Өзекті

Ауызсуға бөлінген қаржыны тиімді игере алдық па?

Аймақтағы ауылдарды ауызсумен қамтамасыз етуге бөлінген қаражатты қаншалықты тиімді игере алдық? Қазынадан бөлінген миллиондаған қаржы діттеген жеріне жетіп жатыр ма? Жетіп жатса, жұрт неге ауызсуға зармыз деп арыз айтады?

Бүгінгі күнде аса өзекті болып отырған бұл мәселе «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының  партиялық бақылау комиссиясының мәжілісінде қаралды. Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері алдымен Алтай, Катонқарағай және Глубокое аудандарындағы жағдайды тексеріп шығуды ұйғарған екен.

Соған орай күн тәртібінде аталған аудандардағы жергілікті атқарушы органдардың халықты ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаларды іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын мақсатты, тиімді және ұқыпты пайдалану жауапкершілігі туралы мәселе қаралды. Партиялық бақылау комиссиясының отырысына үш аудандағы аудан әкімінің құрылысқа жауапты орынбасарлары мен партияның қалалық және аудандық филиалдарындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағалары да қатысты.

Аталмыш мәселеге қатысты облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Серік Мамаев ақпарат берді. Оның айтуынша, облыста ауызсумен қамтамасыз ету бағдарламаларын жүзеге асыру аясында департамент жүргізген тексерулердің нәтижесінде 7 млрд, 818 млн. теңгенің заңбұзушылықтары анықталған. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар 705 млн. теңгені құраған.

Үш ауданда да ауызсумен қамтамасыз ету нысандарын салу барысында бірқатар бұзушылықтарға жол берілген. Алдымен Глубокое ауданына тоқталар болсақ, ауданда 87 млн. теңгенің қаржылық бұзушылықтары үш нысан бойынша анықталған. Олар Тарханка мен Уварово ауылындағы сумен қамту нысандарының құрылысы және Алтай кентіндегі тазалау құрылыстары мен кәрізді қайта құру жобасы.

Алтай ауданында 453 млн. теңгенің заңбұзушылықтары анықталған. Оның ішінде Алтай қаласының су жеткізу желісін қайта жаңғырту (297 млн.), қаланың батыс бөлігінің су жеткізу желісін қайта жаңғырту (129 млн.), қаланың сорғы станциясының жабдықтарын ауыстыру (67 млн. теңге), №1 және №2 өзін-өзі басқару комитеттері (10 млн.) және Серебрянка қаласындағы жылу қазандығын ауыстыру (87) жобалары бар.

Ал Катонқарағай ауданында 417 мың теңгенің бұзушылықтары тіркеліпті. Олар Новополяковка және Солдатово ауылдарының сумен қамту жүйесін қайта құру жобаларына қатысты. Бірінші нысан бойынша атқарылған жұмыс көлемі ЖСҚ-ға кірмеген болса, екіншісінде нысан аумағына ағаш егілмегендіктен, мердігер 249 мың теңгені бюджетке кері қайтарған.

Департамент басшысының айтуынша, анықталған бұзушылықтардың барлығы да орындалған жұмыстар көлемінің актісіне қатысты. Нысанға жауапты тұлғалар орындалған жұмыс көлемін тексерместен, көп ретте жалған құжаттарға қол қоя берген. Яғни, қағаздағы орындалған жұмыс көлемі мен шын мәнінде орындалған жұмыстар еш сәйкес келмейді. Кей нысандар бойынша жұмыс орындалмай тұрып, қаржысы алдын ала аударылып кеткен. Оны аудандардағы бағдарламалар әкімшілері нысанға құрал-жабдық, қажетті сорғылар алу үшін, нысанды тез аяқтау үшін аудардық деп ақталған. Кейбір нысандарда жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілмеген артық жұмыс көлемі пайда болған.

