шулап сұрадыңыздар емес пе?!» дегенде не дерімді білмедім, – дейді Жұлдыз Ақтанжанова.
«Өскемен-1» станциясынан аттанған тағы бір жолаушымыз былай дейді.
– Қаланың ортасындағы бекетке тоқтамай кете ме деп қорықтым да, «Өскемен-1» станциясына бара салдым. Бұл жерде де кісі ығы-жығы. Пойызға отырған соң таңғы беске дейін жолаушылар әбден орналасқанша у-шу басылған жоқ. Енді көзім ілініп бара жатыр еді, Шарға келіппіз. Бұл жерде де жолаушылар, оларды шығарып салушылар даңғырлап сөйлеп, тағы мазамызды алды. Өте ыңғайсыз кесте, кім ойлап тапса да. Алматыға таңғы сағат алты жарымда жеттік. Қыста әлі қараңғы, таксидің бағасы ұшып тұр. Шығарып салушыларға да, тосып алатындарға да қолайсыздық тудырады, – деп бөлісті Сейітжан есімді жолаушы.
Пойыз қазір Қасым Қайсенов кентіне, Айыртау ауылына екі минуттай аялдауы керек. Бұл елді мекендерде аялдама салынған. Алайда ауыл тұрғындары тоқтамай кете ме деп, бірден облыс орталығынан аттанғанды әдетке айналдырған.
– Жолсеріктерде қай станциядан жолаушы отыратыны туралы ақпарат бар. Бірақ тоқтаған күннің өзінде де, олар билет сатылған вагонның ғана есігін ашады. Ал жолаушы өзіне керек вагонның перронның қай жеріне тоқтайтынын шамалай алмауы мүмкін. Айналдырған екі минуттың ішінде ол өз вагонына жетіп үлгере ме, жоқ па? Сондықтан қалаға барған тиімді, – деп қосты жолаушы.
Ғимаратты жауып, кетіп қалуға ұятым жібермейді
Бізбен тілдескен «ВК Облтраском» ЖШС директоры Мария Лисовская жолаушылар тарапынан айтылған көп сынмен келіспеді. Керісінше, өздеріне ыңғайсыздығына қарамастан жолаушылардың жағдайын жасауға барынша тырысып жүр.
– Кестенің түнгі мезгілге ауыстырылғаны қарапайым халыққа өте ауыр тигенін түсінеміз. Түн уақытында такси бағасы жоғары болғандықтан, көпшілігі кешкі оннан бастап келіп алады. Соны ескеріп, менің екі буфетші қызметкерім де түнгі ауысымға қалуға келісті. Оларға түнгі үштен кейін үйлеріне қайту да оңай емес, екеуі бір көлік жалдай алмайды, қаланың екі басында тұрады. Орындық саны аз екенін көріп, тіпті өздері дем алатын диванды да, отыратын орындықтарын да залға шығарып қойды. Дәретхананың кілті соларда, ол туралы хабарландыру ілініп тұр. Есігін құлыптамай, бос қойып көрдік. Алғашқы екі күнде оның ішін адам көргісіз былғап тастаған соң, кілттеуге мәжбүр болдық. Біздің соңғы рейстік автобусымыз кешкі жетіде аттанады. Содан кейін ғимаратты жауып, кетіп қалуға менің ұятым жібермейді. Керемет қолайлы жағдай болмаса да, халық аязда тоңбай, бөлменің ішінде отырса да, оларға сеп қой деп ойлаймын, – деп түсіндірді Мария Васильевна.
Мария Лисовская ғимарат иесі ақпан айынан бастап оны сатпақ ойы барын айтты. Келесі қожайыны оны жеке мақсатына пайдалана ма, жоқ тағы жалға бере ме, ол жағы да әзірге күңгірт екен.
Ғимаратпен барлығы түсінікті болды, алайда теміржолдарды, перрон мен маңайын көк мұздан тазалап, жолаушыларға қауіпсіздік шараларын жасау «Қазақстан темір жолының» міндеті емес пе? Біз «Өскемен-1» станциясының бастығы Елена Ларионовамен хабарласып, қалыптасқан жағдайға түсініктеме беруді сұраған едік.
– Қозғалыс кестесінің не себепті өзгергенін мен айта алмаймын, бұл менің құзырымдағы мәселе емес. Менің жауап беретін аумағым – «Өскемен-1» станциясы. Мыза көшесіндегі бекеттің жағдайына да жауап бермеймін. Алайда перронға келсек, теміржолдар мен перрон біздің иелігімізде. Ол жердегі перрон мен баспалдақтардың мұзын тазалау, құм себу біздің міндетімізге кіреді. Оған арнайы штат қарастырылған. Қар жауғанда барып тазалап тұрады, – деді Елена Васильевна. Дәл қазір мұздың сіресіп қатып қалғанына, адамдардың тайып жығылып жатқанына сенбеді ме, оған жауап берген де жоқ. Мария Лисовская бірде жолаушы ретінде келген бір депутаттың айғайынан кейін бас станциядан бірнеше жұмысшы келіп, мұзды ойып, біраз жұмыс жасап кеткендерін еске алды.
Елена Ларионова кестенің өзгергеніне қарамастан жолаушылар легі азаймағанын айтқан еді. Ол түсінікті де. Өйткені Өскеменнен Алматыға баратын жалғыз қолжетімді көлік түрі осы отарба болып тұр. Ұшақ билеті қымбат, екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Ал қыс кезінде алыс жолға өз көлігімен шығу қауіпті. «Индрайвер» қызметінің бағасы да сол пойыз билетінің ар жақ-бер жағы болғанымен, қыста таксимен жолға шығуға жүрегі дауалайтындар шамалы. Оның үстіне қаңтар айы басталғалы ауа райының бұзылуына байланысты облыс орталығынан барлық бағыттарға жол жабық болды. Жаңа кесте маусым айының біріне дейін жарамды екен. Ендеше облыс тұрғындарына жаз шыққанша қолдан жасалған қолайсыздыққа төзуге тура келеді.
Біз «Қазақстан темір жолы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ресми сайтында осы мақалада көтерілген мәселелерге қатысты сауал қалдырған едік. Әзірге жауап болмады. Бұл тақырыпқа тағы да айналып соғамыз.