Ауызбіршіліктің арқасы
Тұңғыш Президент күні мерекесінде тұрғындары ұйымшылдығымен ерекшеленіп тұратын Құмкөл ауылында игілікті істің куәсі болдық. Осы ауылдың байырғы тұрғыны, жалғызбасты әрі тұрмысы төмен отбасы санатына жататын, оның үстіне мүмкіндігі шектеулі туған әпкесі Алқадишаны күтіп-бағып отырған Жаңыл Ілбісінова жаңа баспанаға қол жеткізді.
Осы күнге дейін Жаңыл іргесі 1956 жылы қаланған ескі, тұрмысқа қолайсыз үйде тұрып келген болатын. Оның осындай тұрмыстық ауыртпашылығына ауылдастары бейжай қарамады. Жергілікті әкімнің ұйымдастыруымен ауылдық округтің шаруа қожалықтары, Жаңылдың сыныптас-достары, Сасан би атындағы орта мектептің әр жылғы түлектері мен ауыл жастары қайырымдылық қорына қаражат жинап, аз ғана уақыттың ішінде жаңадан үй тұрғызып берді. Іші-сыртына түгелдей еурожөндеу жасалған үйдің ашылу салтанатына қатысқан Тарбағатай аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мирас Дәуренбекұлы Жаңыл Ілбісінованы Тұңғыш Президент күнімен қатар келген қоныстойымен құттықтай отырып, «Туған жерге – тағзым» жобасы аясында баспана құрылысына атсалысқан бірқатар азаматты аудан әкімі Асхат Смаиловтың Алғыс хатымен марапаттады. Сонымен қатар кәсіпкерлер атынан Серік Мұқышев, ауыл тұрғындары атынан Сайлаубек Қайырбеков сияқты бірқатар азамат жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Құмкөл ауылының тұрғыны Арман Оразкәрімов:
– Барша ауылдастарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын! Үй құрылысын күз айында бастаған едік. Күзгі жиын-терін науқанына қарамастан, ауылдың үлкен-кішісі уақыт тауып, баспана құрылысына өз үлесін қосты. Соның нәтижесінде бүгін Жаңыл Ілбісінованың қоныстойының куәсі болып жатырмыз. Алыс-жақындағы демеуші болған барша азаматқа ауыл тұрғындары атынан алғыс білдіреміз, – деді.
«Көп түкірсе көл болады, көп біріксе ел болады» дегендей Құмкөл ауылындағы игілікті іс мұнымен тоқталмады. Сасан би атындағы орта мектепті 1995 жылы бітірген түлектер 25 жылдықтарына орай көпбалалы Мүбәраковтар отбасына кең сарайдай бес бөлмелі баспананы сатып әперді. Осы ауылдағы, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Семей, Алматы және Талдықорған қалаларында тұратын сыныптас достарының қаржылай көмегіне разы болған отағасы Болат Мүбәраков III топтағы мүгедек. Ал оның жолдасы Кенжегүл болса, алты бала тәрбиелеп отырған «Күміс алқа» иегері.
- 1995 жылғы мектеп бітірушілерге алғысымыз шексіз, игі шаралар жалғасын таба берсін! – дейді жергілікті тұрғындар.
Ерлан Бапанов
Тарбағатай ауданы.