Сондай-ақ өңірде белгіленген уақытында өткізілген нысандар жоқтың қасы деуге болады. Бәрі де мерзімінен кешігіп жатады. Сәйкесінше, материалдардың барлығы да құқық қорғау органдарына жолданған, қазір прокуратура, экономикалық тергеу қызметтері айналысуда. Егер лауазымды тұлғалардың кінәсі анықталатын болса, олармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы орган шұғылданатын болмақ.

Осыған қатысты жиында көтерілген тағы бір мәселе – қазіргі уақытта өңірде техникалық қадағалаушылардың жетіспеушілігі. Осының кесірінен нысандардағы жұмыстың сапасы сын көтермейді.

– Мәселен, облыстағы Кәрібаев деген техникалық қадағалаушы бір өзі 12 нысанды алып алған, Назаров пен Тайымов дегендерде 11 нысаннан тіркелген. Олардың бәрі іс жүзінде бір уақытта нысандарды қадағалап үлгермейді ғой. Былайша айтқанда, нысанның құрылысын техникалық қадағалау сөз жүзінде, қағаз жүзінде ғана жүріп жатыр. Сондықтан олардың да жауапкершілігін қарау керек. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алуларға да жыл сайын сол бір компаниялар ғана қатысады, олар мүмкіндігінше көп көлем алуға тырысады. Артынан нысанды уақтылы өткізе алмай, жұмыстың бәрін қосалқы мердігерге жүктейді. Ал ондағы аз ақшаға жұмыс істейтіндердің бәрі Өзбекстаннан, Қырғызстаннан келген жалдамалы жұмысшылар. Сонда нысан құрылысының сапасы не болмақ, – деді Серік Мамаев.

Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Олег Чернышовтың айтуынша, бұл мәселелер жыл сайын  қаралады, талқыланады. Яғни, қателіктерге де жыл сайын жүйелі түрде жол беріліп келеді. Сондықтан Үкіметтік деңгейде тиісті ұсыныстар жолдайтын уақыт әлдеқашан жеткен.

Комиссия мүшелерінің сауалдарына жауап берген жоғарыдағы аудандар өкілдерінің бәрі де орын алған кемшіліктер жойылатындығын, нысандар уақтылы іске қосылатындығын жеткізді.

– Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мәліметіне көз жүгіртсек, облыстағы әрбір екінші нысанда кемшілік бар. Мәселен, мердігерге сорғы сатып алу үшін алдын ала қомақты соманы аудардық деген не сөз. Екі тарап арасындағы келісім бойынша мердігер жобада көрсетілген барлық жұмысты өзі атқарып шығу керек. Сорғыны да өзі тауып, сатып әкеліп, орнатуы тиіс. Өйткені ол мемлекеттік сатып алуға мен бұл жұмысты істей аламын деп түсіп отыр. Тек орындалған жұмыстар көлемі толық тексерілген соң ғана мердігердің есепшотына қаржы аударылуы тиіс. Ал сіздер осыны біле тұра, келісімде нақты жазылғанын көре тұра, бұзушылыққа жол бересіздер, бітпеген жұмысты бітті деп қол қоясыздар, бұл дұрыс емес. Мұның артында заң алдындағы жауапкершілік тұр, – деді жиында облыстық филиалдағы партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Таумұрат Лұқпанов.

Оған мысал ретінде осыған дейін қоғамда үлкен резонанс тудырған Семей қаласы мен Аягөз ауданындағы ауызсумен қамту нысандарына тоқталды. Бүгінде олар бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Жиын барысында партияның қалалық және аудандық филиалдарының, ондағы партиялық бақылау комиссияларының жұмысын ширату керектігі де жан-жақты айтылды. Себебі, ауданда орын алған кемшіліктер мен бұзушылықтарды ең алдымен солар көре біліп, қоғамның назарын мәселеге аударуы тиіс. Ал бізде бәрі керісінше болып жатады. Комиссия мүшелері бұл мәселе алдағы уақытта да партияның назарында болатындығын жеткізді.

Дәурен Аллабергенұлы

 

Осы айдарда

Back to top button