Инфрақұрылым

Ауызсумен қамту жалғасады

Азамат Темірбеков

Ұлан ауданының алты ауылына блоктымодульді су тазарту станциялары орнатылады. Бұл туралы аудан басшысы Ренат Құрмамбаев аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

Оның айтуынша, бүгінгі күні аудан аумағындағы ауылдарда ауызсу жүйелері құрылыстарын бастау және күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары мықтап қолға алынған. Осы арқылы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған елді мекендер үлесін  90 пайызға жеткізу көзделуде.

– Сағыр ауылында су құбырларының құрылысы жалғасуда. Келісімшарт бойынша құны 920,6 млн. теңгені құраса, бүгінде оның 832,8 млн. теңгесі игеріліп, құрылыс-монтаждау жұмыстары 85 пайызға орындалды. Аяқталуы ағымдағы жылдың қараша айына жоспарланып отыр. Сонымен қатар Пролетарка ауылында су құбыры желілерінің құрылысы басталды. Қазіргі уақытта атқарылған жұмыстары 25 пайызды құрайтын жоба құрылысының аяқталуы келесі жыл деп белгіленген. Ізғұтты Айтықов, Жоғары Тайынты ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысы бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде, – деді Ренат Құрмамбаев.

Бұдан басқа, Огневка, Украинка, Баяш Өтепов, Алғабас, Бестерек, Макеевка сынды алты ауылда блокты-модульді су тазарту станцияларын орнату жоспарланған. Су құбырлары құрылысы мен су тазартатын блокты-модульді станциялар салынған соң жергілікті халықтың орталықтандырылған ауызсумен жабдықталу деңгейі 75,2 пайыздан 86,3 пайызға дейін ұлғаяды деп көзделуде.

– Сонымен қатар Қасым Қайсенов кентінің оңтүстік-шығыс ауданында магистральды су бұру желілерінің құрылысы басталды. Мұндағы жұмыс 15 пайызға орындалды. Қасым Қайсенов кентіндегі КСС-4-тен бастап қолданыстағы тазарту құрылыстарына дейін кәріз коллекторының құрылысын аяқтауға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ Қасым Қайсенов кентінің оңтүстік-шығыс ауданында магистральды жылу желілерін салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүргізілуде, – деді аудан әкімі.

Осы айдарда

Back to top button